Діңгектік жасушалар: ізденіс және тәжірибе
Бейсенбі, 1 қараша 2012 7:09
Қазіргі таңда әлемдік медицинаның, оған қоса қазақ медицинасының да күн санап дамып, жетіліп келе жатқанын дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Оған мысал ретінде елордадағы Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың «Ғаламдық көшбасшылыққа жету» жобасы бойынша 2010 жылы орталық базасында FDA (АҚШ-тың дәрі-дәрмектер мен тағам өнімдерінің сапасын қадағалау агенттігі) сертификаты бар өндірістік қазақстандық-америкалық зертхана ашып, сонда діңгектік жасушалармен жұмыс істеп жатқанын айтуға болады.
Бейсенбі, 1 қараша 2012 7:09
Қазіргі таңда әлемдік медицинаның, оған қоса қазақ медицинасының да күн санап дамып, жетіліп келе жатқанын дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Оған мысал ретінде елордадағы Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың «Ғаламдық көшбасшылыққа жету» жобасы бойынша 2010 жылы орталық базасында FDA (АҚШ-тың дәрі-дәрмектер мен тағам өнімдерінің сапасын қадағалау агенттігі) сертификаты бар өндірістік қазақстандық-америкалық зертхана ашып, сонда діңгектік жасушалармен жұмыс істеп жатқанын айтуға болады. Бұл жоба бойынша аталмыш орталық АҚШ-та қазақстандық жасуша технологияларын сынақтан өткізу мен халықаралық патенттер шығаруды да жоспарлап отыр. Біз бүгін осындағы тек өз еліміздің ғана емес, өзге де шет мемлекеттердің ауыр науқасқа шалдыққан тұрғындарын емдеуде өте тиімді нәтиже көрсетіп отырған діңгектік жасушалар зертханасының жұмысына тоқталуды жөн көрдік.
Діңгектік жасуша дегенді көпшілігіміз күнделікті естіп жүргеніміз рас. Оны денсаулық, әсемдік, мәңгілік жастық сыйлайтын дәрі – панацея деп те атайды. Жалпы, діңгектік жасуша дегеніміз – адам тіні мен барлық мүшесіндегі жасушалардың құрылуына негіз болатын жасуша. Ол ұрық дамуының бастапқы сатысында мол болады, яғни, ұрықтың өз басы бүтіндей ажыратылмаған діңгектік жасушалардан тұрады. Нәресте өмірге келіп, одан ержете бастаған соң оның діңгектік жасушалары он есе азаяды. Ал ересек адамдардың ағзасындағы бұл жасушалар тіпті аз, көбінесе қан құрамы мен сүйек кемік майында ғана кездеседі. Бұл жасушалардың негізгі қасиеті – адамның кез келген ағзасының және тінінің жасушаларының өсіп-дамуына себеп бола алатындығында. Егер ағзаның кез келген жерінде ақау пайда болса, медициналық жолмен енгізілген діңгектік жасушалар зақымдалған жасушаны алмастырады да, оның қызметінің қалыпқа келуіне себеп болады.
«Діңгектік жасушаларды практикада қолдана бастағанымызға аз уақыт болғанымен, ғылыми зерттеулер осыдан он шақты жыл бұрын басталып кеткен. Ол зерттеудің басында тұрған профессор Жақсылық Досқалиев екенін айтып кеткеніміз орынды. Әуелі Алматыда, одан Ақтөбедегі мемлекеттік медициналық академия базасында, сәл кейінірек елордадағы Ұлттық медициналық ғылыми орталықта бұл зерттеулер жалғасын тапты. Көп шаруа атқарылды. Діңгектік жасуша дегенді материал дейтін болсақ, сол материалды алудың, сақтаудың тиімді, ғылымға негізделген жолдары ұсынылды. Бұны практикаға енгізу жолындағы Қазақстан ғалымдарының еңбектері әлемдегі көптеген белгілі ғылыми журналдарда жазылып жатыр. Оның жаңалық екенін дәлелдеу жолында жиырма шақты патент алынды. Феталдық жасушаларды дерттерді емдеу тәжірибесіне енгізуде Қазақстан ғалымдары бірінші болып жаңалық ашты деп сеніммен айта аламыз», – дейді Ұлттық ғылыми медициналық орталық бас директорының орынбасары, профессор Әлихан Досаханов.
Діңгектік жасушаны тәжірибеде қолданып, науқастарды емдеп отырған мемлекеттердің арасында Қазақстанның орны бөлек екенін айтқымыз келеді. Расында, діңгектік жасушамен түпкілікті емдеу соңғы он жылдықта пайда болды. Біздің елімізде ауруынан айығып кеткен мыңдаған адамдардың алғысы мен дәрігерлердің батыл қадамдары діңгектік жасушалармен емдеуді күннен күнге танымал әрі сенімді етуде.
