Қазақстан • 04 Ақпан, 2019

Агроөнеркәсіпті қолдаудың 4 бағыты

692 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығы еліміздің экономикасын дамытудың негізгі драйвері ретінде айқындалғаны белгілі. Таяуда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев аталған сектордың маңызына кезекті мәрте тоқталғанына куә болдық.

Агроөнеркәсіпті қолдаудың 4 бағыты

«ҚазАгро» холдингі жыл санап агроөнеркәсіпті кешенді қаржылай қолдау көлемін ұлғайтып келеді. Мәселен, 2018 жылы АӨК-ді дамытуға бөлген қаржы көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда бір жарым есе асып түсіп, 400 миллиард теңгені құрады. 2017 жылы бұл көрсеткіш 267 миллиард теңге болған еді. Несиелеу көлемі де 57 пайызға өсіп, 385 миллиард теңгеге жетті. 

Холдингтің жұмыс орын­дарын ашу, халықты жұмыс­пен қамту бағытындағы нәти­же­лері­н­е тоқталар болсам, 2018 жылы 67 мың адам еңбекпен қам­тыл­ды. Олардың 11 мыңы жаңа­дан ашыл­ған жұмысқа орналасты. 

Жалпы, «ҚазАгро» ұлттық басқару­шы холдингі Мемлекет бас­шысы міндеттеген, страте­гиялық және бағдарлама­лық құжаттарда жоспарланған аг­рарлық бағытты берік ұс­танады. Бүгінгі таңда холдинг нақ­ты 4 бағытта айтарлықтай жоға­ры нәтижелерге қол жет­кізіп келеді. Олардың әрқай­сысына қысқаша тоқтала кетер болсам, бірінші бағытымыз – инвестициялық жобаларды қаржыландыру. Біздің инвестициялық портфелімізде жалпы құны 504,9 миллиард теңгеге тең 672 инвестициялық жоба бар. Бұл жобалардың аясында 22 мыңға тарта жұмыс орны ашылуға тиіс. 

Жалпы құны 482,6 мил­лиард теңгені құрайтын 647 ин­­вес­­тициялық жоба іске қо­сыл­­ды. Оның ішінде былтыр жүзе­ге асырылған 115 жобаның құны – 147,8 миллиард теңге. 

Екінші бағыт – 2017-2021 жыл­­дарға арналған Нәти­же­лі жұ­мыспен қамту және жап­­­пай кәсіпкерлікті дамыту бағ­дар­ламасының аясын­да қар­жы­ландыру. 2017 жылы хол­динг­тің еншілес кәсіп­орындары 28,8 миллиард тең­генің микро­не­­сиесін бе­рген болатын. Бұл да жос­­­п­ар­­ланған межеден 6 па­­йыз жоғары көрсеткіш. Осы оң нә­ти­желерден кейін қаржы­лан­­­дыру көлемін 44,8 миллиард тең­геге дейін ұлғайтып, 11 мың не­сие­герді қамту керек деген ше­шім қабылданды. Сөйтіп, өт­кен жылдың қорытындысы бо­йын­ша «ҚазАгроның» енші­лес компаниялары 11 мың 155 адамға 44,7 миллиард теңге несие берді. 

2018 жылы старт-ап жобаларын жүзеге асыру үшін 8 872 қатысушы жалпы көлемі 31,2 миллиард теңге несие алды. Бұл көрсеткіш те жоспардағыдан үш жарым есе жоғары. Бұдан бөлек зәкірлік кооперацияларды дамытуға – 6,5 миллиард теңге несие үлестірілді. 

Холдинг қызметіндегі үшін­ші басты бағыт – «Сыбаға» етті мал шаруашылығын дамыту аясында несиемен қаржылан­дыру. «Сыбаға» етті бағыттағы мүйіз­ді ірі қараның санын еселеп арттыруға септігін тигізді. Ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер үшін ең қолжетімді несиелеу бағдар­ламасы осы деу­ге болады. Мал шаруашылығы саласында тәжірибесі аз, бірақ соған қара­мастан осы салада бизнес бастау­ға бекінген көптеген азаматтар үшін «Сыбаға» үлкен мүмкіндік болды. 

Осы үшінші бағыт бо­йын­ша бастапқыда 50 мың бас мал сатып алуға қаржы бөлу жос­парланған-ды, кейін бұл көр­сеткіш 55,8 мың басқа жетті. Одан бөлек 164,7 мың ұсақ мал сатып алуға қаржы бөлінді. 

Лизинг бағдарламалары аясындағы қаржыландыру да «ҚазАгро» ұстанатын басты бағыттардың бірі саналады. Былтыр ауылшаруашылық тауарын өндірушілерге лизинг бойынша 63 миллиард теңгеге 3426 бірлік техника ұсынылды. Бұл бағытта да көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 36 пайызға асыра орындалды.

Тобылбек ОМАРОВ,

«ҚазАгро» ҰБХ» басқарушы директоры – аппарат басшысы