Түркі Кеңесіне мүше төрт мемлекеттің өкілдерін бір арнада тоғыстырған дәл осындай тақырыптағы жиын алғаш рет 2015 жылы Әзербайжан астанасы Бакуде, 2017 жылы Ыстанбұлда өткен еді. Бауырлас елдердің басын қосқан биылғы басқосу елімізде алғаш рет шымылдығын түріп отыр. Ақпараттық коммуникация саласына жауапты ведомстволар үшін тәжірибе алмасудың озық алаңына айналған айтулы шараға Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреев, Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Түркияның Қатынас және инфрақұрылым министрі Мехмет Турхан, Қырғызстан Республикасы Ақпараттық технологиялар және байланыс мемлекеттік комитетінің төрағасы Бақыт Шаршембиев, Әзербайжан Республикасының Көлік, байланыс пен жоғары технологиялар министрінің орынбасары Эльмир Велизаде, сонымен қатар Венгрияның Инфокоммуникация, инновация және технологиялар министрлігінің мемлекеттік хатшысының орынбасары Кароли Солимар қатысты.
Басқосуда инфокоммуникациялық технологиялар саласындағы ортақ инфрақұрылымдық жобалардың дамуы мен аймақтық инновациялық экожүйені қарқынды нығайту мәселелері кеңінен сараланды. Бұл тұрғыда тараптар өз тәжірибелерімен бөлісіп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Түбі бір Түркі әлемінің интеграциясы, бауырлас елдер арасындағы өзара әріптестіктің нығаюы – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сыртқы саясаттағы басым бағыттарының бірі екендігін тілге тиек еткен Дәурен Абаев бүгінде экономика, саясат, мәдениет пен білім салаларындағы өзара қарым-қатынастар қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Министрдің сөзіне қарағанда, заман талабынан қалыс қалмай, ақпараттық-коммуникациялық технология бағытындағы әріптестікті күшейтуге күш салуға баса назар аудару керек. Өйткені бұл саладағы мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға әлі де айтарлықтай көңіл бөлінбей келеді.
– Өздеріңіз жақсы білетіндей, біздің ел өткен жылдан бастап «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруды бастады. Бағдарлама жоғары технологияларды енгізе отырып, әлеуметтік-экономикалық салаларды жан-жақты қолдауға, дамытуға бағытталған. Жобаларды жүзеге асыру үшін мүмкіндік жеткілікті. Өйткені Тәуелсіздік жылдары елімізде заман талабына сай ақпараттық-коммуникациялық ландшафт қалыптасты. Қазақстанда соңғы 10 жылдың ішінде интернет желісін пайдаланушылар саны 8%-дан 76%-ға дейін артты. Электронды үкімет жүйесі құрылып, қарқынды дамып келе жатыр. Осы жүйе бойынша тек қана өткен жылдың өзінде ел тұрғындарына 30 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген. Қазақстандағы ірі және шағын қалалар 4G байланысымен толық қамтылған. Ауылды жерлерді кеңжолақты интернет желісімен қамтамасыз етуге бағытталған жобалар да жүзеге асырылып жатыр. 5G байланысын сапалы енгізу мақсатында үш түрлі диапазонда радиожиілік шоғырын босатып отырмыз. Қазақстандағы цифрландыру жұмыстары 5 түрлі негізгі бағыттан тұрады. Олардың аясында халықаралық әріптестікті нығайтуға жол ашатын ондаған ірі жоба бар. Мысалы, 2018 жылы ЭКСПО халықаралық көрмесі өткізілген базаның инфрақұрылымында «Astana HUB» деп аталатын ІТ-стартаптардың халықаралық технопаркін құрдық. Ертең Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің технопарктері өзара бірігу жөніндегі декларацияға қол қояды. Осы орайда Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі елдеріндегі әріптестерімізді осы келешегі зор технологиялық альянстың мүшесі болуға шақырамын. Сондай-ақ біздің әзербайжандық әріптестеріміздің бастамасы бойынша «Трансеуразиялық суперақпараттық магистраль» құру жөніндегі жобаға тоқтала кеткім келеді. Оның мақсаты – Франкфурт пен Гонконгтің арасындағы еуразиялық елдердің аумағын қамтитын талшықты-оптикалық трансұлттық желі орнату. Транзиттік желі 6 мемлекеттің аумағымен өтеді деген жоспар бар. Бұл – болашағы зор жоба, – деді Дәурен Абаев.
