Бұл – 1917 жылы, Орынборда Байтұрсынов Ахмет атам мен әкемнің «Қазақ» газетін шығарып тұрған уақыты. Сол жылы июль айында өткен «Алаш» партиясының ІІ съезіне қатысқан Абайдың баласы Тұрағұл біздің үйге келіп түсті.
* * *
Мен өзімді тым ерте үш-төрт жасымнан біле бастадым. Әкемнің өнебойы түрмеде отыруы, үйде болмауы, шешем екеуміздің қасірет шегіп, Семей, Атбасар, Көкшетауда апаларының үйінде тұруымыз бала болсам да жаныма бататын-ды, көкірегімді шерге толтырып, әртүрлі ойлар мазалап, қамығып уайымдайтынмын.
* * *
Менің балалық дәуірімнің қасіретсіз күндері көп болған жоқ, жеті жылдай ғана көңілді жүрдік. Бұл 1922 жылдан 1928 жылға дейінгі аралық. Осы тұста көп жыл армандаған күндер туды. Семьямыз бірігіп, біз үшін бақытты да, қызықты да болып саналатын шақ Орынбордан басталып, Қызылордада жалғасты.
* * *
Әкем «құралайды көзінен атып түсіретін» нағыз мерген еді. Аңға барған сайын әкелетін құстары отыз-қырықтан кем болмайтын.
* * *
Әкем болса бас бостандығы бар кезін пайдаланып халқының қамын ойлап, жанталасып, тыным таппай Тәшкент, Түркістан, Семей, Омбы, Қызылжар, Минск, Петербург, т.б. қалаларды кезіп жүретін.
* * *
Кейін алғашқы мұғаліміміз Аманғали Сегізбаев әкем екеуі «Еңбекші қазақ» газетінің редакциясында бірге жұмыс істеген-ді, жақсы журналист болды.
* * *
Зылиқа (М.Жұмабаевтың зайыбы) апайды бұрыннан яғни 1970 жылдардан бері танитын ем, арада талай жыл өтіп, 1989 жылдың февраль айында қайтадан табыстым. Папамды жақсы білесіз бе деп сұрадым. Зылиқа апа: «Білгенде қандай, папаң Мағжан екеуміздің тойымызда болған».
* * *
Әкем басына келген қауіпті елең қылмай аса сабырлы, байсалды қалпымен мұңайып жылап тұрған бізді жұбатып: «жыламаңдар балаларым, тағдырдың тәлкегі адамды әлі талай қиын белестерден өткізеді, шыдап берік болыңдар. Сендер әлі-ақ ержетесіңдер, сол кезде бәрін түсінерсіңдер, бақытты болыңдар, оқуларыңды үзбеңдер, мамаларыңды ренжітпесеңдер болғаны» – деп қоштасып, бәрімізді сүйіп, өзін айнала қоршаған алты адамның ортасында кете барды.
* * *
Міржақып әкем алған бағытынан ешқашан қайтпаған, «Оян, қазағы!» үшін патша зынданында отырған…
* * *
… Мұндай тозақтан қажырлы қалпын жоғалтпай, шаштары ағармай Соловкиге жетуі адам таңқаларлық ерлік, бұл қалпын шешем 1934 жылы көріп келген-ді.
* * *
Әкем соңғы рет ұсталып кеткенде, Ғайнижамал шешемнің жасы небары отыз үште еді. Ерлі-зайыпты Дулатовтар неке қиып 1914 жылы қосылғаннан бері, бірге тұрып қызықты өмір сүрген мерзімі ұзаққа созылған емес.
* * *
Біздің үй Алматыға көшпей, сол Қызылордада 1932 жылға дейін тұрып қалдық. Көктемде шешемнің өкпе ауруы қозып төсек тартып қалатын еді…
* * *
Біздің Сатыбалдиевтер отбасында өз басым төрт баланың анасы болғаннан бері өткен аумалы-төкпелі заманның ыңғайына қарап келдім. Қырағы саясатқа тура келмейтін, атынан бүкіл қазақ баласы шошитын «Алаш» партиясы туралы, оның басты лидерлері кімдер болғаны, өз әкем М. Дулатов жайлы балаларыма соңғы жылдарға дейін үй-ішінде әңгіме қозғамай келдім. Ең басты себебі – олардың ер жетіп, сана-сезімінің толысып өсуін күттім.
* * *
Жасыратыны жоқ, 13-ке толғанымда «халық жауының» қызы атандым, жазықсыз басыма кінә тағып қудалау басталды…Жұрт қатарлы сүйікті әкемнің атын атап, еске алып, ашық айту деген менің пешенеме жазылмады.
