– Ерлан ағамыздың киіктің лағын көтеріп тұрып түскен суреттерінен менің көзіме жас іркілді. Қандай шынайылық десеңші! Фотосуретші де осы сәтті объективке сәтті ілген екен. Мен түнімен ұйықтамадым, пластилинді алдым да қорықшының осы бір бейнесінің мүсінін жасауға отырдым, жасап шықтым, – дейді Әсел.
Суретші қыздың апасы бұл мүсін мен сіңлісінің жалпы шығармашылығы туралы жазып, әлеуметтік желілерге сала қояды. Мүсінді көрген көптеген кісілер Әселге хабарласыпты. Әсіресе Ерланның қарындасы, қорықшы жұмыс істеген мекеменің басшысы хабарласып, сәтті шыққан дүниеге рахмет айтыпты. Әлеуметтік желіде көзді ашып-жұмғандай жылдамдықпен тараған мүсінді көргендер әлі де Әселге хабарласып, қорықшыға осындай ескерткіш қою керек деген өз пікірлерін айтып жатыр екен.
Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтынан (бүгінде университет) сызу және бейнелеу өнері мамандығы бойынша білім алған Әсел қазір өзі туып-өскен Лисаков қаласындағы «Болашақ» балабақшасындағы балдырғандарға «Бейнелеу өнері мен модельдеу» үйірмесін жүргізеді. Әселдің халқымыздың этнографиясын терең зерттеуге ұмтылуы, оның өз шығармаларынан көрініс табуы белгілі өнер саңлақтарының да назарына ілігіп, жақсы бағасын алып үлгерді. Есімі сырт елдерге мәшһүр суретші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ерболат Төлепбай Қостанайға келіп, Көркемсурет галереясын аралап көреді. Көп жұмыстың ішінен Әсел салған «Келін» суретінің тұсына кідіріп, оны жоғары бағалапты. Көркемсурет галереясы қызметкерлері арқылы Әсел шығармашылығына табыс тілеп, батасын беріп кетіпті.
Ерлікпен қаза тапқан қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің әріптестері мен туыстарының, жалпы көпшіліктің хабарласуы Әсел Тілеуленнің шығармашылығына қанат бітіргендей болды. Ол енді Ерлан Нұрғалиевтің мүсінін сапасы басқа, кептірсе қатып қалатын пластилиннен қайта жасап шығуды ойластырып отыр.
– Ерлік ұмытылмайды. Мен де ерлікті өз шығармамда дәріптеп, қорықшыға мәңгі өмір сыйлағым келеді, – дейді Әсел.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Egemen Qazaqstan»
Қостанай облысы,
Лисаков қаласы