«Қарағанды қаласынан 35 шақырым жерде орналасқан, Шахтинск қалалық әкімшілігіне қарасты, 118 көпқабатты тұрғын үйі бар қала типтес Шахан кентінде қазіргі таңда 9 мыңнан аса халық тұрады. Халықтың 80%-дан астамын шахтерлар отбасы құрайды. Тоқырау жылдары – 1995 жылы жылу беретін орталықтандырылған жалғыз қазандықтан айырылып қалған Шахан кенті, қазіргі таңда, тұрғындардың есебінен салынған шағын қазандықтардың көмегімен немесе «буржуйка» деп аталатын пештерді пайдаланып, көпқабатты үйлерді жылытып, амалдап отыр. Осыған байланысты 2005 жылдан бастап Шахан елді мекенінің тұрғындары орталықтандырылған қазандық салуды талап етіп, 2013 жылы жобалық-сметалық құжаттама әзірленгенімен, қаржыландыру мәселесі шешілмеген болатын», деді депутат.
Оның айтуынша, 2017 жылдың 1 қаңтарында елдің есін алған кенттегі көпқабатты үйлердің біріндегі жертөледе орналасқан автономды жылу қазандығы жарылып, үйдің бір бөлігі опырылып құлап, 9 адам қаза тауып, 2 тұрғын жарақат алған. Енді, бұдан әрі мұндай қайғылы оқиғаны болдырмай, кент тұрғындарын кепілді және арзан жылумен қамтамасыз ету үшін орталықтандырылған қазандық салу қажеттігі туындап отыр.
«Осы маңызды мәселені шешу мақсатында қазіргі уақытта Шахан кентіндегі орталық қазандық пен жылу жүйесінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама қайтадан әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтті. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының сомасы 2 млрд. 232,0 млн. теңгені құрап отыр. Осыған орай, жобаны іске асыру Шахан кентінің тұрғындарын орталық жылу жүйесімен қамтамасыз етуге және қауіпсіз өмір сүруіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қазандық құрылысы кенттегі тұрғын үй қорын сақтап, оның дамуына ықпал етіп, адамдардың өмір сүру деңгейін және санитарлық-экологиялық жағдайын жақсартады. Осы айтылған мәселенің ерекше маңыздылығын ескере отырып, Шахан кентіне салынатын орталық қазандық құрылысына қажетті қаржы бөлуге ықпал етуіңізді сұраймыз», деді ол.