26 Қазан, 2012

Мәриям БАЙРАМУКОВА: «Қазақ халқына алғысымыз шексіз!»

531 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мәриям БАЙРАМУКОВА: «Қазақ халқына алғысымыз шексіз!»

Жұма, 26 қазан 2012 7:30

 Павлодардағы «Эльбрус» этномәдени бірлестігінің  төрайымы

– Мәриям апайқарашайбалқарчеркесжәне қабарда жұрттарының басынан өткенқуғын-сүргін жаныңызға қат­ты бататын болар?

Жұма, 26 қазан 2012 7:30

 Павлодардағы «Эльбрус» этномәдени бірлестігінің  төрайымы

– Мәриям апайқарашайбалқарчеркесжәне қабарда жұрттарының басынан өткенқуғын-сүргін жаныңызға қат­ты бататын болар?

– Мен сол кезде бар-жоғы 2-ақ жаста екенмін. Әке-ше­ше­лері­міз ата-бабаларымыз мекен еткен Солтүстік Кавказ жерінен қуылды. Депортация біздің ұл­ты­мыз үшін трагедия, зұлмат болды. Себеп-салдарсыз халық жаулары атанды. Қолдарында еш­те­ңе де қалмаған, үйсіз-күйсіз    қа­рашай, балқар, қабарда, черкес отбасылары қазақ жеріне жүк вагондарымен жөнелтілді. Қуғын-сүргінге түсті.

Өткенді еске алу оңай емес. Қазақтар бізді қарсы алды. Өз­де­рі де арып-ашып отырғанымен жа­зық­сыздан қуғынға түскен­дер­ді рухани күйзелістен, кемсіту­ші­лік пен аштықтан аман алып қа­лып, сорпа-суымен, нанымен бө­лісті. Осы күні қазақ жеріне тағ­дырдың ауыртпалығымен келген қайсы ұлт өкілі болмасын қазақ хал­қы­на айтар алғысы шексіз. Сол бір қиын уақытта бізді бауырына  басқан қазақ­тардың кең пейіл, бауырмал қасиеті болмаса, қазір не болар едік.

Осы күндері Успен ауданында  Жанғозыновтар отбасы тұрады. Отағасы  Хасан Шақойұлы Жан­ғо­зы­нов – балқар. Осы баланы қазақ Ақпаш Жанғозынов балалар үйінен асырап алып, өсіріп, білім берген еді. Ал бүгінгі күні осы қазақ-балқар әулетінен өсіп шыққан ұрпақтар еңбек етіп, қызмет жасап арамызда жүр. Мен де солай, әке-шешеммен бірге қазақ отбасында өмірге қадам бас­тым. Екі жасымда осы жерге келіппін дедім ғой.  Төлебайдың отбасында 8 жан болса, әке-ше­шемнің 11 баласы бар еді. Осыншама адам  – бәріміз бір қазаннан ас іштік, ержетіп, ел қатарына қосылдық. Өзімізді паналатып өсірген ауыл біздің Отаны­мыз­ға айналды.

Құлағымызда үлкендерден жиі еститін Эльбрус деген бір-ақ сөз жүретін. Кейін ержеткенде бұл сөздің, бұл таудың біздің ұлт өкілдері үшін баға жетпес құ­ді­ретті екеніне мән беріп, көз жет­кіздік. Әкем Алботты, кішкентай болдым ғой, аға-апайларымның айтқандары­нан ғана білемін, ой­ла­­ғанымда өз балалары үшін жанын пида еткен қайсар жан көз алдыма келеді. Осы қазақ ауылында жерленген.

– Өмір жолыңыз қалай басталды?

– Мен Ташкент, Алматы уни­верситеттерін бітірдім. Біздер 60-жылдардың студенттеріміз ғой. Заңгер мамандығын алып шық­­тым. Қызмет жолын облыс­та­ғы Ақсу қаласында бастадым. Қала­ның әкімшілік басқару орын­дарында, комсомол ұйым­да­рында белсенді жұмыс атқардым. Осы күні қалада жұмыс жасап тұрған алып зауыттар, станса­лар­дың құ­рылысы қалай жүргізіліп, қалай іске қосылғаны біздің көз алдымызда жүзеге асты.

– Тұрмыс құрдыңыз, отба­сы­ңыз болды?

– Әринеқазақ жігітіне тұр­мысқа шықтым. Жақсы күндер кеш жетсе де үмітіміз, арман-мақ­сатымыз қайта оралғандай бол­ды. Әке-шешелеріміз сағы­ныш­тан көз жастарын тауысқан, егіле еске алатын Эльбрус тауына да барып, мұң-шерді тарқатып қай­татын бақытты сәтке қол жетті. Өз ұлтыңның өсіп-өнген, та­мыры, түбі жатқан елді, жерді көру қаншалықты мәртебе екенін түсіндік. Аллаға шүкір, қуғын-сүргінге ұшыраған аз ұлт өкіл­дерінің де тынысы кеңейіп, бұтақ жайып, ұрпақтары жалғасып жатыр. Қазір бар қуанышым – немерелерім.

