01 Ақпан, 2019

БҚО-да ақын Ақұштап Бақтыгереваның 75 жылдық мерейтойына байланысты шаралар тізбегі басталды

1581 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгерева 75 жасқа толады. Ақынның мерейтойына арналған шаралар тізбегі бүгін оның туған жері – Теректі ауданынан бастау алды.

БҚО-да ақын Ақұштап Бақтыгереваның 75 жылдық мерейтойына байланысты шаралар тізбегі басталды

Халқымыздың аяулы ақын қызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері, Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы, Құрмет орденінің иегері Ақұштап Бақтыгереева 2018 жыл қорытындысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ие болған еді. Ел-жұрты еркелетіп «Ақ Жайықтың ақ шағаласы» деп атаған ақынның 75 жылдық мерейтойы Батыс Қазақстан облысында жыл бойы жалғасады. Ақынның туған жері БҚО-ның Теректі ауданында өткен шарада Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев осылай деді.

Ауылдағы шараға Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы онлайн көпір арқылы жалғанып отырды. Кітапхана директорының орынбасары Ажар Хамитқызы Ұлттық кітапханада Ақұштап Бақтыгерееваның 1967 жылы жарық көрген «Өрімтал» кітабынан бастап барлық жинағы сақталғанын, мерейтойлық шаралар Алатау төрінде де ұйымдастырылатынын айтты.

- Мерейтойға орай жазба ақындар арасында «Ғаламат жыр тудырар ақын бейне» атты республикалық жыр мүшәйрасы ұйымдастырылады. Түрлі әдеби-мәдени кештер мен кітап көрмелері, тәрбие сағаттары, Ақұштап оқулары өтіп, Ақжайық мектебінде ақын сыныбы ашылады. Ақын мерейтойы қыркүйек айында туған жері – Ақжайық ауылында кең көлемде өтетін республикалық шарамен қорытындыланады, - деді Теректі ауданының әкімі Әділ Жоламанов.

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Ғайсағали Сейтақ Ақжайық пен Ақұштаптың ажырамастай егіз ұғымға айналғанын айта келіп, ақын шаңырағына өнер киесі қонғанын өлеңмен өріп берді.

- Ақ Жайық ақса қасынан,

Шабыт та шалқып тасыған.

Күйменен түндік түрілсе,

Өлеңмен қайта ашылар.

Көретін бәрін досындай,

Оралда үй бар осындай!

Ғазиза жетсе аңсап бір,

Қобыз да қалмас қосылмай, - деді Ақұштап ақынның өнердегі інісі Ғайсағали Самиғоллаұлы. Мұның мәнісі – ақын жары Ғабдырахим Маралұлының – шебер домбырашы, қызы Ғазизаның – халықаралық деңгейде танылған қобызшы екенін нұсқағаны еді.

Теректіде өткен шарада Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Айтқали Нәріков, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бауыржан Ғұбайдуллин, жергілікті ақындар Сағынтай Бисенғалиев пен Тілес Жазықбай да сөз сөйлеп, ақын шығармашылығы хақында ой бөлісті. Бұл кеш ақын жырлары асқақтаған, мерейтой иесіне халық махаббаты төгілген бір сәт болды.

Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиевтің айтуынша, өңірде әдебиетіміздің бірегей тұлғаларының есімдерін ұлықтау, шығармашылығын насихаттау жұмысы жүйелі жүреді. Мәселен, былтыр ақын Тайыр Жароков пен жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Хамза Есенжановтың 110 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Алдағы жылы Қазақстан халық жазушысы, КСРО және Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығы да жоғары дәрежеде тойланбақ.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Батыс Қазақстан