04 Ақпан, 2019

ҚазАТУ қос дипломды білім беруге көшпек

693 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Біз мақсатты бағытымыздың алғашқы межесіне қол жеткізгендік. Күні кеше Парижде әлемдегі  ең үздік 10 аграрлық ЖОО-ның қатарына кіретін AgriParisTech университетімен (Франция) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

ҚазАТУ қос дипломды білім беруге көшпек

Бұдан былай, біз француз профессорларымен халықаралық деңгейдегі жаңа оқу бағдарламаларын бірлесе әзірлеп, білім беру үдерісіне енгізетін боламыз, ал әрі қарай, егер барлығы жоспарлағанымыздай болса, олармен қос дипломды білім беруге көшеміз. Мұндай міндетті біздің алдымызға Премьер-Министрдің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Ө.Е.Шөкеев, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының  басшылығы қойып отыр.

Бізге осындай ауыл шаруашылығы бағытында білім беретін әлемдік көшбасшының келуін «тың өзгерістерге жасалған алғашқы қадамның басы» деп бағалаған жөн. Дегенмен, бұл шешімді француз әріптестеріміз ҚАТУ-дың оқытушылары мен студенттерінің әлеуетті мүмкіндіктерін жан-жақты зерттеп, ұзақ ойланып барып қабылдағанын айта кету керек. Мұндай көшбасшылармен серіктестікке қол жеткізу де оңай емес, себебі бұл университеттер үшін өздерінің жеке имиджі бірінші орында.

Енді, ең бастысы, ҚАТУ-дың Даму бағдарламасын табысты, әрі мерзімінде жүзеге асыру үшін мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлу қажет.

Алдағы уақытта біз де өз елімізде әлемнің үздік университеттеріндегі сияқты ауыл шаруашылығының кәсіби мамандарын дайындай алатынымызға сенімдімін. Өйткені біз мұны қалай істеу керектігін білеміз және кезіндегі Сингапур, Малайзия, Аргентина, Чили, Қытай және басқа да елдердің жетекші университеттері өткен жолмен жүріп келеміз. Бірақ олардың қалыптасуына мемлекет қолдау көрсетіп, қаржыландыруы арқасында қазіргі деңгейге жетіп отыр.

Бізге де бүгін мемлекет тарапынан осындай қолдау қажет. Дамыған елдердің қол жеткізген нәтижелерін көре отырып, бір жерде тұра беруге болмайды. Біз «білім беруге салынған инвестиция– қайтарымды инвестиция» дейміз. Ендеше, мұны нақты жобалармен іске асырудың уақыты келгендей.

Ақылбек КҮРІШБАЕВ,

С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ ректоры