Қазақстан • 04 Ақпан, 2019

Былтыр 7 мыңға жуық азамат оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған

265 реткөрсетілді

Аймақтық квота бойынша былтыр 6766 азамат Қазақстанның оңтүстігінен солтүстігіне көшті, деп жазды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің фейсбук парақшасында.

2018 жылы көшіп келушілерді қабылдаудың аймақтық квотасы -  1517. Қоныс аударатын отбасы немесе 6363 адам деп белгіленген болатын. Осы жоспар бойынша бір жыл ішінде 6766 адам (1 858 отбасы) көшіп, жоспар 106 пайыздық көрсеткішпен орындалды. Еске сала кетсек, еңбек ресурстарының ұтқырлығын ынталандыру үшін «Еңбек» өнімді жұмыспен қамту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама бойынша Үкіметтің айқындаған аймақтарына ерікті түрде қоныстанған тұлғаларға мемлекеттік қолдау шаралары көзделген.

Халықтың көші-қоны туралы» туралы ҚР Заңына сәйкес, қоныс аударушылардың Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстарынан көшуі көзделген. Ал қоныс аударушыларды қабылдау аймақтары ретінде Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары белгіленген. «Ерікті түрде қоныс аударушыларға субсидия беріледі: яғни әрбір отбасы мүшесіне 35 АЕК (88 мың теңге) көлеміндегі біржолғы төлем және тұрмыстық үй-коммуналдық төлемдердің құнын ай сайын төлеу үшін отбасына 12 ай ішінде 15-тен 30 АЕК-ке дейін (39 мыңнан 76 мың теңгеге дейін) төленеді. Бұдан басқа 2018 жылдан бастап, жұмыс берушілерге жұмысқа тұрақты қабылдаған әрбір жұмысшы үшін (кемінде 5 адам) 450 АЕК (1 136 мың теңге) мөлшерінде субсидия беріледі. Сондай-ақ көшіп келушілер мен оралмандар арасында жаңа бизнес-идеяларды дамытуға бағытталған жаңа тетік те іске қосылды. Бағдарлама қатысушыларына жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін 100 АЕК (252 мың теңге) көлемінде  мемлекеттік гранттар берілуде.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қоныс аударушыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері де қарастырылған. 2019 жылдан бастап бағдарламаға жұмыс берушілердің қатысуымен қоныс аударған адамдар үшін тұрғын үй салу және сатып алудың жаңа тетігі енгізілді. Солтүстік Қазақстан облысында пилоттық жоба жүзеге асырылғаннан кейін қабылдау механизмін басқа аймақтарға да қолдану жоспарланып отыр. Алдағы үш жылда бұл жаңа тетік 3000-ға жуық қоныс аударушыны тұрғын үймен қамтамасыз етеді.

Талдау жұмыстары көрсеткендей, көшіп-қонушылардың жартысынан көбі Павлодарға (31%), Шығыс Қазақстанға (27%), Солтүстік Қазақстанға (22%), Қостанай облысына (16%) қоныстанған. Олардың басым бөлігі Түркістан облысынан (36%), Алматыдан (28%), Жамбылдан (15%), Қызылордадан (13,5%), Маңғыстау облысынан (2,7%) көшкен. Қоныс аударушылардың 48 % немесе 3 665-і жұмыс жасындағы жандар. Олардың ішінде 2020 адам немесе 70% жұмыспен қамтылды. Бұдан басқа, 180 адам кәсіпкерлік қызметпен шұғылданады.

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар