Қазақстан • 31 Қаңтар, 2019

Көкбөріше қиындықпен қидаласып...

954 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қамқорлықтың жоқтығынан көсегесі көгермей тұрған ұлттық спорттық ойынның бірі – көкпар. Өзге спорт түрлерінің мұрты майланып жатқанымен, өз өнеріміз өгей баланың санатында. Мемлекет тарапынан көк тиын қаражат бөлінбейді. Көкпаршылар өз ынтасы мен сүйіспеншілігін серік етіп сынықсүйем алға жылжытуға тырысуда.

Көкбөріше қиындықпен қидаласып...

Тұрқы есік пен төрдей, шоқтығы биік құла айғыр үй жыққандай алапат­ екпінмен омыраулай соққан. Ол аздай ат үстіндегі көкпаршыны сақ еткізіп тістеп алды. Бұл болса тақымындағы сал­мағы алпыс килоға таяу серке­ден айырылып қалды. Әуелі ет қызумен бай­­қамаған, кейін қараса киімі дал-­дұл, қолтықтан төмен қабара қа­ра­уытып қанталап кеткен екен. Оның үстіне қабырғасы да сыныпты. 

Виктор енді көкпарға қатыспайтын шығар десті жұрт. Айдың-күннің аманында айғырдың аузында шайналып мертіккен соң беті қайтар деп бол­жа­ған. Алайда келесі көкпар ойы­нын­да Қазақстанның екі мәрте чемпионы, спорт шебері Виктор Тимофеев астын­дағы жүйрігін ойнақтатып тағы шықты. Сөйтсе, көкпар ойынының ер-азаматтың жан дүниесін баурап алатын, өзіне ғашық ететін ғаламат күші бар екен ғой.

Мұндай сезім ел рухани жаң­ғыр­ғалы, өткеннің өнегелі мұрасын ті­рілт­келі талай баланың көкірегінде жүр. Әт­тең соны қоламтаның шоғын­дай үрлеп, лапылдата жандырып жі­беру жа­ғы кем. 

– Өзім он жасымнан бері ат үстін­демін, – дейді көкпаршылар коман­дасының капитаны Асхат Бұхпабаев, – мынау іргедегі Жалтыркөл ауылын­да туып-өстім. Ер тоқымды жас­танып, әкеммен бірге мал бақтым. Ат жалында өскен соң халқымызбен ға­сыр­лар бойы бірге жасасып келе жат­қан өнерін жалғағың келеді. Қазіргі күні қала баласымен қатар ауыл баласы да әлжуазданып кетті, қауқары кем, қайраты аз деген пікір айтылып жатады ғой. Олай емес, білекті, жүректі балалар өртенге өс­кен шөптей қаулап жетіліп келеді. Тек соларды ұлттық үр­дісімізге біртабан жақындатып, халқымыздың қасие­тін бойына сіңіру кем­шін. Әйт­песе, тәрбиенің тетігі өзіміз­дің ұлт­тық қазынамызда жатыр емес пе? Мәселен, көкпар ойыны. 

Жас буында ынта-ықылас бар екен делік, ендігі керегі көкпарға мінетін ат. Кез келген қылқұйрықтың кәде­ге жарай бермейтіндігі белгілі. Белі бекем, си­рағы жуан сіңірлі, үр­кіп-жасқануды білмейтін жылқы баласы керек. Бұл додаға түскенде. Опыр-топыр болып жат­қан додашыларды қақырата жа­рып шыққан командаласының та­­қы­мындағы сер­кені допша қағып алып, ат­қан оқ­­тай зырқырай шабатыны да қа­жет. Бірақ соның бәрі табыла қояр ма?

– Көкпаршы балалардың та­қымына татитын ат табу қиын. Та­был­ған атты жас балаша мәпелеп, жыл бойы бағуың керек. Шығыны жем­шөбін қоса есептегенде, айына шамамен қырық мың тең­генің көлемінде. Ат табылды де­лік, ендігі керегі көкпаршының ың­ғай­лы, берік киімі. Мәселен, саптама етік. Оның қонышында қорғаныс құр­сауы болуы міндетті. Әйтпесе, ес кетіп, жан­ шы­ғатын жанталас­та жана­малай соққан көкпар аты сира­ғыңды күлпарша етіп сындырып кетпей ме? Көкпардың ет тоқымы да өзгеше бітімді – ат әбзелі. Ердің қа­сын­да төрт саусағың сыятын, қарсы­ласыңмен тақымдаса тартысқан кезде демеу, тіреу ететін сағасы болады. Біз­дің өлкеде мұндай ер-тоқымдар жоқ. Жайдағы жарамсыз. Тіресе тартыс­қан­да ат артына оп-оңай опырылып тү­се­сің. Ал көкпаршының ерін оң­түс­тік­тен алдырамыз, – дейді коман­да капитаны. – Осының бәрін көк­пар­ға деген құ­марлық жеңеді. Өзге қамқорлық бол­ма­ған соң өзіміз тал­пы­нып, бірді бірге құрап сайысқа қатысып жүрміз. 

