Мұнайлы өңірдегі барлық денсаулық сақтау ұйымдары компьютерлік техникалармен жабдықталып, интернет желісіне қосылған. Өңір тұрғындары 100 процент электронды төлқұжатпен қамтылды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мадияр Өтешовтің айтуынша, қағазсыз құжат айналымына өту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Ал облыс тұрғындарының 25 проценті мобильдік қосымшаларды пайдаланады.
Облыстық қан орталығында «Инфодонор» бағдарламасы енгізілді. Бұл жоба басқа облыстардағы мәліметтер қорымен ақпарат алмасуға септігін тигізіп отыр. Жедел жәрдем бекетінде «АДИС» бағдарламасы жаңартылып, іске қосылды. 2017 жылдан бастап 39 медициналық ұйымда медициналық ақпараттық жүйе енгізілді. Халықты мобильдік қосымшаларды пайдалану бойынша ақпараттандыру мақсатында 54 цифрлы сауаттылық постары құрылды.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, өткен жылы «ҚазМедИнформ» бағдарламасы арқылы 2 871 558 адамға қызмет көрсетілген. Атап айтсақ, 9873 медициналық қызметкер осы бағдарламаны пайдаланып отыр, 395 413 электрондық диагностикалық және зертханалық зерттеулер, 36 865 электрондық еңбекке жарамсыздық парағы, 89 238 электрондық рецепт жазу, 41 985 диспансерлік есепте тіркеу, 626 256 электрондық денсаулық төлқұжатын толтыру, 97 741 жазбалар толтыру этаптық эпикриздер жасалған.
Атырауда «Дәрігерге» мобильді қосымшасын пайдаланушылар қатары артып келеді. Бүгінге дейін қосымшада 18 754 қолданушының жеке кабинеті тіркелген. «Жеке кабинеттері арқылы 699 775 науқас қабылдауға жазылып,
3 123 науқас дәрігерді үйге шақыртты», дейді М.Өтешов.
Жаңа жүйенің тиімді тұстарын тұрғындар да жоққа шығармайды. Атырау қаласының тұрғыны Сандуғаш Насихатова дәрігерге интернет арқылы жазылуға дағдыланғанын айтады. Алдын ала жазылған уақытта емханаға келіп, талон алып, дәрігерге кіреді, бұл өз кезегінде уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді. №3 қалалық емхананың директоры Айман Өтегенова тіркелген тұрғындардың бәріне электрондық денсаулық төлқұжаты ашылғанын жеткізді. «Қазір науқастар бұрынғыдай амбулаторлық карталарын алып жүрмейді. Бәрі электрондық жүйе арқылы жүргізіледі. Цифрлы жүйенің бір артықшылығы, басқа медициналық мекемелерге барған кезде ауру тарихы электрондық құжатта сақталып тұрады. Сол арқылы дәрігер алдына келіп отырған адамның денсаулық жағдайымен толық таныса алады.
Облыстағы емханалардың барлығы электронды кезекке қосылған. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алынған «Науқастарды басқару бағдарламасы» қанатқақты жобасы да өмір сапасын арттыруға негізделіп отыр. Зерттеулер бағдарламаға қатысқан науқастардың хал-жағдайлары жақсарғанын көрсеткен. Бағдарлама облыс орталығында ғана емес, аудандарда да іске қосылды. «Соның нәтижесінде өткен жылдарға қарағанда ауруын асқындырып барып дәрігердің көмегіне жүгінушілер саны екі есеге азайды. Бағдарламаға қант диабеті, қан қысымының жоғарылауы сияқты созылмалы науқастардан зардап шегіп жүрген 300-ге жуық науқас қатысты», дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары М.Өтешов. Жасыратыны жоқ, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары мен қан қысымының жоғарылауынан зардап шегетін атыраулықтардың саны 35 мыңға жуық. Жаңа үрдіспен емделуге ниеттілер саны да сәйкесінше көбеюде. Осы мақсатта арнайы курс ашылып, медицина қызметкерлері қайта дайындықтан өткізілді.
Саланы цифрландыру аясында «Мен − анамын», «Пациент кабинеті», «Патронаждық медбике» мобильді қосымшалары қолданысқа енгізіледі. Цифрлы бағдарламалар негізінде тәулік бойы халықпен қарым-қатынас орнату жүйелері жұмыс істеп тұр. Еgov.kz сайты арқылы порталға жазылу немесе ұялы телефоннан мобильді қосымша арқылы дәрігерге жазылудың мән-жайын түсіндіру үшін емханаларда арнайы орындар ұйымдастырылған.
– Елбасы тапсырмасына сәйкес облыстағы 35 мемлекеттік медициналық нысан қағазсыз жұмыс істеуге көшті. Цифрландыру арқылы тұрғындарға көрсетілетін дәрігерлік көмек сапасы жақсарады, қызметкерлердің есеп жазудан қолы босап, науқасқа көбірек көңіл бөледі. Ақпараттық жүйеге кірігу үрдісі жалғасады, бірінші жартыжылдықтың соңына қарай нысандарды цифрландыру аяқталады, − дейді республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары Айкерім Әбілхатқызы. − Бұл жоба алыс ауылдағы халық үшін де ыңғайлы. Тұрғындардың онлайн-мониторинг арқылы денсаулығына, әсіресе созылмалы ауруға шалдыққан науқастардың өз жай-күйіне мән беруі жоғарылайды. Сондай-ақ қолжетімділікті арттыру мақсатында «Халықтық бақылау» секілді мобильді қосымшалар жасалды.
Call-орталыққа тәулік бойына хабарласуға болады, сондай-ақ шағымдарға жауап беру уақытын жеделдету үшін «WhatsApp» әлеуметтік желісі қосылды. Бұл жұмыстардың бәрі де халықтың денсаулығын сақтауға, медициналық қызметтің қолжетімділігін және өмір сапасын арттыруға негізделгені мемлекеттік бағдарламаның мәні зор екенін көрсетеді.
Бақытгүл БАБАШ,
«Egemen Qazaqstan»