02 Наурыз, 2010

ҚАТЕРЛІ ІСІКТІҢ ҚАУПІ АЗАЙДЫ МА?

1130 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Алматыда Қазақтың онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында (ҚазОРҒЗИ) өткен “Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі шеңберінде қатерлі ісікпен ауыратын науқастарға көмек көрсету” атты республикалық конференцияда отандық онкологтар бас қосып, өткен жылда атқарылған жұмыстарын қорытындылап, алдағы межелерін белгіледі. Конференция жұмысына Денсаулық сақтау вице-министрі Елжан Біртанов қатысып, еліміздегі онкология саласына, биылғы жылдың басынан енгізілген Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесіне (БҰДСЖ) қатысты туындаған мәселелер төңірегінде ой бөлісті. Жалпы республикадағы онкологиялық ауру­лар­дың ахуалына келсек, Қазақстанда соңғы 5 жыл­да тұрақтылық байқалған. Мә­селен, 2005 жылы 29153 мың науқас болса, 2009 жылы 29071 адам ауырған. Яғни, өзгеріс жоқ, орнықты. Онкологтарды қуантып отыр­ғаны, бес жылда өлім көрсеткішінің ди­на­ми­калық азайып, 100 мың адамға шаққанда 114-тен 107-ге төмендеген. Оның себебі, он­ко­логияда жұмыс жасайтын үш бағ­дар­ла­мамен бай­ланысты. Соның бірі – ауруды ерте анық­тау. Ерте анықтаудың көрсеткіштерін жақ­сартуда екі үлкен бағдарлама жұмыс жа­сады. Оны енгізудің алдында ми­нис­трлік да­йындық кезеңінде Қа­зақ­станның бар­лық ауданы мен облыстарына 100 шақты жаңа маммографтар алып орнатса, мам­­­мо­графия мен цитология бойынша рент­ге­но­лог маман­да­рын оқытқан. Осы бұйрық шең­бер­ін­де 2008 жыл­дан сүт бездері қатерлі ісігінің мам­мо­гра­фия­лық скринингін өткізу мақсатында 50-60 жастағы дені сау әйелдер мен 35-60 жастағы әйелдердің жатыр мойны қатерлі ісігі бойынша тек­серу жүргізілген. Бір айта кетерлігі, мұндай ба­ғдарлама бұрынғы ТМД елдерінің бірінде жоқ. Осы уақыт аралығында 800 мыңдай әйел маммографиялық, ал цитологиялық тексеруден 1 млн. астам әйел өткен. Сөйтіп, сүт безі қа­терлі ісігінен 1163, жатыр мойны қатерлі ісігінен 277 жағдай анықталған. Екінші бағ­дар­лама, 2006 жылдан барлық онкодис­пансерге халықаралық протоколдар енгізіліп, оған қажетті өте қымбат химиопрепараттар респуб­ликалық және жергілікті бюджеттен жеткілікті бөлініп отырған. Үшінші бағдарлама – сәулемен емдеуде 18 онкодис­пан­серде 4 аппараттан 72-сі жұмыс жасауда (34-і жаңадан алынған). Сөйтіп, науқастарды емдеуде қатерлі ісікті ерте анықтау мен науқастарға ең тиімді емді ұсынудың нәти­жесінде осындай жетістікке қол жеткізген. – Онкологиялық ауруларға тиімді меди­ци­налық қызмет көрсетуде, әсіресе, сапалы дәрі-дәр­мекпен қамтамасыз ету өте маңызды, әрі қиын мәселе, – деді вице-министр Елжан Аман­та­йұлы. – Елімізде онкологиялық ауру­ларды ем­деуде тек халықаралық, еуро­па­лық емдеу стан­дарт­тарын пай­да­лан­ғандықтан, қол­данатын дәрі-дәр­мектер өте қымбат. Оның үстіне, жыл сайын он­кологияға бөлінетін қаражаттың көлемі көбейе түсуде. Бірақ, ұлттық жүйенің енгізілуіне бай­ланысты бүгінде дә­ріні қалай жеткіземіз, қалай бақылаймыз, оны бі­р­ыңғай дистрибьюторлық жүйе­нің арқасында қалай шешуіміз керек деген мә­селелер туындап отыр. Вице-министрдің айтуынша, жылдың ба­сында кейбір облыстарда осындай біраз мә­селе көтерілген. Себебі, өткен жылдарда дәрі-дәрмек са­нын жоспарлау дұрыс шешілмеген. Бұ­рын рес­пуб­ликалық бюджеттен денсаулық сақ­тау са­ла­сына бөлінген дәрі-дәрмектерді жыл­дың ор­тасына дейін жоспарлап, сатып ала­тынбыз. Оның себебі, жыл сайын тендер өт­кізгенде ұй­ым­дастыру жағынан қиындықтар көп бо­ла­тын­дықтан, науқастар қиналмау үшін екі-үш айға қор дайын­дап қоятынбыз. Жаңа жылдан бастап атқару тетігі өзгерді. Енді ем­деу мекемелері ауруға қан­ша, қандай дәрі керек екенін өздері шешетін болады. Яғни, өздері шешетін болған­дықтан тікелей дис­трибьютормен жұмыс істемек. Жиында Қазақтың онкология және радио­ло­­гия ғылыми-зерттеу институтының ди­рек­торы Жет­керген Арзықұлов 2010 жылға ар­налған жос­пар бойынша жан-жақты баяндама жа­сады. Сондай-ақ, жаңа ұлттық жүйенің артық­шы­лықтарына тоқтала кетті. – Бұрынғы жүйеде қай емдеу мекемесінің бол­­ма­сын өз бюджеті болды, – деді Жет­керген Әнесұлы. – Бюджетте белгіленген соң, бө­лін­ген ақша еш кедергісіз мекемеге барды. Ал мына жү­йенің өзгешелігі, қаржы бөлінген соң міндетті түр­де нәтиже болуы керек. Өйт­кені, нәтиже бол­маса, онда ол дұрыс пай­да­ланылмады деген сөз. Ме­ніңше, бұл жүйе ке­рек. Неге? Егер сен бас­қа­лар­ға қарағанда, ти­ім­­ді де сапалы ем жасап, нау­­қас­­тың бәрі се­­­нің клиникаңа келіп, дә­рі­гер­леріңді таң­дай­тын болса, онда бүкіл ақша сол ме­кемеге ба­рады. Өйткені, кім еңбектенеді, соған ақша бе­ріледі. Бұл уақыттың сұранысы. Өмірде де со­лай, бәсеке болмаса, қимыл бол­майды, сол сияқт­ы дәрігерлердің, клиниканың арасында бәсеке ке­рек. Егер көрші клиникаға науқас көбірек барып, дә­рігерлерге жоғары айлық бе­ріліп, клиника дең­гейі көтеріліп жатса, басқалар да әрекет жасайды. Елімізде онкологиялық ауру саны көбей­ме­генмен, олардың арасында бірінші орында өк­пе қатерлі ісігі 12,3, сүт бездерінің қатерлі ісігі 11,3, тері қатерлі ісігі 10,6, асқазан қатерлі ісігі 9,2, жа­тыр мойны қатерлі ісігі 4,6 пайызға жетіп отыр. Соған байланысты өлім де осы ауруларда ең жо­ғары. 2009 жылы ауру (забо­левае­мость) жа­ғы­нан да, өлім көрсеткіші жағынан да Пав­лодар, Сол­түстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары алда келеді. Дәрігерлердің айтуынша, егер сүт безі мен терінің қатерлігі ісігін алғашқы сатыда анық­тап, емдейтін болса, өте жақсы нәтиже береді. Бі­рін­ші­д­ен, науқасқа соншалықты үлкен опе­рация жа­салмай, ары қарай аналық парызын ор­ындап, бала сүйе алады. Ол үкіметке де тиімді. Өйткені, химия те­рапия емі керек емес. Бүгінгі протокол бойынша хи­мия терапияның он курсының әрқайсысы 1 мың дол­лардан 10 мың доллар аралығында. Яғни, ем қым­батқа түседі. Бірақ, оған қарамай мем­лекетіміз қажетті дәрі-дәрмекті жеткілікті бөлуде. Жиын барысында Шығыс Қазақстан об­лыстық онкодиспансерінің бас дәргері Жомарт Кен­жалинге жолыққанымызда, ол аймақта қатерлі ісіктен қайтыс болатын адамдардың саны төмендеп келе жатқанын, оның себебін тек сапалы емдеу ғана емес, ерте бастап анық­тап, ер­те бастан аурудың алдын алумен бай­ла­ныс­тыр­ды. Қазір 17 ауданда онколо­гия­лық каб­нет­тер ашылған. Сүт безі мен жатыр мойны қатерлі ісігіне жүргізіліп жатқан скрининг ба­ғ­дар­ламасы да жақсы көрсеткіш көрсетуде. Қатерлі ісіктің асқынған сатылары төмендеп, науқастың бес жылдық өмірін ұзарту да жоғарылап келеді. – Семей, Өскемен қаласындағы екі он­ко­дис­пансерде 17 мың адам есепте тұрса, жылына 2300-2400 адам жаңадан тіркеледі. Ең бірінші кезекте өкпе, омырау безі, асқазан, тоқ ішек ауруы. Дәрі-дәрмек жеткілікті, орнықты. Ал басты проблема – облыстағы 1,5 млн. тұр­ғын­ға 520 дәрігер жетіспейді. Шалғайдағы елді ме­кендерге дә­рі­герлер бармайды. Өкпе ау­руы­ның жоғары болуына байланысты аудан­дар­да же­тіспейтін рентген аппаратуралары, мам­мограф­тар, эндоскопиялық аппараттар алынса, – дейді бас дәрігер. БҰДСЖ жайында Асфендияров атындағы Ұлттық медицина университетінің профессоры, белгілі маммолог Әскер Есенқұлов та өз ойымен бөлісті. – Бұрын кім қалай жұмыс жасап жатыр: орташа ма, өте жақсы ма, бағаланбайтын. Бәріне бірдей қарай­тын­быз. Айлығы да тең. Қазір мына ұлттық жүйеде науқас қалай емделді, жазылды ма, жазылмады ма, болмаса о дү­ние­лік болып кетті ме, яғни емнің тікелей нә­ти­жесіне сәйкес жалақы берілмек. Ол жақ­сы ма, жаман ба? Меніңше, жақсы. Әр дәрігердің жұмысына баға беріліп, айлығы көбейіп, тұр­мысы жақсарады. Яғни, дәрігердің өзінде ұм­тылыс болады. Бұл жағынан жаңа жүйе пай­далы болмақ. Екінші мәселе, квота он­ко­ло­гиялық ауруға жүрмеуі керек. Өйт­кені, квотаны алғанша аурудың өзі бір жайлы бо­луы мүмкін. Ал онкологиялық ауруды емдеуді бір күн де кешіктіруге болмайды,–деді ол. Сонымен, үш күн бойы отандық онкологтар бас қосып, келелі, пайдалы әңгіме өткізіп, алдағы жыл­да ат­қа­рар мін­дет­терін де айқындап алды. Ал со­ңын­да жиынға қатысушылар 2005-2010 жылдарға ар­нал­ған мемлекеттік бағдарлама бойынша жүр­гі­зіл­ген сүт безі мен жатыр мой­нының қатерлігі ісігін ер­те диагностикалаудың скринингін тұрақты жү­р­гізуге, мам­мография, цитологиялық диаг­нос­тикада ма­­мандарды дайындау мен қайта дая­р­­лауды же­тіл­ді­руге   т.б. мәселелерге байланысты қарар қабылдады. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.