Діңгектік жасушалармен емдеудің тарихы тым қысқа екен деп тұжырым жасауға болмайды. Өйткені, медицина тарихында 1922 жылы түсік тінінен жасушалар алынып, науқастарға алғашқы діңгектік жасушалар ауыстырып салынғаны (трансплантталғаны) мәлім. Сондай-ақ, 20-шы ғасырдың ортасында Адиссон ауруына ұшыраған науқастардың бауырының астына феталды жасушалар ауыстырып салынып, олар ұзақ әрі тиімді терапевтік нәтиже бергені расталған. Оған қоса өткен ғасырдың қақ ортасында, 50-ші жылдары Е.Томастың ауыр лейкемияға ұшыраған науқасқа жілік майын ауыстырып салғаны да діңгектік жасуша тарихындағы жаңалықтың бірегейі. Сондай-ақ, швед неврологтары 1985 жылы Паркинсон ауруына қарсы алғашқы жасушаларды сәтті ауыстырып салуды жариялағаны медицина тарихынан мәлім. Діңгектік жасушалармен жұмыс істеу қазіргі күнде дамыған мемлекеттерде реконструктивті нейрохирургияның арнайы бағытына айналды. 80-ші жылдардан бастап әлемнің дамыған мемлекеттерінде діңгектік жасушалардың қайталанбас құрамы мен ерекшелігін зерттеуде, оны клиникада қолдануда нақты қадамдар жасалуда. Көптеген ауруларды емдеу үшін жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Ал біздің еліміз оны практикада қолдануды бастап та кеткені, ғалымдарымыздың үлкен энтузиазмы мақтаныш сезімін ұялатады. Өйткені, бұл көп шығын келтірмейтін әрі ота жасау сынды науқасқа біршама ауыртпалық әкелетін ем қатарында болмағандықтан, түптің түбінде клиникада кеңінен қолданыла бастайтыны күдік келтірмейді. Сондықтан емдеудің осы саласында тер төгіп жүрген дәрігер-ғалымдарымызды атап өткеніміз абзал. Олар – жасушалық технологиядағы қомақты бағдарламаның ғылыми жетекшілері профессорлар Ж.Досқалиев пен А.Байгенжин, зерттеуші профессорлар Б.Қаюпов, Ә.Жолдасбекова, А.Жүсіпова, С.Туғанбекова, Ғ.Шаймарданова, К.Қалиасқарова, М.Асқаров, медицина ғылымдарының кандидаттары Д.Жұманиязов, С.Сапарбаев, Н.Криворучко, Ә.Жұмахаева.
Медицинада діңгектік жасушаларды шыққан тегіне қарай эмбрионалды, феталды, кіндікбау қанынан және үлкен адамдардан алатын жасуша деп бөледі. Эмбрионалды діңгектік жасушаны бластоцистадан (3-8 апталық ұрық) алады. Бұл жасушаларды әртүрлі типтегі ағза жасушаларына қолдануға болады. Бүгінгі таңда әлемде эмбрионалды жасушалардың он шақты түрі алынып отыр.
Ғалымдар феталды діңгектік жасушаларды 9-20 апталық гестациядан (түсіктен) алуға болатынын айтады. Бұл жасушалардың өсу қабілеті бар әрі арнайы тіндерде жетілу мүмкіндігі жоғары екен. Сондықтан үлкен адамдарға ауыстырып салғанда бүлінген не «өлген» ағзаның орнында жетіліп, дәл сол ағзаның қызметін атқаратыны дәлелденген.
Діңгектік жасушаларды алуға болатын жолдың бірі, ол – бала туғаннан кейін жинап алынған плаценталық-кіндікбау қаны. Бұл қанның құрамында діңгектік жасушалар өте көп мөлшерде кездеседі. Оны діңгектік жасушалар криобанкісіне сақтаса, кейін бұл материалды кез келген тін мен органдарды қайта қалпына келтіру үшін пайдалануға болады, сонымен қатар түрлі ауруларды, тіпті ісік ауруларын да емдеуге болады.
Медицинада үлкен адамдардан алынатын діңгектік жасушалар «жетілмейтін» ағзалар деп есептеледі. Өйткені, ол ересек адамның әбден жетілген тінінде кездеседі де, тіпті оны өзгеге ауыстырып салғанда да сол жасуша алынған тінге салу қажет болады. Жалпы, ересек адамдардан алынатын діңгектік жасушалар аз мөлшерде кездеседі. Жоғарыда айтқанымыздай, көбінесе кемік майы мен қан құрамынан алынады. Кемік майынан алынатын діңгектік жасушаны медицинада гемопоэздік жасушалар деп те атайды. Ол әр адамның құрсақтағы кезінен бастап сүйек кемігінде пайда болып, көбейеді. Олардан адам қанының барлық жасушалары: эритроциттер, лимфоциттер, миелоциттер дамиды. Гемопоэздік діңгектік жасушалар көбінесе лейкоз ауруымен ауыратын науқастарға трансплантталады.
