Парламент • 31 Қаңтар, 2019

Сенатор: Браконьерлерге қозғалған қылмыстық істің жартысынан астамы қысқартылып отырған

659 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгін Парламент отырысында Сенат депутаты Жеңіс Нұрғалиев Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Қ.П. Қожамжаровтың атына депутаттық сауал жолдады. 

Сенатор: Браконьерлерге қозғалған қылмыстық істің жартысынан астамы қысқартылып отырған

«Үстіміздегі жылғы қаңтар айында Қарағанды облысының Нұра ауданында «Охотзоопром» БП» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының инспекторы Ерлан Нұрғалиевтың қызмет бабында браконьерлердің қолынан қаза тауып, инспектор Петр Ницыктың ауыр жарақат алуы жұртшылықтың наразылығын және ашу-ызасын туғызды. Бұл оқиға Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының арасында да үлкен талқыға түсті.

Парламент Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшелері қанды оқиғаның орын алу себебін жан-жақты талдай отырып, мынадай қорытындыға келді:

Бірінші, елімізде жануарлар дүниесін қорғау саласында қордаланған түйінді мәселелерді шешу жолында батыл қадамдар жасау. Соның ішінде Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінен осы орайдағы уәкілеттіктерін толыққанды атқаруын талап ету.

Екінші, мемлекет аумағында сирек кездесетін және жоғалып кету қаупі бар аң-құс түрлерін сақтау және олардың санын көбейту үшін қолданыстағы тиісті заңнамалық актілерге түбегейлі өзгерістер мен толықтырулар енгізу.

Осы ең басты екі мәселе оң шешімін табу үшін мынадай жағдайларға назар аударуыңызды сұраймыз. Бүгінгі таңда «Охотзоопром» БП» РМҚМ, жануарлар дүниесін қорғайтын аумақтық органдар мен резерваттардың материалдық-техникалық жағдайы ешқандай сын көтермейді. Олардың жауапкершілігіне бекітілген техникалардың 60 пайызға жуығының әбден тозығы жеткен. Қолдағы бар санаулы тікұшақ орман шаруашылығына ғана пайдаланылады, ал жануарлар дүниесін қорғау олардың қызметіне жатқызылмаған.

Инспекторлар қазіргі заманауи байланыс, алыстан көру және басқа да специфкалық құралдармен жабдықталмаған. Оның үстіне елдің шетінде, желдің өтінде тәуекелге бел буып жүрген инспектордың орташа айлық еңбекақысы шамамен 60-70 мың теңге. Соған қарамастан инспекторларға ешқандай әлеуметтік артықшылықтар қарастырылмаған.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен аулауға тыйым салынған киіктер еліміздің 100 миллион гектардан астам аумағын мекен етеді. Әрбір инспекторға шаққанда шамамен 6 миллион гектардан келеді. Вахталық әдіспен жұмыс жасайтын инспекторлардан құралған 36 топ екі ауысымға бөлінген. Әр топта небары 6 инспектор және 2 автокөлік. Сондықтан жүктеме мөлшері шамадан тыс, яғни, екі есе көп.

Осының салдарынан қару мен байланыс құралдарының жаңа үлгілерімен жарақтанған браконьерлер алдында өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғайтын сақшыларымыз материалдық және техникалық жағынан дәрменсіз.

Браконьерлік қылмыс далалық жолда жүруге қолайлы әрі жүрдек көліктердің көмегімен жүзеге асырылады. Заң талаптары бойынша ол көліктер қылмыс құралы болып есептелетіндіктен мемлекет пайдасына тәркіленуі қажет. Алайда, қоршаған ортаға, табиғат игілігіне есепсіз шығын келтірген браконьердің басым көпшілігі жеңіл жаза алумен шектеліп, көлік құралдары кейін қайтарылып беріледі. Егер оларды көліктерге иелік құқығынан айырып, қылмысқа қатысты көліктер мен басқа да құралдар ешқандай ымырасыз тәркіленсе  браконьерлерлік қылмысқа бірден-бір тосқауыл қойылар еді.

Сонымен бірге, браконьерлердің заң құрығынан оңай құтылып кету деректері жиі кездесуде. Мәселен, соңғы үш-төрт жыл ішінде 3 мыңға жуық киік атылса, табиғи ортаға 3,5 миллиард теңге зиян келтірілді. 800-ден астам күдікті адам инспекторлардың қолына түскен болса, олардың 17-сі ғана сот шешімімен бас бостандығынан айырылып, 158-інің бас бостандығы шектелді. Браконьерлерге қатысты қозғалған қылмыстық істің жартысынан астамы дәйекті айғақтар жоқ деген желеумен сот отырыстарына жетпей, қысқартылып отырған. Мұндай жағдайды, әділетсіздікті көріп отырған инспекторлардың жаңа, жас буыны бұл қызметке келе ме?

Осы аталғандарды түйіндей келе, мемлекет аумағында «Қызыл кітапқа» енгізілген сирек кездесетін және жоғалып кету қаупі бар аң-құс түрлерін сақтау және олардың санын көбейту үшін қолданыстағы бірқатар заңнамалық актілерге мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынамыз, атап айтқанда:

1) жануарлар дүниесіне зиян келтірушілердің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша жүргізілетін тергеу амалдарының, сот сараптамаларының сапасын жақсарту және бақылау мен қадағалау шараларын күшейту;

2) браконьерлік әрекеттерге қолданылған көлік түрлерін тәркілеу және сот шешімі бойынша оларды «Охотзоопром» БП» РМҚМ, жануарлар дүниесін қорғайтын аумақтық органдар мен резерваттардың құзырына өткізу;

3) инспекторлардың қызмет барысында қару қолдану ережелерін нақты айқындау, осы бағыттағы уәкілеттіктерін қайта қарау;

4) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен киік аулауға қатаң тыйым салынғанын және ішкі рынокта сұранысқа ие емес екендігін ескере отырып, киік мүйізін жасырын сауда айналымына түсіруге жол бермеу. Осыған байланысты, орталық құқық қорғау органдары, кеден және шекара қызметі бірлесіп, кешенді шаралар белгілеу. Қажет болған жағдайда, «Қызыл кітапқа» енгізілген жануарлар мен сирек кездесетін және жоғалып кету қаупі бар аң-құстарды аулауға бірқатар өңірлерде мораторий енгізу мүмкіндігін қарастыру және олардан алынған өнімдерді (соның ішінде киік мүйізін) алу, сату және шекарадан тыс жерлерге өткізу әрекеттерін браконьерлік қылмыс белгілері ретінде қаралуын заңдастыру;

5) жануарлар дүниесін қорғаушы инспекторлардың еңбек және тұрмыс жағдайын жақсарту, еңбекақыларын көбейту;

6) осы салаға физикалық және интеллектуалдық жағынан жетілген, кез-келген төтенше жағдайға әзір, сынақтан өткен мамандар даярлау;

7) «Охотзоопром» БП» РМҚМ, жануарлар дүниесін қорғайтын аумақтық органдар мен резерваттардың тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін олардың сапалы материалдық-техникалық базасын қалыптастыру, инспекторларды қазіргі заманауи байланыс, алыстан көру, басқа да специфкалық құралдармен жабдықтау және толық әлеуметтік пакетпен қамтуға республикалық бюджеттен қаржы қарастыру»

Сонымен қатар Сенат депутаты жоғарыда атап көрсетілген мәселелерге байланысты шешім қабылдап, тиісті заңға сәйкес белгіленген мерзімде жауап беруін сұрады.