31 Қаңтар, 2019

Жылқы жоралғылары тізімге енді

497 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары әлемдік туризмнің аса қызығушылығын тудырып отырған дамушы мемлекет Үнді мұхит ендігінде орналасқан Маврикий аралының астанасы Порт-Луй қаласында ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі комитетінің кезекті сессиясы болып өтті. 

Жылқы жоралғылары тізімге енді

Мәртебелі басқосу барысында халқы­мыздың жылқы мәдениеті, соның ішінде көнеден ке­ле жатқан «Бие байлау»,­ «Айғыр қосу» және «Қымыз­мұ­рын­дық» сияқты дәстүрлі жоралғылары «Қа­зақ жыл­қы­шы­ларының дәстүрлі көктемгі әдет-ғұ­­рыптары» деген атпен ЮНЕСКО ма­те­риал­дық емес мә­дени мұра­сы ретінде мо­йындалып, мәрте­белі тізімге енді. 

Қазақстан өкілдері то­лыққанды мүше ретінде ал­ғаш рет қатысқан кезекті жиын­­ның белді мүшесі «Ұлы­тау» ұлттық тарихи, мәдени және табиғи қорық-музей директоры Бақтияр Қожах­метовтің айтуынша, халқымыздың жыл­қы мә­дениетін дамытып, сақ­тап отырған өңірдің бірі – Ұлы­тау болса, соның ішінде Теріс­­аққан бойында аталмыш дәстүр ежелгі келбетінен ажы­­рай қоймаған. Осындай ір­­гесі сөгілмеген дәстүрлі мә­­де­­ниетімізді әлемге таныту үшін қорық-музей жүйелі жұ­мыс жасау­да екен. 

Атап айтар болсақ, соңғ­ы жылдары «Терісаққан көк­темі» атты халықаралық фес­тиваль ұйымдастырып, 20 ми­нуттық ағылшын тілінде шағын фильм түсірген. Осы­­ шараға Қазақстан Рес­пуб­­­­­ли­касының ЮНЕСКО жөніндегі Ұлттық комитет төрағасы Ханзада Есенова және ұйым мүшелері Эмма Усманова, Елена Хорош ке­ліп қатысқан. 

Осы адамдардың ықпал­дас­тық танытуының арқа­сында жоғарыдағы дерек­ті фильм «Қазақ жылқышы­ла­рының дәстүрлі көктемгі әдет-ғұрыптары» деген атпен ЮНЕСКО-ның рес­ми­ сайтында жариялану мүм­кіндігіне ие болса, мә­де­ни ша­ра өткен жылы да жал­­­ға­сып «Көкмайса» деген атпен Ұлытауда өткізіліпті.

«Фестивльдың ауқымы жыл­дан-жылға кеңейіп келеді әрі шетелдік туристердің де қызы­ғушылығы артуда. Оның бер жағында ЮНЕСКО-ның арнайы тізіміне жылқы жо­рал­ғыларының енуі − оның халық­аралық қорғалуына кепіл. Яғни, ата мұрамыз көз­дің қарашығындай сақ­талып, кейінгі ұрпаққа мұра болып қалады деген сөз», дейді қо­рық-музей басшысы. 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 

«Egemen Qazaqstan»