Аймақтар • 29 Қаңтар, 2019

Түркістанда археологтар қоқан және қазақ үйлерінің орнын тапты

758 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістанның ең көне бөлігі - Күлтөбе қалашығының солтүстік бөлігінен қоқан және қазақ үйлерінің орны, тандыр және ұстындар шоғыры табылды.

Түркістанда археологтар қоқан және қазақ үйлерінің орнын тапты

Бұл аумақта археологиялық қазба жұмыстарының басталғанына жарты айға жуық уақыт өтті. Дегенмен аз уақытта көне ғасырлар сырын ашатын құнды дүниелер анықтала бастады. Мәдениет және спорт министрлігінің Түркістан қаласындағы ортағасыр тарихи-мәдени мұра объектілерінің тарихи келбетін анықтау және қалпына келтіру мен оларды танымал туристік орталыққа айналдыруға арналған жобасын министрлікке қарасты Қазақ ғылыми - зерттеу мәдениет институты іске асыруда. Қожа Ахмет Ясауи өмір сүрген кезеңнің рухын асқақтату мақсатында қолға алынған Күлтөбе археологиясы және қосымша нысандар жұмысы 3 жылға жоспарланған. Қазіргі таңда 80-ге жуық археолог еңбек етіп жатқан алаңда қазба жұмыстары қарқынды жүруде. Алдағы уақытта жұмысшылар санын 300-ге жеткізу жоспарлануда. Археологиялық топтың жетекшісі Серік Ақылбектің айтуынша, зерттеу және зерделеуге арналған ауқымды жоба Күлтөбенің өзі мен айналасын қамтиды. Бүгінгі таңдағы ең басты жұмыс ескерткіштер аумағын үйінді топырақтан тазартуға арналған. «Себебі, 1975 жылдардағы аэрофотосуреттермен салыстырғанда өзгерістер көп. Мәселен, сай боп көрінген аймақ қазіргі таңда дөңеске айналған. Тарихи аумақтың мәдени қабаттарын анықтау мақсатында барлау қазбалары да жұмыс істеуде. Барлау нәтижесінде түсірілімде көрсетілген сай түріндегі қыртыста тарихи қабаттың бар-жоғы нақтыланады",-  дейді С.Ақылбек.

Археологтардың айтуынша, XIX ғасырға тән Қоқан үйінің қалдықтары анықталса, одан 70 сантиметрдей төмен тұста XVI-XVII ғасырға тән қазақ үйі, күлі сақталған тандыр, дәліз және есік орны бар. Сонымен қатар, үй тіреуге арналған тас ұстындар шоғырының да беті ашылып келеді. Түрлі ғасырға тән құмыра сынықтары да көптеп шыға бастаған.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Eqemen Qazaqstan»

Түркістан облысы