Тәрбие • 04 Ақпан, 2019

«Қобыланды батыр» жырын жатқа айтқанға миллион теңге беріледі

1365 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасы 6-10 сынып оқушылары арасында «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауын жариялады. Жоба аясында 107 беттен тұратын «Қобыланды батыр» жырын 50 000 оқушыға толық жаттату көзделген.

«Қобыланды батыр» жырын жатқа айтқанға миллион теңге беріледі

«Бұл жоба мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласымен де, биылғы Жастар жылымен де тығыз байланысты. Басты мақсат – оқушыларды рухани адамгершілік қырынан дамыту мен қазақ халқының «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қобыланды» және т.б. эпостары арқылы қазақ халқының бай этно-мәдени және философиялық мұрасы негізінде тәрбиелеу болмақ», - деп мәлімдеді Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев.

Байқау республика бойынша 5 000 мектептен 50 000 оқушы мен 25 000 мұғалімді қамтиды.

«Негізгі бағыт - тарихи эпостарды жаттау. Туындыны толық жатқа айту, мәнерлеп оқу, эпостағы әр сөздің мағынасы мен мазмұнын түсіну басты талаптардың бірі. Поэтикалық тексті меңгеру арқылы оқушы тарихты да терең түсіне бастайды. Сондай-ақ, есте қалатын поэтикалық мәтін оқушының сөйлеу мәдениетін, сауатты жазуын қалыптастырады. Осылайша, әдеби шығармаларды талғаммен таңдауына негіз қалайды. Сонымен қатар, бұл жобаның «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған ұлттық кодты қалыптастыру үшін де ықпалы зор болмақ», - деді Ақпарат және коммуникациялар министрі.

Жоба аудандық, облыстық, республикалық 3 кезеңнен тұрады. Оқушыларға арналған жүлде қоры бойынша аудандық кезеңде 1-орын үшін 150 000 теңге, 2-орын 100 000 теңге, 3-орын 50 000 теңге, ал облыстық кезеңде 1-орын үшін 1 000 000 теңге, 2-орын 600 000 теңге, 3-орын 300 000 теңге сыйақы беріледі.

Сондай-ақ, облыстық кезеңде жеңімпаз атанған оқушылардың мұғалімдеріне де ақшалай жүлде қоры ескерілген.

«Жоба еліміздің 6-10 сынып оқушылары арасында өтеді. Қатысушылар «Қобыланды батыр» жырын жатқа айтып, жырдың ішіндегі көнерген, тарихи сөздердің мағынасын ашып, "Қазақ әдебиеті" оқулығы бойынша әзірленген сұрақтарға жауап береді. Сонлдай-ақ, алдын ала бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған тақырыптар бойынша эссе жазады», - деп атап өтті Дәурен Абаев.

Айта кетсек, жоба Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен «Qazaq Epos» қоғамдық қорының бастамасымен, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, «Хабар» Агенттігі және жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен жүзеге асырылады.