Түркі кеңесіне мүше елдер арасындағы саяси байланыста Қазақстанның маңызды орынға ие екенін, осынау жоғары деңгейдегі ынтымақтастықтың ең маңызды рөлінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұрғанын айтқан Түркияның Қатынас және инфрақұрылым министрі Мехмет Турхан аталған басқосу тараптар арасындағы ақпараттық-коммуникациялық бағыттағы тығыз қарым-қатынастармен қоса экономикалық әріптестіктің де әлеуетін арттыратынын жеткізді. Берік байланыстардың нәтижесінде 25 жыл ішінде Түркия еліміздің тек құрылыс саласына 23 миллиард доллар инвестиция құйыпты. Бұдан өзге ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау кен, фармацевтика сынды сан саладағы бірлескен жобалар қос тарап үшін де тиімді нәтижесін берген.
Қырғыз Республикасы Ақпараттық технологиялар және байланыс мемлекеттік комитетінің төрағасы Бақыт Шаршембиев 2019 жыл Қырғызстанда аймақтарды дамыту мен цифрландыру жылы болып жарияланғанын айтты. Оның айтуынша цифрлы трансформацияны жетілдіруге негізделген жұмыстар айтарлықтай нәтиже берген. Десе де, аймақтардағы халықты тұтастай кеңжолақты интернетпен қамтып, қалаларды ақылды қала форматына көшіру ісі күн тәртібіндегі мәселе екенін жасырмайды. Цифрландыру саласын аяғынан нық тұрғызу мақсатында бірнеше маңызды стратегиялық құжат әзірленіп, нақты жобалар да жүзеге аса бастаған. Электронды үкімет, спутниктік қызмет және TASIM жобасы, талшықты инфрақұрылым мәселелері бойынша ынтымақтастықты барынша кеңейту қажет. Бүгінде ғаламтордағы киберқауіпсіздік әлем елдерін алаңдатып отырған өзекті мәселенің бірі. Оны жеке дара еңсеру мүмкін емес. Бақыт Шаршембиев Қырғызстан тарапы үшін бұл тұрғыда бауырлас мемлекеттермен тәжірибе алмасудың маңызды екенін баса айтты.
Ал Кеңестегі бақылаушы тарап Венгрия елінің Инфокоммуникация, инновация және технологиялар министрлігінің мемлекеттік хатшысының орынбасары Кароли Солимар бұл байланыстардың басты нысаны – мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық әріптестіктің ағынын күшейту деп есептейді. Сарапшының ойынша, ақпараттық байланыстардың нығаюы экономикалық өсімді еселеп арттырады.
Былтыр қыркүйек айында Қырғызстанның Шолпаната қаласында Түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммиті өтті. Саммит барысында қабылданған маңызды шешімнің бірі Түркі Кеңесіне мүше мемлекеттердің экономикасын дамытуға басымдық беру ісі. Осының негізінде ай сайын министрлік өкілдерін бір алаңда жинап кездесулер өткізуде. Бұған дейін Ташкентте сауда және өнеркәсіп палаталары басшылары, Бішкекте экономика министрлері, Қазақстанда кеден әкімшіліктері жетекшілері, Түркияда туризм саласының көшбасшылары бас қосқан. Былтырғы жылдың соңында жастар ісі жөніндегі министрлер Астанада өзара пікір алмасты. Мұның бәрі Түркі Кеңесіне мүше мемлекеттердің экономика саласындағы қарым-қатынастарының қарқын алуына бағытталып отыр.
– Ақпарат және коммуникация − өте маңызды саланың бірі. Бүгінде әлем халықтарының 52 пайызы интернет қызметін қолданады. Бұл әлемдік ақша айналымының үлкен пайызын құрайды. Егемендік алған тұстан бастап бауырлас елдермен жан-жақты байланыс Қазақстанның сыртқы саясатында басым бағытқа ие болды. Кеңеске мүше елдердің лауазымды тұлғалары Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты жалпы Түркі ынтымақтастығының архитекторы деп есептейді. Айталық, құрылғанына биыл 10 жыл толып отырған Түркі Кеңесі, Түркі Парламенттік Ассамблеясы, Түркі академиясы, «Түрксой» сынды халықаралық түркі интеграциялық ұйымдарының барлығы тікелей Н.Назарбаевтың бастамасымен дүниеге келді. Бүгінгі отырыс арқауы үзілмей келе жатқан рухани-мәдени, әлеуметтік-экономикалық сабақтастықты түрлендіре түседі деп сенеміз, – дейді Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреев.
Тараптардың ұйғарымы бойынша Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің инфокоммуникациялық технологиялар министрлерінің төртінші отырысы келер жылы Бішкекте өтпек. Бүгінгі жиын барысында қозғалған мәселелердің нәтижесі сол жерде сараланатын болады.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