Қазақстан • 29 Қаңтар, 2019

«Бәйтерек» холдингінің көмегі көп

574 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әлеуметтік бағдардағы мемлекеттік бағдарламалардың операторы ретінде «Бәйтерек» холдингі мен оның еншілес ұйымдары халықты қолжетімді баспанамен, жұмыспен және бизнес-жобаларды дамытуға арналған құралдармен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

«Бәйтерек» холдингінің көмегі көп

Осы тектес міндеттерді шешу үшін холдинг жастар бастамаларын іске асыруға бағытталған бірқатар жобаны жүзеге асыруда. Бұл Мемлекет басшысы Нұрсұл­тан Назарбаевтың Жастар жылы­ның салтанатты ашылуында қой­ған міндеттеріне сәйкес келеді.

Мәселен, «Даму» қоры арқы­лы жастар кәсіпкерлігіне қолдау көрсетіледі. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша микро және шағын бизнес секторындағы бастаушы кәсіпкерлерге инвести­ция­лауға бес жылға дейінгі мер­зім­мен 6 проценттен аспайтын мөл­шерлемемен, жеңіл шарттармен 8 мың АЕК-ке дейін несие беріледі. Сонымен қатар бағ­дар­лама қатысушылары қарыз сомасының 85 процентіне дейін кепілдік алу мүмкіндігіне ие.

2018 жылы іске қосылған Краудфандинг қызметі – жобаны ұжымдық қаржыландыру тәсілі. Онда өнім немесе қызмет жасау үшін ақша тұтынушылардан түседі. Қор жаңадан іс баста­ған кәсіп­керлерге құжат тап­сыру, Starttime.kz краудфандинг тұғыр­нама­сында түрлі мемлекет­тік гранттар алуға өтінімдер беру және басқа да жұмыстарға консультациялық-практикалық қолдау көрсетеді.

Сонымен қатар «Даму» қоры жергілікті атқарушы орган­дармен бірігіп, бастаушы кәсіп­керлерге арналған аймақтық бағдарламаларды жүзеге асырады. Мысалы, «Астана Zhas Start» және «Ақтөбе ZhasStart» бағ­дар­ламалары 29 жасқа дейін­­гі жастарға арналған. Бұл ар­қы­лы берілетін несие сомасы 20 млн теңгеден, проценттік мөл­шер­лемесі – 8,5%-тен аспайды. «Астана Start Up» бастаушы кәсіпкерлерге 7,9% мөлшерлемесі бойынша 50 млн теңгеден аспайтын қарыз сомасына дейін қолдауды көздейді. Басқа бастамалар қатарында «Нұр Капитал» (Маңғыстау облысы), «Қос қолдау» (Қостанай облысы), «Даму Ақжайық» (Батыс Қазақстан облысы), «Ал­тын Кеме» (Атырау облысы), «Жібек Жолы» (Алматы) және басқа бағдарламаларды атап өткім келеді.

Қолдаудың тағы бір бағыты «Қазақстанның тұрғын үй құры­лыс жинақ банкі» АҚ арқы­лы жүр­гізіледі. Ондағы мақсат – жас азаматтарды тұрғын үй­мен қам­та­масыз ету. Қазір бұл жо­ба «Алматы жастары» бағдар­лама­сы шеңберінде жүзеге асырылуда.

Осы бағдарламаны іске асыру үшін Алматы қаласының әкімдігі мен ТҚЖБ арасында келісім жасалды, алдын ала және аралық тұрғын үй қарыздарын беру үшін банкке бюджеттік несие бөлінді, оның жалпы сомасы – 3 млрд теңге. Бағдарламаға қатысу­шы­ларға ерлі-зайыптының жасы 35 жасқа дейін болуы, Алматыда кем дегенде бір жыл тұрақты тір­кеу­де тұруы, отбасының жеке бас­па­насының болмауы, Алма­ты­да кемінде алты ай жұмыс өтілі, қосымша кепілдік немесе ТҚЖБ-да тұрғын үй құрылысы жинақтарының болуы сынды талаптар қойылады. Несиенің жылдық мөлшерлемесі – 5 процент, мерзімі – 9 жылға дейін.

Холдингтің тағы бір еншілес ұйымы – Қазақстанның даму банкі «Taiburyl» қоғамдық бірлес­тігімен бірлесіп «Керек адам» әлеуметтік білім беру жоба­сын іске асыруда. Жоба шең­берінде орта арнайы және жоға­ры оқу орындарының 3-4 курс сту­дент­тері мен 2015-2018 жылғы түлек­тері еліміздің ірі кәсіп­орын­дарында ақысы төленетін тағы­лымдамадан өтеді.

Жалпы, «Бәйтерек» холдингі жастарды қолдаудың қаржылық және консультациялық құрал­дары­нан бөлек, кадрлық саясатты да қолға алып отыр. Бүгінде хол­динг қызметкерлерінің 17 проценті – 29 жасқа дейінгі жас мамандар.

Айдар ӘРІПХАНОВ,

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы