Қазақстан • 31 Қаңтар, 2019

Тайтөбе туризмді дамытуға сұранып тұр

1236 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бүгінгі Талас ауданының аумағында Тайтөбе деген жер бар. Қазіргі кезде бұл тарихи мекен Тамабек ауылының іргесінде. Ұлы даланың бір бөлшегі, аңыз бен ақиқат қатар өрілген тарихи мекен осы топырақтағы Жыланды деген жермен де қатар аталады. Халқымыздың топырағында туған, елмен бірге есте жоқ ескі замандардан бері жасасып келе жатқан аңыздың дені негізінен жаугершілік замандармен байланысты айтылады. Тасын түртсең төгіліп қоя беретін тарихи мекендердің өзі де халықтың аузындағы аңызды растап тұрғандай әсерге бөлейді.

Тайтөбе туризмді дамытуға сұранып тұр

Әсілі, аңыз да ақиқаттан бастау алатын бір шырақ. Ол ғасырлардың дауылдарында өшпей, ұрпақтан ұрпақтың көкейінде көркемделу арқылы бүгінгі күнге жетті. Негізінен, аңыз бойынша да, тарихшылардың болжамынша да Тайтөбе жерінің атауына байланысты түрлі пікірлер бар. Алайда, бәрінің тоғысар арнасы қазақтың қасиетін айшықтайтын, кемелдігін көрсететін ойға келіп саяды. Ел аузындағы аңыз бойынша, Тайтөбеде қалмақтың бір ханы тұрыпты дейді. Ол бір жергілікті жұртты жылатқан залым екен. Бір кемпір сол қалмақтың сиырын сауып күн көреді. Кемпірдің батыр болған тоғыз ұлы да қалмақпен соғыста шейіт болады. Әлгі кемпір күн сайын сиыр сауып отырып, балаларын сағынып егіліп жылайды екен дейді. Бір күні Тайтөбеден бір жылан басын шығарып, жылап отырған кемпірге «Жылама, апа. Саған күн сайын осындай алтын беріп тұрамын. Балаларыңа Құран оқыт. Ол үшін сауған сүтіңді күн сайын маған беріп тұр» деп, аузындағы алтын теңгені көрсетеді. Кемпір ойланып, жыланның тілегін қабыл алады. Күндердің күнінде әлгі кемпір балаларының басына алып күмбез тұрғызады. Мұны байқаған қалмақ ханы кемпірді азаптай бастайды. Әуелі сыр ашпаған ол кейіннен жыланмен болған оқиғаны қалмаққа айтып береді. Байлыққа көзі тұнған хан ол алтынды енді өзі алмақшы болып, отбасымен бірге алтын теңгелі жыланды күтеді. Тіпті қару асынып, ініне ерітіп май құяды. Ханның бұл әрекетіне ашуланған жыланның уынан талай қалмақ өледі. Ақыры, іс насырға шапқан соң, қалмақ ханы еліне көшеді. Әлгі жылан ханның бір қошқарының мүйізіне оралып, бірге кетеді. Алайда Талас бойындағы қалың құмға жеткенде құм жиегіне қонып шықпақ болған ханды әлгі жылан шағып өлтіреді. Бұл жер кейіннен Жыланды аталып кетеді.

Бір қарағанда елеусіздеу көрінетін бұл жердің тарихы тым тереңде екенін көпшілік айтады. Тіпті Тайтөбе мекені өзінің бойына сыр жасырған сұңғылалығымен де талайды тамсандырып тұрғандай. Кейбір аңыздарға үңілсек, бұл жерге жаугершілік заманда қыруар қазына көмілген дейді. Күні бүгінге дейін осы Тайтөбеде сол қазынаны күзетіп алып айдаһар жатқан көрінеді. Ал енді келесі бір аңызда мұндағы төбе астында заманында еліне қорған болған батырдың жүйрік тұлпары көмілген деседі. Тағы бірде, бұл жердің Тай батырдың туған жері екені айтылады. Тай батыр жорыққа шығарда осы төбені арқалап алып кетпекші болғанда, баласының қайраты төбені әкесінің арқасына салуға жетпепті дейді. Қай қисынға салсақ та, Тайтөбе өткен тарихымыздың бір бөлшегі екені айдан анық. Тайтөбенің тарихын филология ғылымдарының докторы, профессор Жанғара Дәдебаев өзінің «Талас аңыздары» атты кітабында былайша баяндайды. Талас өзенінің солтүстік-шығысындағы ел үшін қиын заман болыпты. Мұнда тоғыз басты бір айдаһар пайда болып, елдің малы мен жанына қатер туғызыпты. Айдаһар өз тамағына елден күн сайын отыз қойдың құйрығы мен бір қыз, бір ұл талап етеді екен. Содан халық Құдайға жалбарынып, айдаһардан құтқаруын жалынып сұрайды. Құдай елдің тілегін қабыл алып, елдің ортасынан күшті, қуатты Тай деген батырды шығарады. Қанша күн, қанша түн айқасса да Тай батыр айдаһарды жеңе алмайды. Батыр айдаһардың бір басын шапса, қайтадан жаңа бас пайда бола беріпті. Әбден шаршаған батырға Жаратушы қайтадан күш бергенде, ол алмас қылышымен айдаһардың тоғыз басын түгелдей шауып түсіреді. Алайда халық айдаһардан құтылғанмен, Тай батырды аман сақтап қала алмайды. Шайқас кезінде отыз жерінен жараланған батыр да дүние салады. Халық Тай батырды ақ жуып, арулап жерге қойып, топырақ салады. Кейін бұл үлкен төбеге айналып, Тайтөбе аталып кетіпті дейді.