– Өзіңіз басқаратын  «Эльбрус» этно-мәдени бірлестігі қиын күндердің орнын толтыр­ғандай бола ма?..

– Жоғарыда айтқанымдай, бала кезден құлағымызда Эльбрус деген сөз жүрді. Әке-шешелердің көз жасын төккен сағынышы үшін осы орталықты үлкендерге құрмет, тағзым ретінде «Эльбрус» деп атадық. Біздің  бір­лес­тік бұл күндері облыста тұратын қара­шай­лар, балқарлар, черкес­тер мен қабарда өкілдерін бір ша­ңы­­рақ­қа біріктіріп отыр. Өңірде қарашай-черкес және қабарда-балқар  ұлысынан 1200-ден астам өкіл тұрса, соның 900-і – бал­қарлар. Бүгінде біз өзімізді Ассамблея деп аталатын Қазақстан хал­қы бірлестігінің кішкентай отауы деп сезінеміз. Облыс орталы­ғында Елбасының өзі келіп аш­қан «Дос­тық үйі» бар. Сонымен қатар, ор­талық көшелердің бі­рін­де «Достық аллеясын» құрдық. Елі­мізде өзге ұлт өкілдері үшін бар­лық жағдай жасалған ғой. Бір күнде әке-шешелерімізді бауырына басқан қазақ халқы енді олар­дың ұрпақ­тарын да құшағына алды.

Біздің өзіміз өмір сүріп отырған ел экономикасының дамуы мен гүлденуі жолында еңбек етіп жүрген ұл-қыздарымыз аз емес. Мысалы, Мұхтар Хайтаев  облыста  мал шаруашылығымен айналысады. Қазақ тілінде ағып тұр. Бірлестіктің ақсақалдар ке­ңе­сіне төрағалық етеді. Ұлты­мыз­дың тілін,  дәстүрін қайта оралту үшін ашылған «Жаңғырту мектебінде» балқар тілін үйрету бөлімшесі құрылды. Онда қазір 30-дан астам бала білім алуда. «Эльбрус» орталығы өз ұлтының мәдениетін, тілін, дәстүрі мен салтын ғана емес, қазақ тілін де үйретуде. Елбасы – Қазақстан халқы Ассамблеясының Төраға­сы Нұрсұлтан Назарбаевқа әр­дайым алғыс айтып отырамыз. Ол кісіге ұзақ ғұмыр берсін. Өр­кениетті әлемде «ұлттық бірлік» ұғымы – ортақ мемлекетті бір­ле­сіп жасау, толеранттылық, аза­мат­тық және өз еліңнің мемле­кеттік тілін  білу қағидаттарымен өлшенеді. Олай болса, біз бұл мақсатқа қол жеткіздік деп ойлаймын.

– Балуан Ислам Байрамуков сізге туыс па?

– Біздің ұлт өкілі Людмила Хочиева Мәжіліс депутаты болды. Ұлтымыздың еленгені деп қуандық. Ислам Байрамуков балуан баламызбен мақтанамыз. Екеуі де қазақ елінің патриот ұл-қыздары. Екеуі де қазақ тілінде еркін сөйлейді.

Менен Байрамуков сіздің туысыңыз ба деп жиі сұрап жатады. Мен мақтанышпен «иә» деп жауап беремін. Бәріміз де күні кешегі қуғын-сүргінге ұшыраған аз ұлт өкілдерінің ұрпағымыз. Ата-бабаларымыз бір Эльбрус­тың түбінен  өсіп шыққан соң,  біздер қашанда, қай жерде жүр­сек те туыспыз, ағайынбыз дей­мін. Кешегі күні қуғынға түскен ұлт өкілдерінің бұтақтары өр­кен­деп, жайылып өсіп келе жат­қа­нына  мың тәубе айтамын.

– Сіздердің билеріңіз керемет. Естуімізше, Мәриям  апай, сіз де жақсы билейтін көрі­несіз?

– Тағы да Эльбрус тауы еске түседі. Қазаққа мына кең даласынсыз өмір жоқ. Екі қазақтың бірі әнші, әнші болатыны – әуен, ән шақырып тұратын даланың табиғаты. Ал біздің ұлт­тың ғажайып би билеуі осы тау­дың құдіреті. Өзім де билеймін. Билегенде  ұлтымның  бүкіл тағ­дыры – көрген қорлығы,  қуаны­шы, жақсылығы, алдағы өмірі – бәрі-бәрі сол әуеннің, бидің ыр­ғақтарында жазылып тұрғандай әсер етеді.

– Рахмет әңгімеңізге, барша мұсылманның ұлық мерекесі – Құрбан айт қабыл болсын!

– Бірге болсын. Елге тек амандық, жақсылық тілеймін!

Әңгімелескен  Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан».

ПАВЛОДАР.