Қазақстан • 29 Қаңтар, 2019

Көкшетауда білім ошақтарының асханаларына мониторинг жүргізіліп жатыр

622 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қызметкерлері мен мектеп асханалары жөніндегі ведомствоаралық сарапшылар тобы Көкшетаудағы №22, №17 және ІТ-мектеп асханаларына мониторинг жүргізді. Ондағы сауал: асханалардың жағдайы стандарттарға сай келе ме? Күніне қанша оқушыны тамақтандыра алады?

Көкшетауда білім ошақтарының асханаларына мониторинг жүргізіліп жатыр

Былтыр мектеп асханаларының бірқатар өзекті мәселесін шешу және ата-аналар комитетінің, асханаларды жалға алушылардың, мектеп әкімшілігі мен Білім басқармасы өкілдерінің іс-әрекетін үйлестіру үшін «Нұр Отан» партиясы «Мектеп асханалары» жобасын әзірлеген еді. Жобаны жүзеге асыру мақсатында өңір мектептеріндегі асханаларға мониторинг жүргізіліп келеді. Мектеп асханаларындағы тағамдардың сапасы мен асхана стандарттарын тексеру мәселесі бойынша арнайы сараптамалық топ тамақтану орындарының жай-күйімен танысты. Сарапшылар тағам сапасын, санитарлық ережелердің сақталуын, бағалар мен тиісті құжаттамаларды тексеріп шықты.

– Мектепке арнайы сарапшылар келіп, асхана жұмысымен танысты. Ешқандай ескерту айтылған жоқ. Күніне шамамен 220 оқушыны тамақтандырамыз. Балалардың дұрыс тамақтануына шама-шарқымызша тырысып жүрміз, – дейді «Флюра» жеке кәсіпкерлігінің директоры Лилия Жетпісова.

Оқушының дұрыс тамақтануының маңызы зор. Сол себепті тексерістен өткен үш мектепте оқушылардың тамақтануына арнайы кесте тізіп, жылдам әрі сапалы ас ішуіне жағдай жасаған. Өңір мектептеріндегі асханаларды тексеру барысында өрескелер қателіктер мен ереже бұзушылықтар байқалған жоқ.

Бір айта кетерлігі, сарапшылар мектептерге ескертусіз мониторинг жүргізеді. Мұндай іс-әрекет олардың күнделікті жұмысының нәтижесін шынайы бағамдауға септігін тигізеді. Қазіргі уақытта қаладағы 13-ке жуық мектептің асханасына мониторинг жүргізілді. Мониторинг барысында сарапшылар асхана басшыларына кеңес беріп, жұмыс сапасының одан әрі жақсаруына мүмкіндік туғызуда.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan»

Көкшетау қаласы