ҚАЗАҚСТАНЫМ – ҚАРАШАҢЫРАҒЫМ!
Жұма, 12 қазан 2012 7:05
Біз талайы заманда тарыдай шашылып кеткен қандастарын атамекенге жинаған әлемдегі үш елдің бірі болдық.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Бүгін Алматыда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының 20 жылдықмерейтойы аясында екі күнге созылатын мерекелік іс-шаралар басталып, «Ғылым ордасында» Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетініңқолдауымен «Мемлекеттік көші-қон саясатының құрамдас бөлігі ретіндеэтностық қазақтарды Қазақстанға бейімдеу: жетістіктер, мәселелер жәнеоны шешу жолдары» атты халықаралық ғылыми-практикалықконференция өтеді. Ертең бұл алқалы жиын шетелдік отандастардыңқатысуымен М.О.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драматеатрында «Атамекен және шетелдегі қазақ жастары» атты өнерфестиваліне ұласпақ. Ел Президентінің Алматыдағы резиденциясындаМемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед шетелдегі қазақ мәдениорталықтарының басшыларын қабылдайды деп күтілуде.
Жұма, 12 қазан 2012 7:05
Біз талайы заманда тарыдай шашылып кеткен қандастарын атамекенге жинаған әлемдегі үш елдің бірі болдық.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Бүгін Алматыда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының 20 жылдықмерейтойы аясында екі күнге созылатын мерекелік іс-шаралар басталып, «Ғылым ордасында» Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетініңқолдауымен «Мемлекеттік көші-қон саясатының құрамдас бөлігі ретіндеэтностық қазақтарды Қазақстанға бейімдеу: жетістіктер, мәселелер жәнеоны шешу жолдары» атты халықаралық ғылыми-практикалықконференция өтеді. Ертең бұл алқалы жиын шетелдік отандастардыңқатысуымен М.О.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драматеатрында «Атамекен және шетелдегі қазақ жастары» атты өнерфестиваліне ұласпақ. Ел Президентінің Алматыдағы резиденциясындаМемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед шетелдегі қазақ мәдениорталықтарының басшыларын қабылдайды деп күтілуде.
Ұлт ұйысқан ұлы сәт
Уақап ҚЫДЫРХАНҰЛЫ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Қауымдастықтың құрылуына негіз болған әрі шеттегі қазақтарға тұңғыш мемлекеттік сапар Түркиядан басталды десем артық айтқандық емес. Бұл 1991 жылғы 25 қазанда болып еді. Ыстамбұл әуежайындағы ресми қарсы алған топтан оңаша тұрған жүз жастағы Хамза Жақияұлының (туған жері – Қазақстанның Зайсаны, кезген жері – Моңғолия, Шыңжаң, Шанхай, Гансу, Тибет, Үндістан, Пәкстан, Түркия) Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алақанын қос қолдап ұстап, үні күбірлеп, маңдайына ұмсынып бара жатқаны көңілді бір толқытып жіберді. Әуежай алдындағы үлкен алаң құжынаған халық. Бәрі қазақ. Бізді көре сала шапалақ соғып, қол созып, ұрандап кетті. Әуежай есігінің алдындағы гүл газонының жиегінде мүйіздеріне қызыл жібек байлаған үш қошқарды көлденең тартып, үш жігіт тұр. Есіктен шыға берген Нұрекеңді қауіпсіздік оғландарының қақпайлауына қарамастан, үш қазақ (Мәжит, Мәнсүр, Құланбай) қолтығына кіріп, қаумалап, гүлді көгалжай жиегіндегі мүйіздеріне қызыл жібек байлаған үш қошқардың алдына әкелді.
– А, Құдай. Ақсарбас!
– Аумин. Бата беріңіз!
– Аллаһу акбар!
«А, Құдайлаған, Абылайлаған, Алаш, Алаш, Ақжол!» деп ұрандаған, қазаққа қуат, патшаға парасат, ұлтқа рух тілеген ұрандар мыңдардың үнімен ұласқанда мидың мыңғы-дыңғысын шығарып, жүректі жұлқындырып жіберді. Сілкінбеген сезім, тасымаған тамыр жоқ. Тіпті, Алматыда азан естісе құлақтарын басып алатын біздің «құдайсыз» құрдастарымыз алақандарын аспанға жайып, анау мыңдармен бірге мінәжат етіп тұрды. Жүйкесі беріктердің жүйкесін босатып, жүрегі жылылардың жанарына жас толтырған осынау ұлы тебіреніс менің әріптестерімнің есінде қанша қалғанын білмеймін.
Ертесінде «Мәрмәра» мейманханасының әдемі залында Түркия қазақтарымен кездесу болды.
– Ал, ағайындар, әңгіменің аузын ашайық, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. – Бұл біздің ресми емес, туыстық табысуымыз болсын.
Манаураған мұң, өкінген өксік, өзеуреген өтініш жоқ, салиқалы сұхбат жүріп жатты. «Тәуелсіздік неге тез жарияланбайды?». «Сырттағы ағайындардан не күтесіз?», «Бар қазақтың басын құрап, ақыл қосатын кез жеткен жоқ па?», «Қос азаматтық, босқындық, көші-қон қалай, қашан шешіледі?» деген сұрақтар туды.
– Сырттағы ағайындардан күтетініміз – бауырмалдық, береке, ұлттық біртұтастық. Сіздерде бізде жоқ бірталай артықшылықтар бар. Ол – сауда, іскерлік, кәсіпке бейімділік. Ағайын болып қайта орал, мейлі, бірлесіп кәсіп құр. Елім дейтін азаматтардың көмекке келетін кезі жетті. Қазақстан азаматтығын беру – менің ісім. Қос азаматтық, босқындық зерттеп, зерделеуді қажет етеді. Тәмам қазақты түгел көшіріп аламын дей алмаймын. Біртіндеп келе беріңіздер. Ал, бар ағайынның басын құрап, ақыл қосуға біз де асығып жүрміз. Оған қам жасалып жатыр. Алла тағала алдымыздан ақ жол ашсын!..
Осыдан бастап, қазақ диаспорасының мәселесі мемлекеттік заң аясына алынып, тәуелсіз мемлекет құрудың қат-қабат шаруасымен қатар жүріп жатты. Сол жылғы қараша айының 18-і күні Қазақстан Үкіметі алыс-жақын шетелдерден келіп жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда орналастыру тәртібі туралы қаулы қабылдады.
16 желтоқсанда жарияланған Тәуелсіздік туралы Конституциялық Заңның 7-бабында қандастарды қара шаңыраққа қайта оралту, оларға мемлекеттік қамқорлық аса жылы сезіммен, айрықша айқын жазылды. Желтоқсанның 30-ы күні Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақ радиосы арқылы шетелдердегі ағайындарға сөз арнады. Ел тәуелсіздігімен құттықтады. Атамекенге шақырды барша отандастарды.
1992 жылдың 26 маусымында отандастардың Қазақстанға көшіп келуі туралы 1991 жылғы қаулыны жетілдірген жаңа қарар алынды.
Құрылтай шақырудың дәл қарсаңында (23 қыркүйек. 1992 ж.) «Шетелдердегі қазақ диаспорасының өкілдерін Қазақстанда болған кездерінде әлеуметтік-экономикалық жеңілдіктермен қамтамасыз ету туралы» арнайы қаулы қабылданды…
1992 жыл, 26 қыркүйек. Алматы әуежайы. Бірер сағат бұрын бастарында керей тымақ, белдерінде кемер белбеу, кісесіне күміс сапы іліп, иығына бұлғын салған үлкен-кішісі бар Моңғолия қазақтары ұшақтан «Елім-айлап» түсіп, Алатаудың бөктерін бір сілкіндіріп еді. Іле-шала келіп қонған «Түрік әуе жолдары» лайнерінен төгілген қалың қазақ траптан түсе, ағайынға аман-сәлем жасамастан, атамекеннің қасиетті топырағын құшып жатты. Қолдарында көгілдір жалауша, төстерінде Қазақстан картасын бедерлеп құйған төсбелгі. Міне, енді үстерінде ақ жібек шапан, бастарында ақ сәлде, қолдарында Құран, ауыздарында иман – Иран қазақтары түсіп жатыр.
1991 жылғы 29 қыркүйек. Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайында әлемнің 33 елінен келген 800 қандастарымыз отырды. Осы ұлы басқосуда Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылып, оның төрағалығына Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды.
Ағайындар Арқаны аралады. Қазақ ұлысының керегесін көтерген Алаша ханның, Алтын Орда уығын шанышқан Жошының зираттарына зиярат жасады. Түркістанға тәу етіп, Қожахмет Ясауидың рухына хатым түсірді. Соңы Алматы облысының Дегерес жайлауындағы ұлы дүбір тоймен тарады.
Бұл құбылыс Тәуелсіздік тарихына ұлт ұйысқан ұлы сәт және елдіктің ең алғашқы тойы болып жазылды.
Алматы.
Қазақстанмен мақтанамыз!
Сұлтан ЖАНБОЛАТОВ,
Қытай Халық Республикасындағы ШҰАР Білім комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Достық» орденінің иегері.
Қазақстан қолына қайта алған тәуелсіздік жылдарында ерекше қарқынды даму үлгісін көрсетті. 20 жыл ішінде өзге елдер үшін одан да көп жылды қажет ететін ұзақ та табысты жолды басып өтті. Тиімді нарықтық экономика құрды. Әлеуметтік мәселелердің көбі біртіндеп шешімін табуда.
Талай елмен салыстырсақ, Қазақстанның жетістігі – керемет зор табыс! Қазақстан мемлекеті өзінің Ұлт көшбасшысы бастаған ұлы халқының арқасында көркейіп, әлемнің барлық еліне танылды. Осы ретте Қауымдастықтың және ол тығыз байланыс орнатқан қазақ диаспорасының атқарған рөлі де аса зор. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Қытай мен Қазақстанның арасындағы достықты, мәдени байланысты, диаспорамен барыс-келісті жандандыруда көп жұмыс тындырып, өзі өтеуге тиісті міндеттерді тыңғылықты атқарып келеді.
Қазір 7000-нан астам Қазақстан жастары Қытай жоғары оқу орындарында білім алуда. Олардың 2000-ға жуығы Бейжіңде. Қазақстанда білім алып жатқан Қытайдағы қандастар да аз емес. Екі ел басшыларының биылғы келісімі бойынша Қазақстанның мәдениет күндері 2013 жылы Қытайда, Қытайдың мәдениет күндері 2014 жылы Қазақстанда өтпек.
2011 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Тәуелсіздік – біздің басты жетістігіміз, баға жетпес жеңісіміз. Тәуелсіздік алумен жас ел тарихында жаңа кезең басталды. Бұл жасампаздық, сенімді әрі серпінді даму кезеңі болды», деген еді. Рас айтады. Қазақ диаспорасын елге тартатын басты күш те осы басты жетістік, баға жетпес жеңіс – қайта оралған тәуелсіздік. Елбасының «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», дегені де бар. Біз қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге қарай ілгері басқан әр қадамына қуана қараудамыз. Қазақ диаспорасын Қазақстанға қарай тартатын ең алып күш – осы екеуі.
Алыстағы ағайын хаты
Әбдірахман ШЕТИН,
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының
Төралқа мүшесі (Германия).
Біз атажұрттан алыста жүрсек те Қазақстанның жаңалықтарынан үнемі құлағдармыз. Бұл ретте шетелдегі отандастарға арналған “Caspіonet” телеарнасына рахметіміз мол. Осы арқылы Еуропадағы барлық қазақтар атажұртта болып жатқан саяси, экономикалық, мәдени оқиғалардан хабардар болып, қуанып жатады.
Қай кезде болмасын өзіміздің қазақстандықтармен қанымызбен бірге жанымыз бен тілегіміз де бір екенін айтқым келеді. Мәселен, осы жылы Лондонда өткен ХХХ жазғы Олимпиада ойындарында қазақстандық спортшылар алып шаһардағы қазақ ауылына жайғасты. Ел намысын қорғауға келген інілерімізге барып сәлем беруді, олардың жанында болып қолдау көрсетуді парызым деп білген әрбір Еуропа қазағы сол жаққа қарай атбасын бұрды. Ол жерге күллі Еуропа, соның ішінде Германия, Швеция, Франция, Австрия мемлекеттерінен қазақ жастары жиналды. Біздің қазақ жастары олимпиадашылардың алғашқы жеңістеріне, қуанышты көз жастарына, өкініштеріне, батырлықтарына куә болды. Ойынның алғашқы күні Қазақстанның көк байрағы көкке көтерілген кезде бізді мақтаныш кернеді. Бәріміз: «Бұл – қазақтың байрағы, менің байрағым!» деп жар салдық сүйіншілеп тұрып.
Мұндай мерейлену Еуропа қазақтарының құрылтайы кезінде, сонау 2008 жылы Парижде өткен айтыс кезінде де болғаны есімде. Еуропа қазақтары осындай шаралардың басы-қасында жүргендерін мәртебе тұтады, сондай-ақ жыл сайын Қазақстанға баруға да асығады. Оған, әрине, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жыл сайынғы басқосуы себеп. Әлемдегі қазақ атаулыны бір атажұрттың шекарасына өтуге ықпал ететін Қауымдастық – күллі қазақтың қара шаңырағы.
Биыл да сондай торқалы той жыл сайынғы дәстүр бойынша Данияның Аархус қаласында өтті. Бұл жолы біздің Кіші құрылтайға Қазақстанның «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры қаржылай демеушілік жасап, ағайынның арқасына түсетін ауыр жүктің біраз бөлігін көтеріп алды. Осы қордың тізгінін ұстаған азаматтарымызға Қауымдастықтың торқалы тойы үстінде алғыс айтуды жөн көріп отырмын. Алдағы уақытта да Қазақстан тарапынан осындай демеушілік танытушылар игі іске мұрындық болады деген үмітіміз бар.
Біз, Еуропа қазақтары, жанымызбен, жүрегімізбен Қазақстан үшін болысамыз. Әрдайым елдің жетістігі мен жеңісіне қуанамыз. Қауымдастықтың 20 жылдық мерейтойы құтты болсын, ағайын!
Оралмандар – еңбек қоғамында
Базарбай ИМАНОВ,
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының
Ақтөбе облысы филиалының төрағасы.
Ақтөбе облысына 2002 жылы отбасыммен көшіп келіп қоныстандым. 2005 жылғы III құрылтайға, 2011 жылғы IV құрылтайға делегат ретінде қатыстым.
Президенттің тапсырмасымен 2008 жылы желтоқсанда Қазақстан Үкіметінің «Нұрлы көш» бағдарламасы жасалды. Бауырларымызды құшақ жая қарсы алған еліміздің бірден-бір өңірі Ақтөбе облысы болды. Бұл өңірде тәуелсіздік жылдарында Өзбекстаннан 31 857 адам, Ресейден 2777 адам, Түркіменстаннан 2356 адам, Моңғолиядан 3098 адам, Қытайдан 701 адам, Ираннан 46 адам, Тәжікстаннан 33 адам, Қырғызстаннан 23 адам –барлығы 8178 отбасы, 40 891 адам келіп қоныстанды.
Мемлекеттік және өңірлік «Нұрлы көш» бағдарламасының жүзеге асырылуына сәйкес Хромтау ауданы, Көктау ауылында 2010-2011 жылдары жалпы сомасы 1 256 981,6 мың.теңгеге (300 пәтер, әрбіреуі 4 238,6 мың. теңгеден) 75 төрт пәтерлі тұрғын үй салынды. Әрбір 4 пәтерлі тұрғын үйге жалпы аумағы 40 сотық жер телімі (бір отбасыға 10 сотық) беріліп, абаттандырылды. Барлық үйлерге электр қуаты, жылу-газ, су құбыры және ағын-су құбырлары тартылды. Ауылда 600 орындық мектеп және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым қатарға қосылды.
Елбасымыздың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласына орай Отанға оралған қандастарымыздың еңбек тынысын, елді дамытудағы үлестерін, жетістіктерін сарапқа салу мақсатында Қауымдастықтың облыстық филиалы мен облыс әкімшілігі бірлесіп Ақтөбе қаласында қыркүйектің 14-і күні аймақтық «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қандастарымыздың қарышты қадамы» атты конференция өткізді. Конференцияда Ақтөбе облысының әкімі А.Мұхамбетов және Қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары Т.Мамашев баяндама жасады. Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарынан келген делегаттар жарыссөзге шығып, сөз сөйлеп, нақты ұсыныстар айтып, алдағы міндеттер мен мақсаттарды ортаға салды.
Көп балалы оралман ана Дүрдан Мұстафаева Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Алтын алқа» мемлекеттік марапатына ие болды. Сондай-ақ «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы негізінде оралман Қарабалиева, Құсназаров және Қарабаев отбасыларына пәтер сертификаттары тапсырылды.
«Кеңес дәуірінде қазақтар республиканың өзінде 40 пайызды ғана құраған еді. Бүгінде елімізде қазақтар үлесі 65 пайызға жетті.
