Өткен желтоқсанда Сексеуіл стансасы маңында «Арал» стансасы іске қосылса, кезек «Қорқыт Ата» компрессорлық стансасына да жетті. Алқалаған ағайынға тағы да қуанышты сәт туды.
«Қорқыт Ата» КС жұмысының басталуымен «Бейнеу – Бозой – Шымкент» МГҚ өткізгіштік қуатын жылына 10 млрд текше метрден 15 млрд текше метрге дейін арттыру бойынша ірі инвестициялық жобаны іске асыру аяқталды. Бұл ретте 5 млрд текше метр газ елдің оңтүстік өңірлерінің көгілдір отын қажеттілігін толығымен жабады, ал 10 млрд текше метр Қытайға экспортталмақ. Станса Қызылорда облысындағы Қазалы ауданының Ақсуат кентіне жақын орналасқан.
Енді «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының бойындағы инвестициялық жобаны іске асыру аясында Түркістан және Қызылорда облыстарының аумақтарында үш компрессорлық станса, атап айтсақ, «Арал» КС – газ құбырының 518-ші шақырымында, «Қорқыт Ата» КС – 725-ші шақырымында және «Түркістан» КС – 1230-шы шақырымда жұмыс істейді. Оның екеуі өткен жылдың соңында пайдалануға берілген.
«Қорқыт Ата» КС «ҚазТрансГаз» АҚ қаражаты есебінен қаржыландырылып, рекордтық қысқа мерзім ішінде салынды.
«Бейнеу – Бозой – Шымкент» МГҚ құрылысының арқасында Қазақстан оңтүстікке газды тұрақты жеткізуді қамтамасыз етіп, елдің бірыңғай газ тасымалдау жүйесін құру және сыртқы нарықтарға қазақстандық газ экспортын арттыру тәрізді маңызды үш міндетті шеше алды.
Жаңа стансаның ашылу салтанатында «Интергаз Орталық Азия» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Мұхатай Шаңбатыровтан сұхбат алғанбыз.
– «Бозой – Шымкент» газ құбырының 750-шы шақырымдағы «Қорқыт Ата» компрессорлық стансасының ашылуы республикамыздағы ерекше оқиғалардың бірі, – деді ол. – Біз 15 млрд текше метрлік газ айдау көлеміне толық шықтық және бұл станса Қызылорда облысындағы соңғы станса екендігін атап өткім келеді.
Мұндағы агрегаттар Американың ең қуатты компаниясының өнімдері. Осылайша Қызылорда облысынан бөлек, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарын газбен қамту мәселесі толықтай шешімін тапты. Артылған 10 млрд текше метр көлеміндегі газ Қытай нарығына шығарылуда. Сонымен қатар бұл құбырдың ресурсы «Қараөзек» газ компрессоры арқылы орталық, солтүстік және Астана қаласына газ жеткізетін «Сарыарқа» газ құбырын толтыруға да жеткілікті.
Кемінде 1,5-2 жылда салынуға тиіс құбырлар 7-8 айда пайдалануға берілді. Елбасының тапсырмасын ойдағыдай орындау арқылы елдің газға деген мұқтаждығын қысқа мерзімде орындау көңілге қуаныш ұялатады.
Біз де көңілдегі сауалды қойғанбыз. Түркістан облысы кешеге дейін Өзбекстаннан газ алып, кей жылдары газ көлемі қысқарғандықтан қыстан қысылып шығатын. Мұхатай Шаңбатыров бұл қауіптің артта қалғандығын, енді Өзбекстан кей өңірлеріне қажетті газды Қазақстаннан алып отырғандығын айтты. Міне, тәуелсіздіктің жемісі.
Қазалы ауданының әкімі М.Ергешбаев газ компрессорының іске қосылуы аудан экономикасына үлкен серпін беретіндігін айтты.
– «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральды газ құбыры Сыр еліне зор мүмкіндік берді. Облыс аумағынан өтетін 846 шақырымдық газ құбыры Қызылорда облысын газдандыруға жол ашcа, енді міне, жергілікті мамандарымыз технология тілін үйреніп, қызмет етуге мүмкіндік ала бастады, – деді аудан әкімі.
Қызылорда облысының жеті ауданы қазақтың басына күн туғанда қорегін айырған, қасиетті анасына айналған Сырдың бойында отыр. Бұл жерден экономикамыздың күре тамыры «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізі өтеді.
Қызылорда облысын кешенді газдандыру жобасының І кезеңі осыдан 5 жыл бұрын басталған болатын. 2015 жылы аймақтағы 4 аудан орталығы – Арал қаласы, Әйтеке би, Шиелі және Жаңақорған кенттері, сондай-ақ Байқоңыр қаласы газдандырылды. Қазіргі таңда осы өңірдегі тұрғындардың 80 пайызы көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Ал қалған 3 аудан орталығына газ тарту жұмыстары аяқталуға жақын.
Қызылордалық тұрғындар арасында «газ келді дегенше, жаз келді десейші» деген қанатты сөз бар. Нақыл тақілеттес ойдың түсінген адамға айтары көп. Осындайда баяғы ауыл, жүзін әжім торлаған анамыз ойға оралады. Үй тауқыметінен бөлек қазақтың қонағы таусылған ба?! Күн-түн демей сау ете қалады. Анамыз қазан көтереді. Газ жоқ. Қара пешке тамызық тұтатылып, қи қаланады. Ол әбден от алғанда көмір салынады. Еркін жана алмаған сулы көмір улы газын шығарып, көз ашытып барып күшіне мінеді. Етке толы қара қазан бұрқ-сарқ қайнайды. Шешелеріміздің әжім торлаған жүзіндегі әр сызық – ауыртпалықтың, тұрмыстық тауқыметінің табы, бейнеттің ізі екен ғой. Көмектеспедік емес, көмектестік. От жаққанынан басқасына. Бәрібір, бейнетін жеңілдете алмаған екенбіз.
Енді аудан, ауыл үшін осы қиындықтар артта қалып барады. Елбасы қолдаған стратегиялық жобаны іске асырып жатқан «ҚазТрансГаз» АҚ қол жетпестей көрінген арманның орындалатындығын ісімен көрсетіп жатыр.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Egemen Qazaqstan»
Қызылорда облысы