Айтпақшы сайыс демекші, көк­пар­шы балалардың тағы бір айтқан тілегі бар. Ол жарысқа жиі қатынасу. Өз­ара қаншама жаттыққанымен, шын­ шеберлік шынайы жарыста шың­­­­далмақ. Ал жарысқа бару үшін де ас­тындағы аттарын тасу, ас-суы, жо­лақысы дегендей қаншама шы­ғын. Бұл шығынды команда капи­таны Асхат Бұхпабаев пен ұлттық өнердің жанашырлары, жергілікті жігіттер Қайрат Алыпқашов, Асылхан Әбділдин, Қыдырхан Ахметбеков тәрізді азаматтар көтеріп алады екен. 

– Бізге қарағанда оңтүстік өңірде көк­пардың қатты дамуының бір себе­бі, ол жақта салым жиі өткізіледі, – дейді Асхат Бұхпабаев. – Біздің өңірде сирек. Сирек болған соң да­ насихаты кем. Жиі болса әр ауыл-аймақтың көкірегінде оты бар жастары көріп, осы бір ақ­сүйек өнерге құмартар еді. Біз кей-кей­де сирек өткізілетін ойынның өзі­не қара­жатымыз жетіспегендіктен қатыса алмай қалып жатамыз. Ал қатысқан жерімізде жүлдесіз қайтқан емеспіз. Мемлекеттен футбол, хоккей ойындарына қыруар қаржы бөлінеді ғой. Көкпарға неге бөлмеске?

Шынында да, Асхат Бұхпабаев басшылық жасайтын көкпаршылар командасы 2017 жылы облыстық жарыста топ жарған. Талай мәрте мерейлері үстем болған кіл марқасқалар. Олар­дың қатарынан Қазақстан Рес­пуб­ликасының спорт шеберлері Әділ мен Ақылбек Амангельдиндерді, спорт шебері Виктор Тимофеевті атай кетуге болады. Сан сайыста көз­ге түскен Викторды Солтүстік Қа­зақстанға қолқалап шақырып жүр екен. Команда капитаны болашағына сара жол ашылғалы тұрған сәтте бағын байламайын деген болар, рұқ­сат етіпті. Өздеріне керек болса да. Өздері құрған отаудың бір уығын босатып алайын деп тұрса да. Он сегізге жаңа толған талапты да талантты көкпаршының додадағы дулы сәті жаңа басталып келеді емес пе?

Көкпаршылардың айтуына қара­ғанда, ұлттық өнерді ұлықтау жағы сын көтермейді. Өздерінің ұсыныстары да бар. Мәселен, аудандық спорт бөліміне тым құрығанда бір штат бөлі­ніп, жал­ғыз көкпар ғана емес, Алашқа тән бар спортты дамытуға ықпал етілсе. Әйт­песе, өз өнеріміз өгей болатындай заман емес қой. 

Көкжалдыққа баулитын, ұлт ұлан­­­да­рының көсегесін көгертетін көк­пар өнерін дамытуға көңіл бөлін­се. Көңіл­мен қоса азын-аулақ қаражат та. Сон­да кенжелеп қалған бұл өнер сөз жоқ дами­тын еді. 

– Көкпар аттары біздің өңірдегі жылқының ішінен табыла ма? – деп сұрадық ұлттық ойынның жілігін шағып, майын ішкен жанашырынан.

– Әрине, – дейді команда капита­ны. – Қазір ел ішінде жылқы басы кө­бейіп келеді. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шықпай ма? 

– Қазақы жылқының ішінен де табылып қала ма? Қазір кейбіреулер «қаза­қы жылқы соғымға ғана жарайды» деп жүр ғой. 

– Жүйрік неге шықпасын? Қазір қаза­қы жылқының бағы жанып келеді ғой. 

Көкпарға жан бітірсек, жылқының ғана емес, жігіттің де бағы жанар еді.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan» 

 Ақмола облысы,

Аршалы ауданы