Қайда жүрсек те – қазақпыз
Шынай РАХМЕТҰЛЫ,
ақын, жазушы (Моңғолия).
Моңғолия жерінде тұратын қазақтармен саяхатшы-ғалым Григорий Потанин 1876 жылы жолығыпты. 1924 жылы Моңғолия елінің тұңғыш Ата заңын бекітіп, республика мәртебесін баянды етіп, астанасын белгілеген алғашқы құрылтайын басқарып өткізуге Мәскеуден жіберілген Тұрар Рысқұлов осы жердің қиыр батысындағы қазақ уәлаятының өкілі болып қатысқан Дәуітбай Тауданбекұлымен жүздесіп, әңгімелесіпті. Мұндағы қандастарымыздың 1920-1930 жылдары кеңестік Қазақстанмен жалғаса бастағандығы ұлттық құндылықтарын сақтап қалуға шешуші ықпалын тигізді.
Тағдыр тепкінімен жер шарының сан тарабына бытырап кетіп «көзі мөлдіреген» қандастарымыз Алла қолдап, Қазақстан Президенті, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төрағасы, әлемдік біртуар саясаткер Н.Ә.Назарбаевтың ұлтжанды кемеңгерлігінің шарапатымен 90-жылдардың басынан тарихи Отанымызға қоныс аудара бастады. Егемен Қазақ елінің барыстай қарымды, қарышты дамуына, атамекен топырағына оралып, орналасқан ағайындардың алаңсыздығына, осы ұлы іске ұйытқы болған Қауымдастықтың жанқиярлық қызметіне, Қазақстан мемлекетінің біздерге деген жан-жақты көмектеріне разымыз. Тек қана онда барған жерлестеріміз «пәлен елде өсіп-өнген қазақ» дегізіп ат ататып, сүйек сындырмай, Отанына адал, абыройлы болса екен-ау деп тілейміз.
Қазақ баласы қайда жүрсек те Қазақстанды Отанымыз деп біліп, өзімізді Қазақстан азаматы санаймыз. Бұл шетелде жүрген қандастарымыздың баршасына ортақ жүрекжарды сөз. Ұлттық асыл қасиеттерімізді тарих кешулерінен аман алып өтіп бүгінге жеттік. Бұл жақта білім, мамандық алған жас буындардың үлкен легі атамекенге барып орын тепті, Қазақстанда білім игергендер тарихи Отанымызда қалуда. Менің біраз жерлестерім зерттеу еңбектерімен ғылымға, қаламдастарым ұлттық әдебиетімізге тамшыдай болса да үлес қосты, моңғол әдебиетін қазақ оқырмандарына таныстырды. Қазақ әдебиетінің таңдаулы көптеген үлгілерін тәржімалау арқылы ұлтымыздың ұлылығын моңғол жұртына танытқан Ш.Жәмлиха, О.Қаһар, Ж.Хайрулла, Х.Жүкел қатарлы жерлестеріміз өз талантын ұлт мүддесіне арнады.
Қазақ диаспоралары ортасындағы мәдени орталықтардың ілкімді жұмыстары сан мыңдаған қандастарымыздан қолдау табуда. Менің өз еңбегім де еш кетпеді деп есептеймін. Себебі, маған берілген атақ «Моңғолия мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер» болғанымен де менің қырық жылғы еңбегім қазақ мәдениетінің еншісінде. Ұлтыма әлі де қызмет етуге пейілдімін.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының 20 жылдық мерейтойына бір ұсынысымды айта кеткім келеді. Былтыр Астанада өткен ІV Құрылтайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Шетелдерде өтетін кіші құрылтайларды қолдаймыз, оған «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» қолдау көрсетеді», – деген болатын. Еуропадағы Кіші құрылтайлар сияқты, Моңғолия қазақтарының да Кіші құрылтайы жылда өткізіліп тұрса, оған «Самұрық-Қазына» қоры қолдау көрсетсе деген тілегімді жеткіземін.
Баршамыздың ең ізгі тілегіміз – егеменді елімізді сақтайық, мейлі қайда нендей күйде жүрсек те ұлттық тәуелсіздігіміздің қырағы қарауылы бола білейік!
Мерейтой құтты болсын, ағайын!
Беттің материалдарын әзірлеген Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан».