Іс пен нәтиже
Сейсенбі, 11 желтоқсан 2012 7:23
Орал өңірінде саламатты өмір салтын орнықтыруда үлгі тұтар істер мол
Тәуелсіздікке қол жеткен жылдар ішінде елімізде дербес денсаулық сақтау жүйесі орнықты. Бүгінгі күні аталмыш салада жүргізілген реформалар алғашқы нәтижелерін бере бастады. Аталған қазақстандық жүйенің бұрынғы кеңестік кезеңдегі медициналық қызметпен салыстыра қарағанда түбегейлі өзгешелігі мен артықшылығы бар. Оның осындай басты өзгешелігінің бірі саламатты өмір салтын орнықтыру, оны барша қазақстандықтардың күнделікті дағдысына айналдыру болып отыр.
Сейсенбі, 11 желтоқсан 2012 7:23
Орал өңірінде саламатты өмір салтын орнықтыруда үлгі тұтар істер мол
Тәуелсіздікке қол жеткен жылдар ішінде елімізде дербес денсаулық сақтау жүйесі орнықты. Бүгінгі күні аталмыш салада жүргізілген реформалар алғашқы нәтижелерін бере бастады. Аталған қазақстандық жүйенің бұрынғы кеңестік кезеңдегі медициналық қызметпен салыстыра қарағанда түбегейлі өзгешелігі мен артықшылығы бар. Оның осындай басты өзгешелігінің бірі саламатты өмір салтын орнықтыру, оны барша қазақстандықтардың күнделікті дағдысына айналдыру болып отыр.
Кеңестік кезеңде саламатты өмір салты жөніндегі қағидалар екінші кезекке ысырылып қалса, қазақстандық денсаулық сақтау жүйесінде бұл мәселе басты факторға айналып келеді. Оның негізгі мәні мен маңызы, денсаулықты жақсартуға тигізетін әсері туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былай деген еді: Тәуелсіздік жылдарында мен халық денсаулығына ерекше көңіл бөліп келемін. Осы орайда барша қазақстандықтар ескере жүретін мәселе – егер денсаулықты сақтау әр отбасының дағдысына айналса, мемлекет қолға алып отырған іс әлдеқайда тиімді болмақ.
Бүгінде саламатты өмір салтын қалыптастыру республика аймақтарында да оң жолға қойыла бастады. Оны енгізудің әр түрлі жолдары мен әдістерін іздестіріп, қазірдің өзінде нақты нәтижелерге қол жеткізе бастаған өңірлердің бірі – Батыс Қазақстан облысы. Аталған мәселеде мұндағы денсаулық сақтау басқармасы өзге аймақтарға үлгі боларлықтай өміршең істерге бастамашы болып келеді. Қазақы ұғым мен түсінікке сайғанда облыста ауырып ем іздегенше – ауырмаудың жолын тап деген қағида алдыңғы кезекке шығуда. Сондықтан да аталған басқарма басшылары басты назарды аурудың алдын алуға аударуы құптауға тұрарлық іс. Оның 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасымен үндес, өзектес болуы да іс ауқымын тереңдете түседі.
Саламатты өмір салты ұғымының мағынасы мейлінше кең. Ол біржақтылық пен тарөрістілікпен бір ғана ведомствоның шеңберінен бойын аулақ салғанда ғана іргесін кеңге жая алады. Яғни, оған кешенді, жан-жақты көзқарас тән болған жағдайда, соғұрлым нәтижелі бола түспек. Бұл, сайып келгенде, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білу деген сөз. Оған тек денсаулық сақтау мекемелері ғана емес, оқу орындары мен спорт туризм саласының өкілдері тізе қосып араласқан кезде ғана тиісті нәтиже бермек.
Мұның басты жолы – ведомство аралық байланыстар арнасын кеңейту екені белгілі. Аталған мәселеге дәл осы тұрғыдан пайым жасағанда Орал өңіріндегі жарқын істердің жалауы биіктей береді. Атап айтқанда, облыстық денсаулық сақтау басқармасы саламатты өмір салтын қалыптастыру үшін «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалымен, ішкі істер департаментімен, білім, ішкі саясат, мәдениет, денсаулық және спорт басқармаларымен тығыз байланыс орнатқан. Сонымен бірге, Ақжайықта саламатты өмір салтының негізгі қағидаттары бойынша үкіметтік емес ұйымдармен біріге отырып алты әлеуметтік жоба іске асырылды.
Бұл жобалар жоғарыда айтылғандай, негізінен қатерлі аурулардың алдын алуға бағытталған. Атап айтар болсақ, бұлар сүт безі қатерлі ісігі мен жүрек қан тамырлары, туберкулез ауруларын ерте анықтауды мақсат етеді. Бүгінгі демографиялық саясаттың алға қойған басты міндеттерінің бірі халқымыздың санын көбейтуді, дүниеге дені сау ұрпақ әкелуді қамтамасыз ету екені хақ. Әйтсе де, соңғы жылдары әйелдер арасындағы бедеулікке қоса, ер азаматтардың белсіздік көріністері де белең алып жүргені жасырын емес. Тіпті, жаңадан отбасын құрған жастар арасында да сәби көре алмай жүргендер жетерлік. Аталған әлеуметтік жобаның бірі осы дерттердің кем-кетігін түгендеуге арналған. Оның іске асу барысы нәтижесіз емес екенін көрсетеді.
– Әрбір облыста саламатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі орталықтар жұмыс істейді. Қазіргі күні оның қажеттігіне әркімнің көзін жеткізу айрықша маңызды. Сондықтан да бұл бағытта үгіт-түсінік жұмыстарын бір ғана орталық қызметкерлеріне арта салуға болмайды. Сондықтан біз облыстың барлық медициналық ұйымдарында осы мәселе бойынша қосымша жауапты мамандар штатын белгілеуді қажет деп таптық, – деді бізге Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Хамидолла Ирменов. Мұның сыртында облыста саламатты өмір салтының сан қырлы мәселелеріне арналған теле-радио бағдарламалар, газет мақалалары жарыққа шығып тұрады. Сонымен бірге, аурудың алдын алу мен тұрғындар денсаулығын нығайтуға қатысты кең көлемді акциялар, конференциялар, дөңгелек үстелдер өткізу дәстүрге айналған.
Орал өңірінде қабылданған денсаулық сақтау саласының стратегиялық жоспарына сай қазірдің өзінде 2012 жылы жүргізілген жұмыстарға тиісті талдаулар жасалуда. Оған көз жүгіртсек, өңір аумағында өткен жылмен салыстыра қарағанда шылым шегу мен ішімдікті шамадан тыс қолдану көріністері төмендегенін байқаймыз. Осы қатарға артық дене салмағынан арылу көрсеткішін де қосуға болады. Осы стратегияға сай алдағы жылы осындай қауіп-қатер факторларының көрсеткішін қандай деңгейге дейін төмендетуге болатыны жөнінде де есептер мен болжамдар жасалыпты.
Дәл бүгінгідей саламатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі тақырып қозғалған кезде айтпай кетуге болмайтын тағы бір жайт бар. Бұл соңғы жылдары құрылған жастардың денсаулық сақтау орталықтары жүйесі арқылы саламатты өмір салтын насихаттау ауқымы мен үлесін өсіру болмақ. Бұл жөнінде өз ой-пікірін Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Мәншүк Аймурзиева былайша жеткізді:
– Орал өңірінде ересектерге арналған емханаларға балама ретінде жастар үшін ашылған денсаулық орталықтарына 10-27 жас аралығындағылар келіп ем, кеңес ала алады. Мұндағы жоғары білімді мамандар оларға негізгі емдеу тәсілдеріне қоса психологиялық тұрғыдан да көмектер береді. Бұл медициналық құрылымда қызмет жасайтын дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің бәрі де отыздың о жақ, бұ жағындағы жастар. Мұның өзі психологиялық тұрғыдан оң ахуал қалыптастырады. Жасы өзінің ата-анасымен шамалас сақа дәрігердей емес, өзімен қатарлас денсаулық сақшыларымен ой бөліскенде 27 жасқа дейінгілер әжептәуір ашылатыны да табиғи жәйт.
Қазір Батыс Қазақстан облысында халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 69 жас шамасында. Бұл республикалық көрсеткіштен 3-4 жасқа жоғары деген сөз. Сөз жоқ, мұндай нәтижеге өңірде қолға алынған саламатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі сан-салалы жұмыстардың ықпалы тигені анық. Ал 2015 жылы бұл көрсеткішті 69,9 жасқа дейін жеткізу көзделіп отыр. Бұл міндет өз кезегінде жасы ұлғайған адамдардың өмір сапасын жақсарту қажеттігін ұқтырады. Осы арқылы олардың өмір сүру ұзақтығын одан әрі жалғастыруға жол ашылмақ. Мұның өзі облыста геронтология мәселелерімен, яғни жасы ұлғайған, қартайған адамдардың биологиялық мүмкіндіктерін одан әрі көтерумен дендеп айналысатын кез келгенін көрсетеді.
Орал өңірінің медициналық ұйымдарына бүгінгі күні осындай категорияға кіретін 70 мыңнан астам адам бекітілген екен. Қазір оларға медициналық көмек үкіметтің «Тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің тізімін бекіту туралы» қаулысына сәйкес көрсетілуде. Облыста егде жастағылармен қолайлы орта қалыптастыру әрі оларға моральдық көмек көрсету үшін емханалар жанынан арнайы клубтар ұйымдастырылған. Күнделікті бақылаулар олардың мұнда ықыласпен келіп емдік денешынықтыру жасайтынын әрі дәрігерлермен әңгіме дүкен құратынын айғақтайды. Клубтарда көңіл күйзелісі мен қобалжушылықтың алдын алу мақсатында психологтар қартайған адамдармен өткізетін тренингтер де тұрақты жолға қойылған.
Батыс Қазақстандағы бастапты медициналық санитарлық кешендерде қарттар үшін әлеуметтік қызметкер штаты енгізілуі де үйренуге тұрарлықтай үрдіс. Бір ғана нәрсенің емі жоқ. Бұл – кәрілік деген де сөз бар. Рас та шығар дегенмен қазіргі қазақстандық қоғамда, егемен еліміздің бір бөлшегі Ақжайықта адамдардың өмір сүру ұзақтығын арттыруға барлық қолайлы жағдайлар жасалып отырғаны кәріліктің де емі табылғанын аңғартпай ма?
Міне, еліміздің батыстағы қақпасы – Орал өңірінде саламатты өмір салтын орнықтыру ісінде қолға алынған ілкімді істер мен өміршең бастамалар осындай.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
Батыс Қазақстан облысы.