Бокс • 01 Ақпан, 2019

Бокстан әлем чемпионаты Екатеринбургте өтеді

473 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Ресейдің Сочи қаласында жалауы желбірейді деп жоспарланған бокстан әлем чемпионаты Екатеринбургте өтетін болды. Бұл мәлімет АИБА-ның ресми сайтында жарияланды.  

Бокстан әлем чемпионаты Екатеринбургте өтеді

Екатеринбург те Ресейдегі ең ірі қалалардың бірі. Урал федералдық округының орталығында 1 500 000 жуық халық тұрады. Сондай-ақ бұл жерде жақсы инфоқұрылым және керемет спорттық нысандар бар. Екатеринбургте аса ірі халықаралық жарыстар жиі өтіп тұрады. Сондай бір ірі жарыстардың бірі бокстан әлем чемпионаты 7-21 қыркүйек аралығында боөтеді.   

Естеріңізге сала кетейік, бокстан әлем чемпионатының тұсауы 1974 жылы Кубада кесілген еді. Сол кезден бері айтулы жарыстың жалауы 19 мәрте желбіреді. Соңғы жарыс 2017 жылы Германияның Гамбург қаласында ұйымдастырылды. Сол жарыстың командалық есебінде Куба құрамасы көш бастады. Олар 5 алтын және 2 күміс медальді олжалады. Өзбекстан құрамасы екінші орынға жайғасты. Олар 1 алтын, 3 күміс және 2 қоланы қоржынға салды. Ал үшінші орын жерлестерімізге бұйырды. Еліміздің былғары қолғап шеберлері 1 алтын, 2 күміс және 3 қоланы қанжығаларына байлады.

Ал жекелеген салмақ дәрежелері бойынша мына былғары қолғап шеберлері жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілген болатын: 49 кило – Хоанис Архилагос  (Куба), 52 кило – Йосвани Вейтия  (Куба), 56 кило – Қайрат Ерәлиев (Қазақстан), 60 кило – Софьян Умиа  (Франция), 64 кило – Энди Крус Гомес  (Куба), 69 кило – Шахрам Гиясов  (Өзбекстан), 75 кило – Александр Хижняк  (Украина), 81 кило – Хулио Сесар ла Крус  (Куба), 91 кило – Эрисланди Савон  (Куба) және +91 кило – Магомедрасул Меджидов  (Әзербайжан). 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

 «Egemen Qazaqstan»