* * *
…Дулатовтан бұрын қазақ тілінде «Есеп құралын» жазғандар болмаған. Сондықтан әкемді қазақтың тұңғыш математигі деуім жөн болар.
* * *
Әкем барынша ақкөңіл, ашық-жарқын жайдары мінезді, өте балажан, көңілшек те болатын. Сонымен қатар, бірбеткей, басынан сөз асырмайтын қатаң мінезі де бар-тын…
* * *
Папам Алакөзге мініп редакцияға баратын, аңға да шығатын, аңшылық дегенім құс атуды әуес көретін.
* * *
Аталарың ел-жұрттың қамын жеймін, ақыл-ойын оятамын деп тыным таппаған кісі. Бүкіл қазақтың кең байтақ даласының тең жартысын салт атпен жүріп, жол азабын көрген жолаушы әрі саяхатшы, болмаған жері жоқ, жұртпен біте қайнасып араласқан кісі.
* * *
Әзілхан (Нұршайықов) осы тойдан кейін: «Гүлеке, анадағы Баукеңнің (Б. Момышұлы) тойындағы сөйлегеніңізді маған жазып беруіңізді өтінемін» деген соң көңілін қалдырмай жазып бердім.
* * *
Көпшілік, оның ішінде біздің қазақ суретке түсудің қажетін, оның өмірде ұзақ жылдар белгі боларлықтай сақталып қалуы жас шақтың жалынсаң да қайта оралмайтын кезеңін еске түсіретінін ойламағандықтан болуы, деп білемін.
* * *
Операциядан соң он бірінші күні жасы алпысқа толмай, 1974 жылдың он алтыншы шілдесінде Әбен (Сатыбалдиев) дүниеден өтті. Көңіл қалыспаған, қырық жылға жуық отасқан жарымнан, балаларымның ардақты әкесі Әбеннен көз жазып қалуым қайғы-қасіретке, үлкен күйзеліске әкеп соқты.
* * *
«Балалар, мамаларыңды ашуландырмаңдар, оның алдында мен сияқты аяқтарыңды абайлап басыңдар. Білесіңдер ме? Мамаларың у нас большой ребенок» деп ылғи еркелетіп отыратын Әбенім еді ғой менің!
* * *
Бір кезде әлгі апай қасымдағы Ерланыма (ұлы) қарап: «О, тоба, міне қызық, мына баланың түр-келбеті Міржақыпқа айнымай ұқсап тартқанын қараңызшы» демесі бар ма!
* * *
Әкем көпшілік ортасында топ жарып жігерлі қарқынмен қызып сөйлейтін, шешендігімен жұртты өзіне магниттей тартатын.
* * *
«Шешем қайтыс болғанда мен екі жаста екенмін,– дейтін әкем – Қыстың мезгілі… Сол түні кебінге оралған шешемнің қасында жатып ұйықтап қалыппын…»
* * *
Әкем өз денесін таза ұстайтын, сәнді европаша киінетін, хош иісті сабын, әтірлерді жақсы көретін. Көзілдіріксіз жүретін. Ақындар аумалы-төкпелі қызу жанды келеді емес пе, ондайдан бұл кісі де құр қалмаған. Серілік жігітшілігі, сұлулармен романдары жұртқа белгілі болатын…
* * *
Көп ұзамай, мереке күндері өтісімен Шолпан Ахметқызы екеуміз Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына барып, әкелеріміздің ақталған құжатын алдық. Бір айта кететін нәрсе, ақталу қаулысы 1988 жылғы 4 қараша күні шығуы маған арналған сыйлықтай дәл туған күніме сәйкес, тура келуін қараңызшы.
* * *
«Ертең күйеулеріңді жүргізеді (Қызылордадан)»,– дегенді мамам ести сала даярлана бастады… шеттегі тұйықта (тупик) тұрған жалғыз қызыл вагон. Жанында мылтықты екі күзетші солдат тұр… Сол мезгілде вагонның темір торлы кішірек келген терезесінен папам көрінді. Бізге қолын бұлғақтатып сөйлеп тұрды… не айтып тұрғанын ести алмадық… Бұл мәңгі есімнен шықпайтын күнім 1929 жыл маусымының жиырма төрті.
* * *
Сосновецтен салынған папамның (қайтыс болғаннан кейін) заттары келер қарсаңында мамамды үйде жалғыз қалдырмайтын болдық. Көп кешікпей багажы да қолымызға тиді. Папамның тұтынған исі сіңген киім-кешегін алғанымызда көңіл шіркін босап, жылағанымызды ұмытқаным жоқ, оны айтпасам да түсінікті болар.
* * *
Әкемнің сүйіп алған жары, сенімді серігі, айнымас жұбайы Ғайнижамал Баймұратқызы Досымбекова-Дулатова оның өзінен он жас кіші болатын…Ардақты анам қырық бес жасында 1940 жылы 15 сентябрь күні дүниеден өтті.
* * *
Анам жиын-тойларда, кәделі кештерде би билеуді тәуір көретін. Қаныш Сәтбаев аға екеуінің мазурканы билегенін көргем-ді, бұл 1924 жылы еді. Мамам гитар тартып орыстың романстарын «Ах, Настья, ты Настья», «Вечерний звон» өлеңдерін келістіріп айтатын.
* * *
Кітапсыз бір күн тұра алмай келемін, бұл жақсы қасиетті бойыма сіңірген менің ардақты анам – Ғайнижамал болса, менен ауысқан бұл әдет – кітапқұмарлық өз балаларыма да дарығанына қуанамын.
* * *
Бадрисафаны мен әжеке деп, Ахметті атеке дейтін ем. Орынборда бірге тұрып, тілім шыққанда әкем солай үйреткен.
* * *
Сонымен, қорытып айтарымыз, қаламгер жолдастар жауапты мәселеге келгенде жан-жақты мұқият зерттеп, анығына көз жеткенде ғана жазса деген тілек білдіреміз. Әйтпесе, біз секілді ұрпақтар мен көзі көрген куәгерлерді баспасөздегі мұндай бұрмалаулар қатты қынжылтады.
* * *
Бір жазушының сөзіне қарағанда, Міржақып әкемнің мүрдесін іздеп барып табушы да мен, дәрігерлік тәсілмен сүйегін зерттеуші де мен болыппын. Жұрттың бәрі құлақтанған, білетін газеттерде басылып жүрген деректерді бұрмалаудың қажеті не?.. Әкемнің мүрдесін көп машақатпен іздестіріп сонау Сосновецке, Соловкиге бірнеше рет барып, тұрғылықты адамдармен жолығып тапқан жас ғалым Марат Әбсеметов емес пе? «Абақты» шығармасына дәлелсіз нәрселерді, білмегенді кіргізудің керегі қанша?
* * *
Сөйтіп, бір күні белгілі ақын Сәбит Дөнентаевтың 1989 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Ұрпағыма айтарым» атты кітабын оқуға кірістім. Бас көтермей сүйсіне оқып отырып, отыз екінші бетіне жеткенде өзіме таныс әкем Міржақыптың «Сағыну», «Елім-ай», «Әбупирастан», «Шәкірт» атты өлеңдері көзіме оттай басылды. Бұл қалай? … Әкемнің асыл мұрасын көздің қарашығындай қорғау менің перзенттік борышым. Соны өтеу үшін де қолыма қалам алып отырмын.
* * *
Бұл тарихи хабарды – Міржақыпты өз топырағына жерлеуді басынан аяғына шейін «Азаттық» радиосынан Хасен Оралтай жан-жаққа бүкіл әлемге жеткізіп жатты, ел ішіндегі жұрт «Егемен Қазақстан» газетінен Қайсар Әлімнің мәлімдемелерінен бәрін біліп отырды.
* * *
Міржақыптан қалған жалғыз болғандықтан, өзімді әке өмірінің жалғасындай көріп, фамилиясын өшірмей, Гүлнәр Дулатова болып өмір сүріп келемін.
* * *
Кешегі сөз – «Оян, қазақ!» болса, енді оянған халыққа айтар бүгінгі сөз – «Ойлан, қазақ!» Осы – менің түйіп, тұжырымдап айтарым!..
***
«Еңбекші қазақ» (бүгінгі «Егемен Қазақстан») газетінде төрт жыл істедім, өзімді әлі күнге сол редакцияның мүшесі санаймын», – деп Міржақып Дулатовтың өзі жазып кеткендей, төл ұжымы да жалынды күрескер, қарымды қаламгерін шежірелі тарихымен бірге ілестіріп алып келе жатыр… «Еңбекші қазақтың» табалдырығында тұтқындалған ол қаншама азапты жылдарды басынан өткеріп, шет жерде көз жұмғанымен, мүрдесін туған топырағына жеткізуге «Егемен Қазақстан» барын салып, атсалысты. «Әкем рухына қалтқысыз қызмет еткен «Егеменіме» мың да бір рақмет!»,– деп Гүлнәр апай да разылығын үнемі айтып отырушы еді…
Дайындаған Қайсар Әлім,
"Егемен Қазақстан"