Аймақтар • 04 Ақпан, 2019

Қостанай облысында VII-VIII ғасырларға тиесілі мүсін табылды

466 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен жазда Денисов ауданындағы Покров ауылдық округінің аймағында мал бағып жүрген фермер Сергей Стяжкин үлкен тас тауып алады. Анығы – тауып алмайды, күнде көріп жүрген, өзі қойтас деп ойлайтын тасты сол күні «таныды» десе болар.

Қостанай облысында VII-VIII ғасырларға тиесілі мүсін табылды

Сергейдің қызығушылығы оянады, тастың бекер тас емес екенін іші сезеді. Қоңыр түсті қойтасты аударыстырып көргенде одан адам кеудесінің мүсінін көреді. Кең иықты, сол қолында қылыш, оң қолымен тостаған ұстап тұр. Жағасын қайырған, белін жалпақ белбеумен буған. Әттең батырдың басы жоқ, мойнының орны тұр. Мүсіннің «жауырыны» саналатын ту сыртында рунаға ұқсайтын «жазуды» көруге болады. Денисов аудандық музейінің қызметкерлері күзде тасты алып келіп, жәдігерлер қорына қосты.

– Тас шамамен 200 килограмм болып қалады. Атпалдай екі жігіт арқанмен шырмап байлап, көлікке зорға сүйретіп салды. Мұны тапқан Сергей Стяжкин де, біз де ежелгі мүсіннің басын трактор табаны сындырған болар деп ойлаймыз. Тың көтеру кезінде дала айқыш-ұйқыш жыртылды ғой. Мүмкін бұрын жердің астында жатқан тас соқаның тісімен сыртқа шығып қалған шығар, – дейді музей директоры Наталья Таран. 

Сергей Стяжкин мүсіннің басын бір шақырымдық аумақта ерінбей іздепті. Таба алмаған. Тасты қызықтаған кімге болса да «мүмкін бас әлі жердің астында жатқан болар» деген ой келеді. 

Тас мүсіннің суретіне қарап, Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкері Ғалия Базарбаева алғашқы пікірін айтыпты. «Бұл Қазақстан ғана емес, Еуразия үшін бірегей олжа. Шамамен біздің дәуіріміздің VII-VIII ғасырына жататын, яғни Түрік қағанаты уақытына сәйкес келетін дүние. Исламға, буддизмге дейін Еуразия даласында түрік-моңғол көшпелілері тәңірге табынған дәуірде ежелгі бабаларымыз ғибадатханаға, ордаларға осындай мүсіндер қоятын болған. Бұл мүсін сол дәуірдегі Ұлы дала тарихының Қостанай өңіріндегі ізі» деп түсіндіріпті ғалым-археолог. 

Уақыт осылай бабаларымыздың тасқа жазған хатын бізге жеткізіп отыр. Тастан батыр, ел билеген қағанның тұлғасы елестейді. Қолындағы қылыш, жағасы қайырылған киім, әшекейлі белбеу, оң қолындағы қымыз ішкен тостаған дүниені дүркіреткен түркі қағандарының бейнесін сағым арасынан алып өткендей болады. 

Музей ұжымы бассыз «қағанның» зерттеушілерін күтіп отыр. Музей директорының айтуынша, ғалымдар келсе тек тас мүсінді ғана емес, ол табылған өңірді де қоса зерттейтін болады. Айтпақшы, музей қызметкерлерінің «мүсіннің басы табылса, қанекей» деген арманы да бар. Тек қаған дәуірінде ғана емес, қазақ даласында басы жоғалған батыр аз болып па еді?..

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Egemen Qazaqstan»

Қостанай облысы,

Денисов ауданы