Аймақтар • 01 Ақпан, 2019

Н.Нығматулин: Елбасының тапсырмалары өңірде табысты орындалып жатыр

522 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді. Он­да кәсіпорындардағы еңбек ұжым­дары мен тұрғылықты халықпен және жастармен кездесті.

Н.Нығматулин: Елбасының тапсырмалары өңірде табысты орындалып жатыр

Іс-шарада палата Төрағасы де­путаттардың заң шығарушылық жұ­мысы туралы, соның ішінде, Мем­лекет басшысының бастамасымен қабыл­данған заңдар туралы әңгімеледі. 

Палата Спикері «Қазфосфат» зауытында болып, кәсіпорынның жұмы­сымен танысты. Қазақстандағы химия өнеркәсібі жағынан алғашқы қатарда тұрған кәсіпорынға биыл 20 жыл толады. Осы уақыт ішінде «Қазфосфат» тек елімізде ғана емес, басқа шет мемлекеттерге де фосфор өнімдерін шығарды. Сонымен бірге ТМД, Қытай, Шығыс және Батыс Еуропа елдеріне жол тауып, әлемдік деңгейдегі ірі өндіріс орнына айналды. Қазіргі уақытта еліміз бо­йынша 7 фил­иал ашылып, ол 6 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Еңбек ұжымымен кездесу барысында палата Спикері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік алған күннен бас­тап әрбір облыстың, әрбір ауданның, әрбір қаланың дамуына зор көңіл бөліп келе жатқанына, соның ішінде түрлі-түсті металдарға, баритке, фосфаттарға бай Жамбыл облысының орны өте маңызды екеніне тоқталды. 

– Елбасымыздың салиқалы саяса­тының арқасында мемлекетіміздің өң­деу өнеркәсібі 9,5 трлн теңгеге дейін артып, отандық өнімдеріміз әлемнің 110 елінде сатылып келеді. Мемлекетімізде жүргізілген ірі реформалардың арқа­сында қазақстандықтардың тұрақты табыс табуына кең жол ашылды, – деді Н.Нығматулин. 

Сонымен қатар палата Спикері елі­міздегі әлеуметтік жағдайға тоқ­та­лып, тәуелсіздік алған жылдардан бастап еліміздегі жалақы көлемі 4 есеге дейін өскенін, 1 миллионнан ас­там қазақстандық тұрғын үймен қам­тамасыз етілгенін, алдағы бес жыл­да Президентіміздің әлеуметтік бағ­дарламасы аясында 70 мил­лион шар­шы метрден астам тұрғын үй салу жос­парланғанын, ол 2 миллионнан астам адамға баспаналы болуға мүмкіндік беретінін айтты. 

Бүгінгі таңда еліміздің алға қойған мақсаты − дамыған 30 елдің қатарына жету. Осы жолда әлемдік нарыққа жол тапқан Жамбыл облысының да үлесі зор. Қазірдің өзінде де көптеген жетіс­тіктерге қол жеткізген. Мысалы, облыс бойынша өндіріс көлемі өткен жылы 400 млрд теңгені құраса, жұмыс істеп тұрған шағын кәсіпорындар саны 63 мыңнан асқан. 

Жамбыл облысының қарқынды дамуына назар аударған Мәжіліс Төрағасы: «Облыс жыл сайын жоғары деңгейде дамып келе жатыр. Сонымен бірге «Қазақстан − 2050» бағдарламасы біздің жарқын болашағымыздың басты бағдары болып табылады. Сондықтан сіздердің қажырлы еңбектеріңіз, біздің заң шығару жұмысымыз − барлығы да туған еліміздің өсіп-өркендеуі жо­лын­дағы игі қадамдарды жүзеге асыруға қызмет етеді. Алдағы уақытта да біз ортақ мақсат жолында бірлесе жұмыс істейтін боламыз. Осы орайдағы ең тиімді бағыттың бірі – депутаттардың сай­лаушылармен кездесуі екені сөзсіз. Бұл кездесулер халқымыз үшін де, біздер үшін де өте маңызды», деді. 

Мәжіліс Төрағасы Жамбыл облы­сының жастарымен кездесу барысында Жастар жылының ашылуындағы Мем­лекет басшысының көрсеткен қолдауы туралы айтты. Ал кездесу көп жылдық тарихы бар, бүгінде еліміздегі ең іргелі оқу орындарының қатарына кіретін Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде өтті. Оған Жамбыл облысындағы жетекші оқу орындарының студенттері, жастар қозғалысының көшбасшылары және жас ғалымдар қатысты. 

Н.Нығматулин жастармен кездесу барысында биылғы жыл жастар үшін ерекше кезең екеніне тоқталды. 

− Президентіміз Жастар жылында жас қазақстандықтарды қолдаудың нақты жолдарын ұсынып отыр. Ол ең алдымен, жас отбасыларға арналған баспана мәселесі. Мемлекет басшысы ірі қалаларда жұмыс істейтін жас­тар үшін жылына 1 мың пәтерден кем емес құрылысты қамтамасыз етуді және барлық кәсіпорындарға жас қызметкерлер үшін баспана жағдайын жасауға белсене қатысуды тапсырды, − деді палата Спикері. 

Мәжіліс Төрағасы Мемлекет бас­шы­сының жастарға көрсетіп отыр­ған қамқорлығы туралы айта келіп, олар­­дың еңбекке қабілеттілігімен қатар, денсаулық, рухани мәселелері де әр­қа­шан басты назарда болатынына тоқталды.

− Осы орайда Мемлекет бас­шы­сының «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы өскелең ұрпақтың рухани бай­лығын, денсаулығын арттыруға ерек­ше ықпал ететіні сөзсіз. Бұл жұ­мыс­тардың бар­­лығы сіздердің өмір­леріңізді жақсар­­ту, қоғамдағы рөл­деріңізді нығайту, бә­­се­кеге қабілет­тілік­теріңізді күшейту үшін жасалып жатыр, − деді Н.Нығматулин. 

Палата Спикері осы ауқымды ша­ралардың барлығын заң жағынан жан-жақты қолдау қажеттігін атап көрсетіп, Елбасының барлық бастамаларын сапалы заңдармен қамтамасыз ету – Парламент депутаттарының басты міндеті екеніне назар аударды. Сондай-ақ осы жолда «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» және «Волонтерлік қызмет туралы» заңдар қабылданғанын, Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі бағдарламасы бар екенін және жақын уақытта Мәжілісте «Педагог мәртебесі туралы» және басқа да білім саласына қатысты заң жобалары қаралатынын жеткізді. 
Жамбыл облысына сапарын қоры­тындылай келе, Н.Нығматулин: «Жам­был облысында өткен кездесулер Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың барлық бастамалары жергі­лікті жерлерде табысты орындалып жатқанын көрсетті. Әсіресе әлеу­меттік сала, цифрландыру, кәсіп­орындарды жаңғыртуға арналған жоба­лар халқымыздың өмір сапасын жақ­сартып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп отыр. Алдағы уақытта да осы маңызды жұмыстар облыстың дамуына, сонымен бірге жастарды жан-жақты қолдауға серпін беретіні сөзсіз», деді.

Хамит ЕСАМАН, 

«Egemen Qazaqstan»

Жамбыл облысы