Қазақстан • 07 Ақпан, 2019

Елорда кәсіпкерлер қаласына айналып келеді

534 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Қазақстан-2050» Стратегиясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2050 жылға дейін еліміздің экономика­сындағы шағын және орта кәсіпкерлік үлесін 50 пайызға дейін жеткізуді мақсат етіп қойғаны белгілі. Мұның себебі түсінікті. Әлемдегі дамыған елдердің барлығы осы шағын және орта бизнестің кең қанат жаюынан жақсы тұрмысқа жетіп отыр.  

Елорда кәсіпкерлер қаласына айналып келеді

Екіншіден, шағын және орта бизнес – қоғамдық және әлеу­меттік тұрақтылықтың бас­ты кепілі. Шағын және орта бизнесі дамыған елдердің ір­гесі шайқала қоймайды. Мұн­дай елдер дағдарыстарға да төтеп беруге бейім. Өйткені олар­дың кәсібі мен бағытын ірі кәсіпорындарға қарағанда, заман ыңғайына орай жедел өз­гер­тіп отыруға болады.

Елбасы алға қойған страте­гия­лық мақсаттарға сәйкес Үкімет пен өңірлер басшылары шағын және орта бизнестің дамуын, экономикадағы оның үлесінің тұрақты өсуін үнемі назарда ұстап келеді. Алайда тұрақты назарда ұстау бар да, оны нақты өмір шындығына айналдыру, яғни мақсатты жүзеге асыру бар. Міне, осы тұрғыдан ал­ғанда шағын және орта кәсіп­керлікті дамыту бағытында өткен жыл қорытындысында Астана қаласының алға шығуын ел көлеміндегі үлкен жаңалық ретінде қабылдадық. Жалпы, Астананың өмірдің көптеген мәселелері жөнінде өңірлерге үлгі екені бұрыннан белгілі. Енді осы үлгінің экономиканың өзінде, соның ішінде кәсіпкерлік саласында көрініс беруі, әрине қуан­тады. Ал енді бас қала бол­са да жас қала бұған қалай қол жет­кізді? Ең әуелі осы жаңа­лық­тың өзі рас па? Оны айқындау үшін цифрларға үңілейік.

2017 жылдың тоғыз айының қорытындысын қараған кезде Астана экономикасындағы шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 41,5 пайызды құраған болатын. Ал 2018 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша Астана экономикасындағы шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі, өткен жылғыдан бірден 19,5 пайызға көтеріліп, 61 пайызды құраған. Осылайша Астана Мемлекет басшысының эко­но­микадағы, яғни ішкі жалпы өнімді жасаудағы шағын және орта бизнес үлесін 2050 жыл­ға дейін 50 пайызға жеткізу жө­нін­де алға қойған міндетін мер­зімінен бұрын орындады. Әзірге Астана – осындай ірі жетіс­тікке қол жеткізген елі­міз­дегі жалғыз қала. Бұл, әрине елордада жеке бизнес құру үшін қолайлы да, тартымды ахуалдың қалып­тас­қандығын көрсетеді. Ал енді осыған қалай қол жетті?

Астана қаласының Инвес­тициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыров бұл жайында былай дейді: 

«2018 жылдың қорытын­дысы бойынша Астанада жаңа­дан 13 мыңнан астам кәсіп­­керлік субъектілері тір­ке­лді. Олардың жұмысы өнім өндіруді 21,9 па­йыздан астам өсіріп, өндірілген өнім көлемі 2018 жылғы қаңтар-қыркүйек айларының өзінде 3,5 трлн теңгені құрады. Ал кәсіпкерлердің көбеюіне былтыр басқарманың Халықаралық Bitfury компаниясымен бірле­сіп арнайы қанатқақты жоба­ны жүзеге асыруының септігі көп болды. Осы «Көше сау­да­сы­на − 1000 орын» қала­лық бағ­дар­ламасының шеңберінде жер телімдерін бөлу жөніндегі аукциондарды өткізуге жаңа технология енгізілді. Егер бұрын аукциондар «адамдар қатысуы­мен» өтіп, кәсіпкерлерге қолай­сыз­дық туғызатын болса, қазір бар­­лығы онлайн режімінде өте­ді. Тіркелу, кепілдікті төлеу осы­лайша жүзеге асады. Тіпті аукционға қатысуды қолыңыз­дағы  смартфон арқылы жүзеге асы­ра аласыз. Сауда-саттықтың өтуін білгісі келген адам оны кез келген уақытта қарай алады. Блокчейнді енгізу үдерісін то­лы­ғымен ашық етіп жасадық».
Барлық ставкалар мен аук­ционның нәтижелері Құқық­тық статистика жəне арнайы есепке алу комитеті тарапынан тексеріледі екен, яғни бұрма­лауға жол берілмейді.

Әлішер Әбдіқадыровтың айтуынша, қаладағы шағын және орта бизнес өндірген жалпы өңірлік өнімнің сала­лық құрылымында негізгі үлесі көтерме және бөлшек сауда саласына (30,2%) тиіп отыр. Мұнан кейінгі орындар жылжымайтын мүлік операциялары (15,6%), кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет (13,4%), көлік және қойма (9,9%), басқа да қызметтер көрсету (6,8%), ақпарат және бай­ланыс (6,3%), білім беру, денсау­лық сақтау сияқты салалар еншісінде. «Астанада жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілер саны 2019 жылғы 1 қаңтарда 125 мыңнан асты. Сөйтіп бір жылдың өзінде 28,2  пайызға өсті. Жалпы, қала бойынша 342 мың адам (2018 жылғы 1 қазандағы деректер бойынша) шағын және орта кәсіпкерлік саласында еңбек етуде. Мұның өзі қалада жұмыс істеп жат­қан әрбір бес адамның үшеуі шағын және орта бизнеспен шұғыл­данатынын көрсетеді», дейді ол.

Астанадағы «Даму» қоры­ның аймақтық филиалының директоры Нұрсұлтан Абдолла­ның айтуынша, 2010 жылдан бас­тап «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекет­тік бағдарламасы жүзеге асырылып, аталған бағдарлама шең­берінде кәсіпкерлерге 765 жо­ба бойынша 20,5 млрд теңге көлемінде субсидия төленіп, 348 жоба бойынша 7,3 млрд тең­генің кепілдемесі берілген.

Нәтижелі жұмыспен қамту­ды және жаппай кәсіпкер­лік­ті дамытудың  2017-2021 жыл­дарға арналған «Еңбек» мем­лекеттік бағдарламасы аясында шағын кәсіпкерлікпен айналысатын субъектілерге 71 жоба бойынша 862,9 млн теңге­нің шағын несиелері берілді. «Несиеге қолжетімділікті арттыру мақсатында Астана қала­сының әкімдігінде «Даму» кәсіп­керлікті дамыту қоры» АҚ-пен бірге 2015 жылдан бастап 5 жергілікті бағ­дар­лама іске асырылуда. Оны жүзеге асыру басталғаннан бері 7,5 млрд теңгенің 167 жобасы қолдауға ие болды», дейді Н.Абдолла.

Сондай-ақ Астана қала­сы­ның әкімдігі аталған қор­мен бірлесіп биыл «Астана Бизнес 2» бағдарла­ма­­сын жүзеге асыруға кірі­с­кен. Бағдарламада қарас­тырылған 1,5 млрд теңге­нің 500 млн теңгесін Астана қала­сының әкімдігі, 1 млрд тең­гесін «Даму» қоры қосып отыр. Бұл бағдарламаның сала­лық шектеулері жоқ. Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер 50 млн теңгеге дейін, ал жұмыс істеп тұр­ған кәсіпкерлер 100 млн тең­геге дейін несие ала алады. Несиенің қаржыландыру мер­зімі – 7 жылға дейін, сыйақы мөлшерлемесі – 8,5 пайыз. 

Сонымен қатар Астана қа­ла­сының Өңірлік кәсіпкерлер палатасы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында шағын және орта кәсіпкерлікпен шұғыл­данушыларға және өз ісін бастаймын деген аза­мат­тарға қаржылық емес қол­дау көр­сетуде. Ондай қолдау­лар кәсіпкерлерді қажетті ақпарат­тар­мен қамту, біліктілігін, жұ­мыс өнімділігін арттыру және бизнесті кеңейту үшін ке­ңес­­тер беру мен оқыту түрін­де жа­са­лады. 2018 жылы сер­вис­­тік қызмет көрсету аясын­да бух­­галтерлік есеп, құқық­тық, мар­­кетингтік зерттеулер секіл­ді 8 бағыт бойынша 4 287 кон­салтингтік қызмет көрсетіліпті. 

Бизнес мектебінің аясында кәсіпкерлік негіздер бойынша 1 898 тыңдаушы, соның ішінде 1119 әйел оқытылған.

Міне, осындай және басқа да шаралар нәтижесінде жедел даму жолына түскен Астананың шағын және орта бизнесінің болашағы жарқын деп айтуға болады. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»