Аймақтар • 29 Қаңтар, 2019

Маңғыстауда студент жастарға жайлы жағдай жасалады

1174 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жатақхана – студенттер үшін маңызды мәселе. Ақтау қаласында да әртүрлі оқу орындарына, әсіресе колледждерге келіп студент атанған жастардың бірнеше жылдан бері шешімін таппай, күрделі жайтқа айналған түйткілінің бірі де осы болатын. Ақтау қаласындағы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті кампусының салынуы − өңірдің жоғары білім беру саласындағы үлкен жаңалық болды.

Маңғыстауда студент жастарға жайлы жағдай жасалады

Қаланың көрікті нысан­дары­ның бірі ретінде бой көтерген ғи­марат маңында студенттерге арналған спорт кешені, сон­дай-ақ жатақхана бар. Одан бөлек қаланың басқа шағын аудан­дар­ында орналасқан қос жатақ­ханада университет студент­терімен бірге қызметкерлер де мекен еткен. Ал колледж сту­денттерінің аталған университет студенттеріне қызыққаннан бас­қа амалы жоқ болатын. 

Бағасы ұшынып тұрған пәтер жалдауды екінің бірінің қалтасы көтере бермейтін болғандықтан, тығырыққа тіреліп абдыраған ата-ана мен дағдарған студент жастарды көріп жүрміз. Ауылдан келіп, қаланың көшпендісіне ай­налған балалардың басын сұғар жайлы жатағы жоқ, яғни сабағының да сәні болмасы анық. Бұл соңғы жылдары пайда болған жағдай емес, керісінше жылдар бойына қордаланған, бірнеше буын түлектерді тентіреткен, ше­шімі мемлекеттік деңгейде қолға алынбаса, оңайлықпен оң нәтиже бере қоймайтын мәселеге айналған болатын.

Мемлекет басшысының бес әлеу­меттік бастамасы бұл жағ­дайға қозғау сал­ды. Еліміздің түк­пір-түкпірінде жатақ­х­анамен қамту мәселесі қолға алынып, жас­тардың жағдайына қан жүгірді. Бас­таманың Жастар жылымен жалғасуы да көңілге көп үміт ұялатады. 

Ақтау қаласында Маңғыстау Өнер колледжінің ашылғанына жиырма жылға жуықтап қалды. Өлкедегі өнерге құштар ұландарды жиып, сан түрлі мамандық бойынша үлкен әлемге қанаттандырып жүрген оқу ордасының жетістіктері жетерлік, түлектері де осал емес. Әр жылдары түлеп ұшқандардың арасынан бүгінде республикаға танымал бірқатар өнер жұлдызын атап айтуға болады. Колледж ашылғалы бері Маңғыстаудың алыс аудандары мен еліміздің өзге өңірлерінен келіп оқитын студенттердің музыкалық аспаптары мен жүктерін арқалап, жатақхана таба алмай жүруі көз үйренген көрініске айналған. Ақтаудағы өзге колледждердің жатақханаларына жәутеңдеп, орын өздерінен ауысса ғана табалдырығынан жасқана аттағанын бүгінде атпал азамат болып, еңбек етіп жүргендері жыр етіп айтып отырады. Ол жатақханалардағы тұрмыстық жағдайдың мәз емес екендігі тағы бар...

Жылдар бойы жатақхана жайы жыр болған Маңғыстау Өнер колледжін жақсы жаңалық күтіп тұр. Елбасының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Ақтау қаласы 3 «б» шағын ауданынан жеке кәсіпкер Ш.Гусейновтың көмегімен 250 орындық жатақхана ашылып, студенттер игілігіне ұсынылмақ. 1993 жылы іргетасы қаланған ғимарат үш қабатты, аумағы − 1956,6 шаршы метр. Заманауи жиһаздармен жабдықталған әр бөлме 2 және 6 адамға арналған. Әр қабатта барлық қажеттіліктермен жабдықталған асхана, сондай-ақ жуынатын бөлмелер қарастырылған. Бірінші қабатта студенттер үшін демалыс бөлмесі, оқу залы, кір жуатын бөлме мен киім үтіктеу бөлмесі бар, сымсыз ғаламтор желісі орнатылған. 

Жалпы, ағымдағы жағдай бойынша Маң­ғыстаудағы 21244 колледж сту­дент­терінің 11086-сы ауылдық жердің сту­денттері. Қазіргі таңда Қарақия кәсіптік колледжінде 200 орындық, Маңғыстау политехникалық кол­леджінде 200 орындық, Маңғыстау облы­сының медицина колледжінде 40 орындық жатақхана бар, үш жатақханада 394 студент қамтылған. Өңірде әлі жатақхананың жайын бас ауруына айналдырған студенттер азайған жоқ. Қазіргі таңда жатақханаға қажеттілік 1064 орынды құрайды. Сон­дықтан 2019 жы­лы үш жатақхана пайда­лануға беріліп, 710 студентке төрін ұсын­бақ. Маңғыстау облыс­тық білім басқар­масы басшылығының айтуын­ша, жатақ­ханамен қамту ісі жалғасын табу арқылы 2021 жылдың соңына дейін ба­р­лық студент жатақханамен толық қамты­латын болады. 

Жайлы жатақханаға ие болған студенттер сабаққа тыңғылықты дайындалып, бола­шаққа тың қадам жасайды деп сенеміз. 

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Маңғыстау облысы