Қысқы спорт • 29 Қаңтар, 2019

Михаил Дудченко: Белецкийдің көрсеткішін жоғары бағалаймын

530 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биатлоннан Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға бапкері Михаил Дудченко әлем чемпионатындағы спортшылардың көрсеткішін саралады. Бұл туралы Ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Михаил Дудченко: Белецкийдің көрсеткішін жоғары бағалаймын

Жаттықтырушының айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда биатлоншылар біршама алға басқан. 

- Кеше Данил Белецкийдің мәреге алтыншы болып келгенін білесіздер. Ол 4 ату алаңынан еш қиындықсыз өтті. Мүмкін, функционалдық дайындық жетпей қалған шығар. Аяғы шаршаған сияқты. Алайда, бұл бала әлем чемпионатына алғаш рет қатысып тұр. Сондықтан, оның көрсеткішін жоғары бағалаймын. 

Өткен жылмен салыстырғанда, команда мүшелері әлдеқайда жақсы нәтиже көрсетуде. Әлем чемпионатының екінші күні ғана аяқталды, барлық бәсекелер әлі алда. Жақсы нәтиже көрсетеміз деген ойдамын. Өйткені, бізде жақсы спортшылар жоқ емес. Ересектер арасындағы сыналып үлгерген Роман Еремин кеше өзін көрсете алмады. Ал Ахатованың мәреге 15-ші болып келгені оның жасөспірімдер сынындағы үздік көрсеткіші. 

Әлем чемпионатындағы қарсыластардың барлығы да азулы. Норвегия, Франция, Германия спортшыларының шоқтығы биік. Кеше қытайлық қыздың жарыста жеңімпаз атанғанын бүкіл әлем көрді. Бүгінде Қытай құрамасында франциялық маман жұмыс істеуде. Олар өз жерінде 2022 жылы өтетін Олимпиада ойындарына дайындықты әлдеқашан бастап кетті. Мінеки, алдағы маусымдарда қарсыластарымыздың қарқыны өсе түспек.

Белецкийге тағы да жарайсың дегім келеді. Оның мұндай жарыстарға бірінші рет қатысқанын ескерсек, нәтиже жаман емес. 

Бүгін эстафеташылар жарыс жолына шығады. Бізден ерлер арасында Бауэр, Максимов және Киреев сынға түседі. Қыздардан Егорова, Шишикова және Поздняковаға сенім артамыз. 

Елге келген соң да бізді ірі додалар күтіп тұр. 2002-2003 жылы туған спортшыларды Оңтүстік Сахалинде өтетін «Азия балалары» бәсекесіне алып барамыз. Кейін Швецияда жасөспірімдер арасындағы әлем кубогінің төртінші кезеңі өтсе, Норвегияда  Еуропа чемпионаты басталады. Осы үш жарысты абыроймен өткізіп, елге оралу мақсаты тұр алдымызда, - дейді Михаил Дудченко.