Қазақстан • 01 Ақпан, 2019

БҚМУ-да «Еуразиялық жол» атты халықаралық жиын өтті

1079 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Еуразиялық жол» атты халықаралық жиын өтті. Бұл шара Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың заманауи еуразиялық идеясының 25 жылдығына арналған.

БҚМУ-да «Еуразиялық жол» атты халықаралық жиын өтті

Суретті түсірген Рафхат Халелов

Батыс Қазақстан облысының әкімдігі мен М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті ұйымдастырған халықаралық дөңгелек үстел жиынына Ресей Федерациясы Орынбор мемлекеттік университетінің Оңтүстік Орал тарихы мен этнографиясы ҒЗИ мамандары мен зиялы қауым өкілдері қатысып, ой-пікір алмасты.

Еуразиялық жоба – 1990 жылдары Қазақстан басшысы ұсынған тұжырымдамалық ілім, егеменді Қазақстанның ұлттық-мемлекеттік стратегиясының маңызды бөлігі. Президент «халықаралық бірлестіктер тәжірибесін ұзақ зерттеп, ТМД елдеріндегі жағдайды жете талдап» «ықпалдасу үдерісін жылдамдату керек» деген қорытынды жасады. 1994 жылдың 29 наурызы күні Ресей Федерациясына ресми сапары шеңберінде Нұрсұлтан Назарбаев М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде сөз сөйлеп, онда Қазақстан басшысы жаңа аймақтық бірлестік – «Еуразиялық Одақ» құру жөніндегі идеяны дамытты. Назарбаевтың бастамасы ғылыми ортада үлкен қызығушылық тудырды. Әлем елдері еуразиялық жобаны талқылаған кезде Қазақстанды посткеңестік республика ретінде емес, қазіргі халықаралық дамуда өзіндік жеке орны бар мемлекет ретінде қарастырады.

- Елбасының Еуразиялық одақ құру идеясының негізінде ең алдымен Қазақстанның экономикалық мүддесі, елдің экономикалық даму болашағы тұрғандығы ақиқат. Сонымен бірге, Еуразиялық одақ тек қана Қазақстан мен Ресей арасында емес, бұл келешекте Еуразия кеңістігіне түгел таралатын үлкен идея деп ойлаймын, – дейді Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов.

Дөңгелек үстел барысында орынборлық ғалымдар да екі ел арасындағы мәдени-ғылыми байланыстардың өміршеңдігіне сенім білдірді. Осы жылы маусым айында Орал қаласында өткелі отырған бизнес форумға Ресей Федерациясының көптеген аймағынан кәсіпкерлер келуге ниет білдірген.

- Бұл форумға Орынбор облысынан ғана 50-ден астам кәсіпкерлік нысаны қатысады. Өйткені іскерлік байланыстар, екі ел кәсіпкерлерінің тәжірибе алмасуы екі жаққа да тиімді болмақ, - дейді Орынбор облысы мәдени және сыртқы байланыстар министрлігінің Шекаралық әріптестік және сыртқы байланыстар басқармасы төрағасы, вице-министр Александр Калинин.

«Евразиялық кеңістікте интеграция мәселелері өте өзекті. Экономикалық, саяси, қауіпсіздік тұрғысынан алып қарасақ та еуразиялық мемлекеттердің одағының болашағы зор, - дейді БҚМУ-дағы Қазақстан халқы ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі, осы жиынды ұйымдастырушылардың бірі Тұрар Шайхиев.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Батыс Қазақстан