Аудан орталығы Бақанастан 3 шақырым қашықтықта орналасқан бұл ауылда қызу тірліктің көрігі суыған емес. Мал басын көбейтіп, егін алқабын арттырып жатқан ел. Ауылда жастар да бір қауым. Олардың дені осындағы «Өгес-Ақдала» фермерлік шаруашылығында еңбек етеді. Әрине, ауылда жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жоқ еді. Мәдениет үйінің ұзақ жыл жөндеу көрмей тозып кетуі рухани, ағарту шараларын тұрақты өткізуге кедергі болатын. Ал былтыр облыс бюджетінен қаржы бөлініп, ғимарат күрделі жөндеу жұмыстарына жабылғанда жұрттан бұрын жастар қуанды.
Жақында Ақдала ауылындағы Мәдениет үйінің күрделі жөндеуі толық аяқталып, пайдалануға берілді. Енді заманға сай жабдықталған руханият ошағында ауыл жастарының көңілінен шығатын түрлі шара өткізуге мүмкіндік туды.
- Ауыл ажарын көріктендіре түскен Мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, халық игілігіне пайдалануға берілді. Күрделі жөндеу жұмыстарын жедел жүргізіп, мерзімінен бұрын аяқтаған «Сенім Құрылыс Сервис» серітестігіне рахмет айтамыз. Енді мұнда көркемөнерпаздардың өнері өрістеп, жастардың жақсы бастамаларына қолдау жасалады, - дейді Балқаш ауданының әкімі Ғалым Тоқпейісов.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
Алматы облысы