2018 жылдың жұмысын қорытындылаған жиын елордада Татуласу орталығының ашылуымен басталды. Татуласу орталығы – еңбек және басқа да дауларды сот жүйесіне жеткізбей, татуласу жолымен шешуді көздейтін алаң. «2018 жылғы 19 наурызда әлеуметтік тұрақтылықты нығайту және қоғамдағы шиеленісушілікті азайту мақсатында Кәсіподақтар федерациясы мен Жоғарғы сот арасында ынтымақтастық меморандумы жасалды. Соған сай 17 аумақтық кәсіподақтар бірлестігі медиация жолымен еңбек, әлеуметтік дауларды шешу үшін облыстық және қалалық соттармен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойып, барлығында Татуласу орталығын құрған болатын. Сөйтіп өткен жылы республика бойынша 2140 медиациялық рәсім өткізілді. 980 еңбек дауының 872-сі медиациялық жолмен, ал 108-і келісім арқылы шешілді», деді Оқу орталығының директоры Жанар Үсіпбекова. Медиатордың айтуынша, меморандум шеңберінде сот корпусы мен кәсіподақтардың бірлескен жұмысы әлі де жалғасын табуда. Судьялар еңбек, әлеуметтік, отбасылық дауларды шешу үшін азаматтарды Татуласу орталықтарына жіберуде.
Алқалы жиында федерацияның бастамасымен жарық көрген «Кәсіподақтар: теория және практика» атты ғылыми монографияның тұсаукесер рәсімі де өтті. Авторлар бұл еңбектің еліміздегі кәсіподақтардың қызметі мен мәртебесіне монографиялық зерттеу жүргізіп, елдегі және әлемдегі кәсіподақ қозғалысының құқықтық негізі мен жағдайына талдау жасаған тұңғыш кітап екенін атап өтті.
Федерацияның бас кеңесінің отырысында Бақытжан Әбдірайым еңбек ұжымдарындағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының рөлін арттырып, еңбек заңдылығын сақтауға байланысты қоғамдық бақылауды күшейтудің, сондай-ақ әлеуметтік-еңбек қарым-қатынастарын реттеудің маңыздылығына тоқталды. «Қазір кәсіподақ мүшелерінің қатары 2 миллионға жетіп, еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйымға айналды. 22 салалық кәсіподақ, 16 аумақтық кәсіподақтар бірлестігі, 18 мыңнан астам бастауыш ұйым бар. Өткен жылдың өзінде 470 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылып, 35 мыңнан астам адам кәсіподақ қатарына қосылды», деді федерация төрағасы.
Б.Әбдірайым еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік әріптестермен бірге Қазақстанның барлық өңірінде «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасы жүзеге асып, «Еңбекті қорғау саласында профилактика мәдениетін бірге көтереміз!» республикалық акциясы және «Кәсіподақтар федерациясындағы еңбекті қорғау жөніндегі үздік техникалық инспектор» конкурсы өткенін жеткізді. Оның айтуынша, әлеуметтік әріптестермен бірлесе жүргізген жұмыстың нәтижесінде 2017 жылмен салыстырғанда былтыр өндірістік жарақат 1678-ден 1568-ге (6,6 пайызға), жұмыс жағдайында қайтыс болғандар 244-тен 216-ға (11,5 пайызға) азайған.
Басқосуда еліміздегі ірі және орта кәсіпорындарда өндірістік кеңестерді арттыру қажеттігі де айтылды. «Жұмысшылардың еңбек құқын тиімді қорғау үшін жасалатын ұжымдық келісімшарт 2018 жылы 2017 жылмен салыстырғанда 77 750-ден 92 645-ге (16,1 пайызға) артты. Дегенмен шағын бизнес саласында ұжымдық келісімшартпен қамту әлі де төмен. Былтыр 1 наурызда басталған «Еңбек шартын жаса!» республикалық акциясы аясында еліміз бойынша 10 мыңнан астам жұмыс беруші 37 мың жұмысшымен еңбек шартын жасасты. Федерация табысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көтеру жөнінде мониторинг жүргізетін республикалық және аумақтық штабтардың жұмысына белсене қатысады. Қазіргі уақытта ұжымдық келісімшартта қарастырылған разрядаралық коэффициенттер мен тарифтік мөлшерлемеге өзгерістер енгізу жөнінде жұмыс жүргізіліп жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдына төменгі еңбекақы мөлшеріне байланысты критерийлерді айқындау қажеттігі туралы мәселе қойылды. Ауыр, зиянды және қауіпті еңбекпен айналысатын жұмысшылардың еңбекақысына байланысты бірыңғай жүйе қарастыру туралы да мәселе көтерілді. Үкіметке өндірісте зардап шеккендерге өтемақы төлеу мәселесі жөнінде ұсыныс жасалды. Биыл Жастар жылының жариялануына орай Кәсіподақтар федерациясы еңбек жастарының әлеуметтік және басқа да көкейкесті мәселелерін шешуге бағытталған бірнеше республикалық іс-шара өткізуді жоспарлап отыр», деді Б.Әбдірайым.
Сондай-ақ жиында әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты комиссияның жұмыс сапасы мен деңгейін көтеру, өңірлік келісімдерді табысты жүзеге асыру, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының әлеуетін арттырып, лайықты еңбек жағдайларын жасау үшін биылғы жылды аймақтар жылы деп жариялауға ұсыныс айтылды.
Майгүл СҰЛТАН,
«Egemen Qazaqstan»