Аймақтар • 07 Ақпан, 2019

Әкімшілік қызметкерлері параға бейім

568 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Әкімшілік қызметкерлері параға бейім

Бармақ басты, көз қысты

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бю­ро­сының облыстық депар­таменті өткен жылы 75 заң бұ­зушылық фактісін әшкереледі.

Бұл көрсеткіш мақтанарлық емес, 2017 жылға қарағанда екі есе көп. Оның 25-і пара алу болса, 16-сы – алаяқтық. 13 жағ­дайда қызмет бабы асыра пай­даланылған. Алқалы бас қосуда Мамлют, Та­йын­ша аудандарының бұ­рын­ғы әкімдерінің, сондай-ақ, Петропавл қаласы мен облыс әкімдігінің бірқатар мемлекеттік қызметшілерінің пара алу үстінде әшкереленгенін, қаржылық алаяқтық әрекеттер, сыбайлас жемқорлық билік органдарында жиі кездесетіні ерекше атап көрсетілді. Мәселен, 35 лауазымды тұлға қылмыстық жауап­кер­шілікке тартылса, үштен бірі – әкімдік, 7-уі ішкі істер органдарына қатысты қозғалған. Бармақ басты, көз қыстылықтың көшін тағы да әкімдіктегілер бас­тап тұр. Оның ішінде құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­шылық мекемелерінің шен­еуніктері тізімнің ұшар басында орналасқан. 

Былтыр 63 іс сотқа жолданыпты. Олардың арасында мем­лекеттiк сәулет-құрылыс ба­қылау және лицензиялау басқармасының бұрынғы басшысы Мұрат Абылаевқа қатысты іс бар. Ол мемлекеттік қызмет көрсету саласында алдын ала қылмыстық жоспар құра отырып, жүйелі түрде 700-1500 доллар көлемінде пара алып отырған. «Аузын майлағандарды» емтиханнан сүріндірмей өткізіп, қажетті техникалық құжаттарды жасатып берген. Жоғары сұра­нысқа ие болғаны соншалық, тіпті, Астана, Ақтау, Шымкент қалаларынан аттестациядан өтпей қалғандар да желдей жүйткіп жетіп, мәселе заматта шешілген. Өз абыройын айрандай төккен М. Абылаевқа сот 8 жылға бас бостандығынан, өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқынан айыру туралы үкім шығарды. 

Сан қуалап, сапаны ұмытқан

Адам денсаулығы ұлт бай­лығы екенін базар жағалаған саудагерлер мен жекелеген кә­сіп­керлер біле тұра жете се­зіне бермейтіні өкінішті.

Оны Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті тарапынан жүргізілген тексеріс-рейдтер де айғақтайды. Адамдар да күн­делікті тұтынатын азық-тү­лік тағамдары мен өнімдердің, тауарлардың сапасына бірінші кезекте мән берудің орнына төмен бағаға алданып қалып жататын жайттар аз кездеспейді. «Арзанның жілігі татымас» деген. Жергілікті ведомоство тарапынан жарты мыңға жуық сауда-саттық және көпшілік тамақтанатын орындар тексеріліп, бес жарым мыңдай сынамалар алынып, тексерілген. Нәтижесі қандай дейсіз ғой? Сегізден біріне жуы­ғы техникалық, гигиеналық, қауіпсіздік қағидаларына мүл­дем сәйкес келмейтін болып шыққан. Азық-түлік өнеркәсібі қауіпсіздігін қадағалау бөлімінің жетекшісі Наталья Беляеваның айтуына қарағанда, жұмыртқадан жүн қырыққан алыпсатарлар да, делдалдар да неше түрлі қи­тұрқы әрекеттерге баратын көрінеді. Олар біз өндіруші емеспіз, өзгелер секілді тұ­тыну­шымыз. Осы себепті шетелден жеткізілетін өнім қауіп­сіздігіне жауапты емеспіз деген уәжді көлденең тартып жауапкершіліктен сытылып кетуге тырысады екен. Сапасыз деп танылған азық-түлік тағамдары мен тауарлардың 92 пайызы импорттың үлесінде. Олардың ішінде Ресей, Қытай тараптарына шағым жиі айтылады. Тексеріске алынған балық пен балық өнімдерінің жартысында таңбалау шарттары бұзылса, ет және ет өнімдері де қауіпсіздік сынағына төтеп бере алмаған. Он сынаманың құрамынан натрий нитратының көп мөлшері табылуы еш ақылға сыймайтын көрініс. Шошқа еті жоқ деп көрсетілген 40-тан астам өнім­нен «талпақ танаудың» ДНК-сы шыққан. Құс етінің сапасы да көңіл көншіте бер­мейді. Бір жыл ішінде қырық мәрте сальмоннелла кеселінің тіркелуі алаңдатарлық ахуал. Ал сыртқы қорабында сарымай деп жазылғанымен, сынама алу кезінде өсімдік майынан құралатыны дәлелденген. Бала денсаулығына орасан зиян тигізетін ойыншықтардың дені Қытай елінен әкелінген. 

Алайда, халықаралық стандарттар талабына үш қайнасы сорпасы қосылмайтын тұтыну заттары айналымнан алынып, жойылатынына, кінәлілердің жазаланатынына қарамастан дабыл қағарлық оқиғалар азаймай отыр. Араларында мерзімі өткен өнімдерді ашық түрде саудалау фактілері аз емес. Өйткені заңды бұра тартатындардың көкейін көл-көсір пайда тесіп барады. Ешнәрседен де шімірікпейтіні сондықтан. Былтыр 9 миллион теңге айыппұл салынып, 350-дей хаттама толтырылса да жағдай жақсарып кетеді деп дәмелену әлі ертерек сықылды. 

Дүкен сөрелерінде сапасыз өнімдердің арзан бағаға саудаланып жатқанына қарағанда бұра тартушылықтың тыйылмай тұрғанын, бақылау, тәр­тіп босаңсыған жерде ауа жаю­шылықтың орын алатынын қыж-қыж қайнаған қу тіршілік анық байқатса керек.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

Солтүстік Қазақстан облысы