Білім • 24 Қаңтар, 2019

Жеңімпаз оқушылар Англия футболымен танысады

439 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Sputnik Қазақстан мультимедиялық баспасөз орталығында «Білім-Орда» қорының президенті Дархан Қожабеков, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Шолпан Қирабаева, Атырау «Білім-Инновация» лицейінің оқушысы Айбек Мырзатаев және бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызының қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Жеңімпаз оқушылар Англия футболымен танысады

Конференцияда сөз алған Д.Қожабековтің айтуынша, «Білім-Инновация» лицейлерінің (БИЛ) оқушылары 2017 жылы облыстық пәндік олимпиададан 271 алтын, 277 күміс және 329 қола жүлде иеленген. Ал 2018 жылы 265 алтын, 275 күміс және 345 қола жүлдені оқушылары жеңіп алған.

Сондай-ақ қор президенті оқушыларын тек білімге баулып қана қоймай, саламатты өмір салтын ұстануды да естен шығармайтындарын айтты. Тіпті әртүрлі жарыстарда жеңімпаз атанған балаларды шетелге демалып қайтуына жолдама береді екен. «Балаларды ынталандыру үшін спорттан түрлі сайыстар ұйымдастырамыз. Жақында ғана шағын футболдан турнир өткіздік. Енді жеңімпаз оқушылар Англияға барып жергілікті футболмен танысып қайтады», дейді Д.Қожабеков.

Жиында құсбегілік өнерін әлемге әйгілі еткен А.Нұрғайыпқызы «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атты Жастар жылының ашылу салтанатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуі жайында, алған әсерімен бөлісті. Сонымен қатар, 2019 жылдың 9-15 қаңтар аралығында Алматы қаласындағы республикалық физика-математика мектебінде өткен ХV Халықаралық Жәутіков олимпиадасының жеңімпазы Айбек Мырзатаев өз жетістіктерімен бөлісіп, математика пәнінен жеңіске жету қиын болғанын айтты.

Ал Ш.Қирабаева БИЛ оқушылары биылғы Халықаралық XV Жәутіков олимпиадасында 4 алтын, 11 күміс және 19 қола, жалпы 34 медаль жеңіп алғанын айтты.