Ауыл • 06 Ақпан, 2019

Солтүстік Қазақстанда шетелдік тәжірибе сәтті жүзеге асып келеді

558 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңірде 2013 жылы енгізілген канадалық жоба гипертония, қант диабеті мен жүрек ауруларын сауықтыруға арналған.

Солтүстік Қазақстанда  шетелдік тәжірибе сәтті жүзеге асып келеді

Бес жылға созылған бағдарламаға  екіжүзге жуық солтүстікқазақстандық қатысып, кеселдеріне шипа тапты. Бағдарламаның қатерлі созылмалы ауруға шалдыққандардың дертін асқындырмай жақсартуға бағытталған тиімділігі анық байқалғаннан кейін оның игілігін көрушілердің қатары артып келеді.  Жүрек аурулары, қант диабеті мен гипертониядан зардап шегетіндер үшін зор пайдасын №3 қалалық емхананың салауатты өмір салты кабинетінің мейірбикесі Қарлығаш Әбденова былай әңгімелейді:– Гипертонияға шалдыққана науқастармен жұмыс істеудің тірек пункті  №3 қалалық емханада орналасқан. Құрамында жалпы тәжірибелік дәрігер, кардиолог, психолог, әлеуметтік қызметкер мен салауатты өмір салты мамандары бар топ әрбір адамға қатысты жеке жоспар құрып, оның орындалуын бақылауда ұстайды. Нәтижелері айтарлықтай. Ауруларды басқару бағдарламасына қатысқан 150 адамның барлығы қазір өздерін қалыпты сезінеді. Басым көпшілігі артық салмақтан арылып, тамақтану мен қимыл-қозғалысын қалыпқа келтірді. Көкөністі күнделікті тұтынумен қатар таза ауада серуендеуді , спортпен шұғылдануды өмірлік дағдыға айналдырды. Ең бастысы, қан қысымын қалыпта ұстау мүмкіндігі туды.

 Любовь Недостоева  алғаш дәрігердің қабылдауына келгенде қан қысымы өте жоғары болыпты. Сондықтан тың жобаға қатысуға бірден келісіпті.

 «Қан қысымым тұрақтанғаннан кейін міндетті түрде диета ұстауға, спортпен айналысуға көштім. Бассейнде  суға жүзетін болдым. Жаз айларында бау-бақшада еңбек етіп, таза ауада тынығамын. Бір жылдан соң салмағым 15 келіге кеміп, кеселден біржола айықтым», дейді ол.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы.