Өнер • 29 Қаңтар, 2019

Димаш: Астанаға «Арнау»

924 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жағымды жаңалықтармен бастау алған жастар жылында Димаш Құдайберген «Арнау» атты екінші концертін өткізбек. Ауқымды музыкалық шоу қазақстандықтар мен өзге де өнерсүйер қауымды Астана төріне жинайтын болады.

Димаш: Астанаға «Арнау»

«Жазға салым Димаштың концерті өтеді екен» деген ұзынқұлақтан сүйінші хабарды естіген жанкүйерлерден концерттің өту барысы туралы мыңдаған сауал толассыз түсіп жатқан көрінеді. Сондықтан аталған концертке жауапты ұйымдастырушы топ әзірлік жұмыстары туралы ресми хабар таратуды жөн санапты. Ал «Қазақстан» РТРК АҚ осы концерттің бастан-аяқ ұйымдастырылуы мен түсірілім жұмыстарын қолға алып, үлкен жауапкершілікті қадамға барып отыр.

– Бұл жолғы концертті үлкен дайындықпен өткізгіміз келеді. Қазір бірнеше шығармашылық топпен жұмыс істеп, әртүрлі ұсыныстарды қабылдап жатырмыз. Мүмкіндігінше, әлемдік шоу-концерттерде қолданылатын соны тәжірибе мен жаңа технологияларды пайдаланамыз. Себебі концерт ең алдымен Димаштың өз халқына, өз тыңдаушыларына арналып отыр, – деді «Қазақстан» РТРК АҚ басқарма төрағасы Ерлан Қарин.

Астана күні қарсаңына жоспарланып отырған бұл концертте қазақтың халық әндерімен бірге, қазақстандық және шетел композиторларының шығармалары түрлі тілде шырқалады. Одан бөлек Димаштың өз жанынан шығарған авторлық туындылары да көрермен назарына ұсынылмақ.

– Қазақ ырымшыл халықпыз ғой. Алдағы мақсаттарды жайып салғанды жөн көрмейміз. Дегенмен айтып өтейін, композитор Игорь Крутой екеуміз айтып жүрген «Любовь уставших лебедей» атты әніне бейнебаян түсіргелі жатырмыз. Одан кейін америкалық бірнеше композитордан келген тамаша әндерге де клип түсіру жоспарда бар. Менің сахнада орындап жүрген әндерім композитордың ғана емес, менің де жүрегімнен өткен әндер. Ал ол әндерді бірден кезіктіру қиынға соғады», – деген әнші қашанғы сыпайы әдебіне салып жылы жымияды.

Бұл күндері «Өнерің өрге жүзсін» деген қалың қазақтың тілегі осы баланың үстінде десек артық айтқанымыз емес. Халқының үстем болған мерейі мен мейірін сезген Димаш та, сәт сайын жаңа бір ақжолтай қуанышымен сүйіндіріп келеді. Оның алдыңғы жылы «Астана Аренада» өткен «Бастау» атты алғашқы концертіне 25 мыңнан астам халық жиналған болатын. Әншінің жақын арада жарық көретін жаңа музыкалық альбомы, Ресей эстрадасының шамшырағы, талантты композитор Игорь Крутоймен бірлесіп түсіріліп жатқан клипі талантымен тас жарған өренді жаңа биіктерге шығаратыны анық.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20