Алыстан менмұндалап көрінетін қарапайым төбенің аңыз айтқан тарихы осындай. Қалай болғанда да, бұл жердің тарихи естелік екені аян. Ал, Тамабек ауылы тұрғындарының айтуынша, жоңғар шапқыншылығы тұсында жергілікті жұрт сол төбенің басына шығып жауды бақылаған екен. Тіпті, ауыл тұрғыны, ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызмет атқарған зейнеткер Аманжол Тымбаевтың сөзінше, ежелгі кезеңдерде бұл жер сақтардың ордасы болыпты. «Тарихи деректер сақтардың еліміздің оңтүстігін мекендегенін растайды. Тайтөбенің астында шағын қалашықтың орыны болуы мүмкін. Әлі күнге дейін бұл маңнан көне қыш құмыралардың сынықтары, түрлі тұрмыстық заттарға ұқсас дүниелерді табуға болады. Сонымен қатар, кезінде ауыл тұрғындары бұл төбеден қылыш, кездік сияқты құнды жәдігерлерді тауып алғандығын бір-біріне таңдай қағыса айтып отыратынын білемін. Менің де осындай бірқатар дүниелерді кездестіргенім бар. Бірақ ол туралы нақты деректер жоқ», дейді ауыл тұрғыны. Жергілікті халықтың айтуынша, кезінде үлкен кісілер Тайтөбе маңынан балбал тастарды жиі көретін болған екен. Өкінішке қарай, ешкім де бұл тарихи жәдігерлерді жинап, тиісті жерлерге өткізбеген. Одан бері де талай уақыт өтті. Уақыттың желі, селі сол құнды жәдігерлерді өзімен бірге тұңғиыққа ала кеткендей көрінеді. Бәлкім, топырақ жүзін жасырған талай тарихтың осында болуы да ғажап емес.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Біз – ұланғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі», деген болатын. Бүгінгі Талас ауданының Тамабек ауылындағы Тайтөбе жерінде есте жоқ ескі замандарда бір тіршіліктің болғаны талас тудырмаса керек. Алыстан кішкене төбе болып көрінгенмен, оның үстіне шыққан адамға көптеген елдімекендер алақандағыдай болып көрінеді. Сондықтан да жаугершілік заманда бұл төбенің шапқыншыларды бақылайтын орын болғаны да рас болса керек. Ал, бұл жердің неліктен Тайтөбе аталғаны туралы дерек ел аузында аңыз түрінде сақталған.

Әулиеата өңірінде ақиқаты алмас қылыштай тарихи жерлер көп. Мәселен Т.Рысқұлов ауданы аумағынан ежелгі Құлан қалашығы табылып, мұнда қазба жұмыстарының жүргізілгені баршаға аян. Сол сияқты Жуалы ауданының іргесіндегі ежелгі Баркуаб қалашығының табылғаны жайлы ақжолтай хабар да көпшілікке сүйіншіленген болатын. Ендігі жерде Тайтөбе жеріне де қазба жұмыстары жүргізілсе, талай тарихтың таңбаланатыны сөзсіз еді. Бұл туралы Жамбыл облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру» дирекциясының бөлім басшысы, археолог Сауран Қалиевтан сұрағанымызда, әзірге Тайтөбе туралы ешқандай деректің жоқтығын айтты. Егер Тайтөбе мекені зерттеліп, тиісті мәліметтер жинақталса, бүгінде туризм саласын дамытуға ерекше белсене кіріскен Әулиеата өңірінің тағы бір тарихи аймағы рухани айналымға шығар еді...

Хамит ЕСАМАН,

«Egemen Qazagstan»

Жамбыл облысы