Ең алғаш кәсібімді 4 бұзаулы сиыр алып, оны бордақылаудан бастадым. Кейіннен, көбейген төл басын нарыққа шығарып, оның орнына шағын қожалығымда жылқы түлігін байлап, бақтым.
Өздеріңіз білесіздер, Кентау қаласының іргесіндегі Қаратау жылқы өсіруге ыңғайлы мекен. Алайда, қазіргі таңда жайылымдық жерлер тарылған. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы бағытында кең өріс қажет болып тұр.
2019 жылды Елбасымыз Жастар жылы деп жариялады. Сондықтан Президентіміздің қамқорлығымен кәсібін жаңа бастаған жастарға қолдау көрсетілсе жақсы болар еді. Мемлекет тарапынан проценттік көрсеткіші төмен субсидия берілсе, қора-қопсы салып, Қамбар ата түлігінің төлін көбейтсем деген ойым бар. Дәл қазіргі таңда жеке қожалығымда 6-7 бас жылқы, он шақты сиыр бағып отырмын.
Егер жеңілдетілген несие алған жағдайда сүт-ет өнімдерін шығаратын шағын кәсіпорын ашып, облыс тұрғындарын жергілікті, табиғи өніммен қамтамасыз етсем деген мақсат та бар.
Жаңғақ шаруашылығы – табыс-
ты бизнестің бірі. Атамыз тек мал асырап, дала кезген деген пікірмен келіспеймін. Керек кезінде жер емшегін де еме білген. Кентау қаласының тамаша климаты жаңғақ ағашын өсіруге өте қолайлы. Сондықтан жергілікті әкімдік тарапынан жер телімі берілсе, жаңғақ қаламшасын отырғызып, осы бір жемістің пайдасын көрсем деймін.
Бүгінде көптеген ауыл жастары мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласына берілетін көмектен, бөлінетін қаржыдан бейхабар. Өз кәсібім арқылы екі қолға бір күрек іздеген жастарға үлгі болсам, осының өзі мен үшін үлкен жетістік.
Нұрсұлтан ШАЛАЕВ,
фермер
Түркістан облысы,
Кентау қаласы