2007 жылы «Ұлттық ғылыми медициналық орталығы» акционерлік қоғамының базасында құрылған жасушалар технологиясы бөлімшесі 2010 жылы Жасуша технологиясы және трансплантация орталығы болып қайта құрылды. Орталық ой-пікірлері бір арнада тоғысқан биотехнологтарды, дәрігерлерді, ғалымдарды топтастыра білді, басшысы медицина ғылымдарының докторы Болатбек Қаюпов. Орталық мақсаты – феталдық жасушалар мен аутологиялық жілік майынан жасушалар алу, сақтау және ажырату үшін тиімді технологиялар жасап шығару дейтін болсақ, бұл күнде мекеме сол жұмыстардың үдесінен шығып отыр. Мұнда аутогенді және феталды жасушалармен бөлек-бөлек айналысатын екі бөлімше бар. «Ұлттық ғылыми медицина орталығы» АҚ бас директоры, профессор Абай Байгенжин діңгектік жасушалар алу үшін алдымен феталдық жасушалармен жұмыс істелгенін айтады. Феталдық жасушадан алынған материалды сақтау, оның ылғалдық температурасын, қоршаған орта деңгейін анықтау, сол арқылы сақтап қалудың барлық әдісі орталық мамандары тарапынан зерттеліп, практикаға енгенін баяндады. «Діңгектік жасушаларды ауыстырып салу, клиникаларда көріп жүргеніміздей, тікелей қан құю сияқты процесс емес, дейді Абай Байгенжин. – Медицина маманы емес адамдарға түсінікті тілмен айтатын болсақ, алынған материалды сақтайтын орын керек. Біздегі мамандар алдымен сол орынды нақтылады, яғни, жасушалар криобанкін жасап, жасушалар қорын дайындады. Бұл үлкен жаңалық. Біздің бұл жаңалығымыз АҚШ-тағы осы сала мамандарын да бей-жай қалдырған жоқ. Діңгектік жасушалар арқылы трансплантация жасаудың қауіпсіздігі мен нәтижелілігі белгілі болған соң АҚШ-тың Stemedika компаниясының өкілдері осында келіп, екі жақты қарым-қатынас жасалды. Ол бойынша нақты-нақты жоспарлар бар. Соның ішіндегі ең бір маңыздысы – АҚШ тұрғындарының біздің елімізде емделуі. Біз АҚШ тұрғындарына діңгектік жасушалар арқылы көмек көрсетуді Діңгектік жасуша және трансплантация орталығы ашылған 2010 жылдан бастап кеттік. Қазіргі таңда көптеген шетелдік науқастар жазылып шықты. Оған қоса біз өз еліміздің тұрғындарына да қызмет көрсетеміз. Зертхана ашылғалы бері 3 жарым мыңдай науқасқа қызмет көрсеттік», – дейді профессор.
Әңгіме иесінің айтуынша, діңгектік жасушамен емдеу 2005 жылдан бастап клиникаға енгізілген. Сол кезде Денсаулық сақтау министрлігінің, Ғылыми кеңестің рұқсатымен алдымен азғантай адамға зерттеу жүргізуге, қолдануға рұқсат берілді. Онымен қатар жүргізіліп отырған ғылыми жұмыстар осы кезге дейін бір сәт те толастамапты. Осы тұста айтылуы тиіс ең бір маңызды оқиға қазақстандық ғалымдар өздері ашқан жасушалық технологиялар саласындағы жаңалықтарды пайдалана отырып, қазіргі таңда АҚШ, Ресей, Кувейт, Тайланд, Сауд Арабиясы сынды мемлекеттер мен өз еліміздің тұрғындарын әртүрлі дерттерден құтқарып отыр.
Орталықта діңгектік жасушаларды зерттеу бойынша жұмыстар көптеген салаға бөлінеді. Соның ішінде ми зақымдануын, шеткі жүйке жүйесі зақымдануын, 1,2 типті сусамырды, А, В класына жататын бауыр циррозын, бүйрек жеткіліксіздігі ауруларын емдеуде діңгектік жасушаларды қолдану тиімді нәтиже беруде. Әсіресе, түрлі жағдайдағы апаттар барысында ми, жүйке жүйесіне зақым келіп, жүре алмай қалған адамдар осы орталықта емделіп, жүріп кеткенін айғақтайтын құжаттар бар. Бұл туралы біз газетіміздің осы жылғы 10 тамыздағы нөміріндегі «Көшбасшылыққа қадам» атты мақаламызда жазған болатынбыз. АҚШ-тың Stemedika компаниясының директоры Дэвид Хоудың, Ұлттық ғылыми медициналық орталық басшыларының, сондай-ақ, шетелден келіп емделген бір топ азаматтардың қатысуымен өткен баспасөз мәслихатынан жазылған сол материал негізінен орталықтың көшбасшылыққа ұмтылу барысындағы нәтижелі жұмыстары туралы еді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: медицинада кез келген әдістің өзіне тән қиыншылықтары болады. Бастысы бұл бағытта алғашқы қадамдар жасалды. Нәтижесі жаман емес. Олай болса жаңалыққа бірге қуанып, ары қарай ұзағынан сүйіндірсін деуді ғана айтқымыз келеді.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан».