05 Ақпан, 2019

Аустралияны бағындырған 66 жастағы IT-маман

647 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Жастық шақта болған оқиға еді. Жамбыл аудандық «Екпінді еңбек» (қазір – «Атамекен») газетіне «66 жасар желаяқ» деген мақалам шықты. Іле ол «Лениншіл жас»(«Жас Алаш») газетінде жарияланды. Даңқты Сейдахмет аға Бердіқұлов басқарып отырған республикалық басылымдағы жарияланған бірінші мақала – марапаттың төресі, мақтаныштың көкесі екен. Кеңес Одағының бір қиырынан екінші қиырына (Мурманск – Владивосток) жаяу жүгіріп шыққан 66 жастағы мәскеулік желаяқ Ұзынағаштың үстінен өтіп, екі сағатқа аялдап, құрметпен шапан киіп кеткен еді сонда. Сол желаяқ пен сол мақала есімде мәңгі сақталып қалып қойыпты. Ұзақ жылғы тілшілік өмірде екінші рет 66 жастағы айрықша жан туралы жазуға тура келіп тұр. Мұндай да сәйкестік болады екен...

Аустралияны бағындырған 66 жастағы IT-маман

Ертеде қуғын көріп, тарыдай шашырап, елден еріксіз шалғай көшкен қазақтар бүгінде төрткүл дүниенің төрт бұрышына өз ер­кі­мен барып жайланып жатыр. Оған қазір таңданбайтын болдық. Жат елде мәңгілікке қа­лып қояйық деген ешкім жоқ. Ойлары – үйренсек, білсек, елге – жас мемлекетімізге пайдалысын алып қайта оралсақ. Солардың бірі – Әпілхан Бадыраққұлов. Бір топырақта, бір ауылда туып-өстік. Ол мектепті бізден бір сы­нып жоғары бітірді. Кейін Ал­ма­тыда ауылдас болғандықтан да ұзақ жыл бірге араласып, қа­­­рым-қатынас жасап тұрдық. Мен – газетте, «Политехтің» авто­мат­тандырылған басқару жү­йе­сі (АСУ) факультетін бітірген ол – Алматы ауыр машина жасау зауытында инженер-электроншы болып қызмет істеді. Тау баласы емес пе, альпинизммен беріле айналысты. Сөйтіп жүріп альпинист орыс қызына үйленді. КСРО құлап жұрт жақсы өмір іздеген тұста, Әпілхан Германиядан автокөлік қуып келіп жүрді. Ит арқасы қияннан Алматыға жеңіл көлік «Мазда»-дан бастап, сегіз доңғалақты ауыр жүк тасымалдаушы «МАN»-ға дейін талмай тасыды-ай, сабазың! Оның ерекше еңбекқорлығына ауылдас құрбы-құрдастары бала кезден тәнті едік. Содан жүре-келе Ал­ма­тыда фирма ашты – аудио-видео техникалар сатып көрді. 

Әпілхан жасы 60-қа таяғанда фран­цуз тіліне ден қойды (Ол кез – оның неміс, ағылшын тілдерін бір кісідей меңгеріп тастаған тұсы). Канадаға бармақ, сол ел­де­гі екінші тілді біліп ал­ып, ақ­па­раттық технологиялар (ІТ) са­ласы бойынша қызмет іс­теу ойы бар екен. Хабардар жүрдім. Бі­рінші сынақтан тамаша өтті. Екін­шісі алты айдан соң еді, өкі­ніш­ке қарай, «жасыңыз асып тұр» деген сылтаумен тізім­нен сызы­­лыпты, бір жылғы дайын­дық, шелектеп төккен тер текке кетті. Үнемі жымиып, кейде кең­­кілдеп күліп алатын Әпіл­­хан­­ның сондағы мойыған тү­рін байқамадым. Әпілханның «Ка­нададан қал­дыр­ған» 60-ын шағын топ жиылып, Алматының «Веранда» мейрамханасында тойлап та тастадық. Бір қызық айтайын. 2014 жылы мен қызмет істейтін америкалық мекемеге, менің өтінішіммен, Әпілхан ІТ-инженер мамандығы бойынша түйіндеме тапсырды. Біз­де­гі оның екі әріптесі, әсіресе, америкалық директор (ол да «ай-тиші» маман болатын) бәрі, шынын айтайын, «тез шақыр да шақыр» деп «қырылып» қала жаздады. Ауылдасымның бұған дейін бірнеше шетелдік ме­ке­мелерде компьютерлік қыз­мет саласындағы істеген тә­жіри­бе­сіне сырттағылар «аһ» ұрып жат­қанда, керемет білікті досым үшін менің де төбем көкке жеткендей масаттандым. Қатты сүйсіндім. Келді. Бірақ айлыққа қосымша өзі сұраған екі жүз АҚШ долларын қоспағаны үшін Әпіл­хан келісімге қол қоймай кетті. Мекемедегі қазақстандық екін­ші директордың «екі ай қыз­мет істеңіз, америкалық еңбек тәртібіне сай сізге айтқан соманы сосын қосамыз» дегеніне көнбеді ғой Әпілхан сонда көнбеді. Бір жағы екінші директордың қыты­мыр­лығына кейіген біздің мекеме «ай-тишілерінің» «мықты жігіт, өзінің бағасын біледі» дегені де есімде. 

Тынымсыз досым бір күні «Жаңа Зеландиядан бір қызмет таптым, құдай қаласа, Кира екеу­міз азанда ұшамыз. Аралға барып, жайласып алайын, содан соң, хабар­ласармын, кешір...» деп теле­фон соғып тұр. «Ақ жол!» тілеп, аяқ астынан айтарға сөз таппай қала бердік!

Содан бері де арада үш жыл­­дан аса уақыт зымырап өтіп­ті. Скайп­­қа төтеннен шық­қан Әпіл­ханым «Сиднейден, Аустра­лиядан хабарласып тұр­мын» дейді. «Ой, сен Жаңа Зеландияға кеттім деп ең ғой» деймін туысқанымның дауысын естіп, жүзін көргеніме қуанып. «Жаңа Зеландия мен Аустралияның арасы Алматы мен Астананың қашықтығындай-ақ, тек шалқып жатқан мұхиттың суы демесең?!. Қазір Сиднейде тұрып жатырмыз» дейді әдеттегі таныс күлкісімен. Байланысуға қолының тимегенін, жүгіріп жүріп жұмыс істегенін, тіпті, ұйқы-күлкі көрмегенін бір демде баяндап шықты. Әрине, сендім, сенбегенде ше, ол мен білетін артық сөзі жоқ Әпілхан емес пе?! Қазір Сиднейде жаз ортасы екен. «Астанада – -40 градус дейді, Сиднейде – +40 градус. Қолымыз қалт етсе, суға түсеміз. Мен серфингке жаман үйреніп алдым, мұхиттың толқынына ұрынғым ке­ле­ді де тұрады. Керемет...» дейді. Әпілханның ауылдағыдай «жаман үйреніп алдым» деген сөзі көңіліме хош берді. «Жердің бір бүйірі Аустралияда жүріп те қазақшаны ұмытпай күшті сөй­лейсің ғой өзің...» деп риза кө­ңілі­мен бір күлдіріп алдым. Аустра­лияның негізін қалаған ағыл­шындар болғандықтан да онда ағылшындық тәртіп пен тәлімге, өте-мөте тілі жағына басымдық беріледі екен. «АҚШ-тың тілі мен сленгі бұл жерде кәдеге де аспайды, білесің бе? Таза ағылшынша өмір, талап өте күшті» деді. «Үш жыл бойы жүгірдім (Тер төктім дегені.). Қазір жүгірмеймін, бір бөлме берді. Бұл жерде ол хан сарайына кіргенмен тең. Аустралия астанасында орналасқан бар­лы­ғы бес банкке және ірі үш ком­панияға компьютерлік ең жаңа тех­нологиялық желі бойын­ша қызмет көрсетеміз. Мен топ­тағы жетекші маманмын. Әріп­тестерім де, бас офистегі жетек­ші­лерім де сыйлайды. Әрине, сондай дәрежеге көтерілу оңай болмады...» 

Шын жүректен қуанышты еке­німді жеткіздім. Дереу көп­ші­­лік­ке аян оқиғаны алға тартып «Әпілхан, «Сидней-2000» Олимпиадасында біздің Бекзат Саттарханов... Олимпиада чемпионы атанған, сол жарыс өткен сарайға бара алдың ба?» деймін. «Ол – «Олимпик Парк» деп аталады. Күн сайын қасынан өтемін – жаяу да, көлікпен де. Бекзат Саттарханов, Ермахан Ибраимов, Ольга Шишигина... Олимпиада чем­пион­дарының аты-жөні ес­керт­кіш ретінде жазылған. Бары сол. Қазір ол күнделікті қала хал­қы жаттығатын, жарыс өт­кі­з­­етін спорт алаңы саналады.» 

Әпілхан екеуміз Алатаудың баурайындағы мың-сан бұлақ-бас­тау­дың ортасында жайылып жайласқан жалғыз ауылда туып-өстік. Шөбі шүйгін, суы мөлдір, шығы саф... Біресе қымызды, біресе қып-қызыл боп сүрленген қазыны, таба нанды, жұпар шашқан алма бақты, қызғалдақты, шақпақ тасты айтып, жастық шақты әбдан еске алдық. Сағынып-ақ қалыпты... Әпілхан кенет «Жақсы қызмет, жақсы ел, айлық жақсы, қуанып жүрсің-ау дейтін шығарсың? Шынымды айтайын, қуанышты ойлауға уақыт жоқ. ІТ өміріндегі жедел өзгерістердің тездігі ол жайлы ойлауға мүмкіндік бер­мей­ді. Network Administrator жаңарды, IIS Admin басқаша, Database Admin түрленіп тұр, Cloud Administration туралы әңгіме мүлдем басқа» деп ашыл­ды-ай бір. Ол айтқан ақ­пар­аттық-технологиялық бағ­дар­ла­малардың көбінен бейхабар болсам да, әңгімесін ұйи тың­дап, «ішін босаттырып» алдым. Әрине, соның бәрін қазіргі за­ман­ның жүрдек сәтінде мең­­геріп қана қоймай, қолда ұс­тау үшін де бағдарламашы-ин­же­нерге біліктілік пен уақыт қа­жет. Кәсіби қызметінде бір ми­нут қалғуға болмайтынына қара­мастан Әпіл­хан­ның әдет­те­гідей спорттан қол үзбеуі де өзіне ғана тән алғырлығы мен ойлылығы деп түйдім. Онсыз болмайды. 

Әпілханның әрбір әңгімесінен (ватсаппен немесе скайппен) әй­те­уір, бір қызық естимін, ғажап! Сен оны айтасың, бір мәрте Кира екеу­міз алғашқы жылы еді, Брис­бен қаласынан Сиднейге пойыз­бен қайттық. Танымайтын жер. Жүгіміз бар, асығып жүріп Кира кішкентай қол сөмкесін вагонда қалдырып кеткен. Үйге келген соң бір-ақ біліп, қатты өкіндік. Ішінде төлқұжаттан басқа да керекті әлеуметтік кардтар, 300 доллардай ақша қалған. Сенесің бе 3 күннен соң үйге түйіншек келді. Ораманың сыр­тында жазылған хатта «Ха­ным, кешіріңіз, сіздің 300 доллар ақшаңыздан 7 доллар алып, пошта қызметіне төледім» деп жазып­ты. Міне, көрдің бе?! Әріптестерім алғашында «Сенің аты-жөніңді айту тілге қиындау екен (Әпілхан Бадыраққұлов!). Қысқаша «Алекс» деп атасақ қарсы емессіз бе деп қиылды. Мен айттым, бізде бала туған кезде құлағына оның есімін атап үш рет айқайлайды. Ол атты өзгерту халықтық дәстүрге қарсы шығу дедім. Үйреніп алды. Бас офистегі ең үлкен бастығымыз өте қатал, кірпияз әрі маңғаз кісі еді, қазір ол да «Әпілхан» дейді. 

Жұбайы медбике Кираны ағыл­­шын тіліне оқытқан да өзі. Қазір біздің ауылдың Аустра­лия­­дағы орыс келіні сондағы пә­­кіс­тандықтарға, үндістер мен қы­тай жұмысшыларына ағыл­шын тілінің әліппесін үйретеді. «Отбасылық бюджетке аздап бол­­са да тиын-тебен түсіп жа­­­тыр» деп күледі Әпілхан. – Мұн­­­да құрылыс материалы сон­дай­­лық қымбат емес. Ал құ­ры­лысқа керекті құрал-сайман – су тегін. Есесіне жұмыс қолы удай қымбат қой, удай қымбат. Сондықтан соңғы үш жылда жи­на­ған ақшамызға қаланың бір бұрышынан шамамыз же­тіп игеретіндей жер сатып ал­дық. Шағындап үй саламыз. Сен­дер Бағдат екеуің қыдырып кел­сеңдер, қазақшалап, үйде ж­ата­­сыңдар, шын айтам. Ал қо­нақ үйге білесің бе, қанша тө­лей­тініңді, естісең шошисың, Аус­тра­лияға келгің келмейді...» Иә, тынымсыз Әпілхан енді Сид­ней­дің төрінен үй салмақ. 

Осы арада Әпілхан екеумізге ғана мәлім бір сырдың құпиясын ашуға мәжбүрмін. Мұхит асып жүрген бауырымның ол үшін рен­жімейтінін білемін. Оның ар­маны – қазіргі ол қызмет етіп жүрген банк желісіндегі компьютер­лік қызмет түрін түптің-тү­бінде Қазақстанға алып келу. Оның еш мемлекеттік құпиялығы жоқ. Пернетақтада күні-түні от­ыр­­ған ақыл иесі қалай шешсе, солай болады. Ондай мүмкіндік бар Әпілханда. «Бұл секілді қызмет ету желісі ТМД-да жоқ. Біздің республикада бірінші... сонда көршілер бізбен байланысуға мүдделі болады.» «Неге қазір емес?» «Біріншіден, олар бұл қызмет түріне де, маған да дәл қазір зәру емес, екі жылдан соң, бәл­кім одан да бері, өмірдің өзі салаға осы желіні қосады, уақыт мәжбүрлейді.» Өзіне де, сө­зі­не де, әрине, ісіне де сенімді Әпіл­ха­ным дәл осылай деді. 

Айта берсе, бұл Әпілханның әңгімесі таусылмайды. Қызығы да көп. Осындайда ғой «Түу шіркін, әр қазақ осы Әпілхандай болсай-шы?!» дегің-ақ келеді екен. Әпілхан туралы бір қоспасы жоқ осы жазған мақалам арқылы оқырманға титтей ой салмақ ние­тім еді. Өмір ағысы мен мұхит тол­­қы­нын теңдей тізгіндеген ал­ғыр да қайсар жанның ерекше еңбекқорлығы, өмірге құш­тар­лы­ғы көпке үлгі болар-ау деген үміттемін. Тіл үйренудің жас талғамайтынын көрсеткен Әпілхан! Ел-жер талғамай өнер-білімге құштарлықтың шы­найы­лы­ғын көрсеткен бұл Әпілхан! Баяғыдай емес, қазір Әпілхандай Жер шарының әр бұрышында қазақтың рухын, Туын көтеріп жүрген азаматтарымыз қаншама! Солар туралы да бір сәт ойланып қояйықшы демек ем! Қай тарапта жүрмесін, олардың жүректері «Менің Қазақстаным!» деп дүр­сіл­­дей соғып тұратыны және ақи­қат. Оны мен Әпілханнан бүгінгі болмысынан өте жақсы білемін!..

Талғат СҮЙІНБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