– Апырым-ай, мына жарыққа не болды?! Қалалық электр жүйесі мекемесінің телефоны бар ма? 54-34-84 нөміріне хабарлассам, үнемі бос емес...
– Қап, ыстық су тоқтап қалды ғой. Кімге хабарласу керек еді? «Батыссуарнасы» ма, «Жайықжылуқуат» па? Телефонын айтып жіберіңізші, көрші!
Қалада тұратын ағайынға мұндай диалогтар әбден таныс шығар. Аяқ астынан жарық сөніп, су тоқтап, газ кідіріп, жылу берілмей қалса, жалма-жан коммуналдық апаттық қызметтерге қоңырау шалып, көмек сұрайтынымыз рас қой. Өйткені қала деген – алып ағза сияқты, бір қызметтен ақау шықса, сол жерде «кептеліс» пайда болады. Әдетте іркіліссіз беріліп тұрған сан түрлі қызметтің қадірін аяқ астынан тоқтап қалғанда ғана білесіз. Сөйтіп бірде лифт мекемесінің, бірде байланыс қызметінің телефондарын іздеп, сабылып қаласыз.
– Көп кешікпей Орал қаласында авариялық-коммуналдық қызмет бойынша қалалық бірыңғай «109» Call-орталығы ашылады. Бүгінде орталыққа қажетті жиһаздар мен техникалық құралдар түгелдей сатып алынды, онда қызмет ететін персонал арнайы курста білім алуда. Осы курс аяқталған соң орталық іске қосылады, – дейді облыстық баспасөз қызметінің жетекшісі Дәурен Сәкенұлы.
Айта кетейік, мұндай орталық дамыған елдер тәжірибесінде әуелден бар. Орал қаласы әкімдігі мен Батыс Қазақстан облысының ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасы бірлесіп қолға алған жаңа жобада осы елдер тәжірибесі толық ескерілген. Мәселен, АҚШ-та газ, су, жылу, электр, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, қатты тұрмыстық қалдықтар және басқа коммуналдық қызмет түрлерінде болған ақау мен апатты жағдайларды «311» нөміріне хабарласып, шешуге болады екен. Оралдық жаңа жобаға балама ретінде осы қызмет алынып отыр.
Қанатқақты жоба осы жылдың бірінші тоқсанында іске қосылмақ. Операторлар Smart Uralsk ғимаратының бірінші қабатында орналасатын болады.
Call-орталықтың басты мақсаты – қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау, коммуналдық мәселелерді жедел әрі бір орталықтан шешу.
– Расында бұған дейін апаттық-коммуналдық мәселелерді шешу үшін әр коммуналдық қызметке бөлек қоңырау шалушы едік. Бұл тұрғындарға ыңғайсыз екені түсінікті ғой. Жаңа жобаны енгізсе, апатты жоюға уақыт та үнемделіп, мәселені жедел шешуге мүмкіндік туады деп ойлаймыз, – дейді Орал қаласының тұрғыны Берік Шадығали.
Саралап қарасақ, апаттық қызметтің қазіргі жағдайы шынында да сын көтермейді. Жоғарыда айтылған коммуналдық қызметтердің сайтын ашып қарасаңыз, наразы тұрғындардың ашу-ызаға толы хаттарын көресіз. Олар апаттық нөмірге ұзақ қоңырау шалып ала алмайтынын, шағым тіркеуші маманның қызмет сапасы төмендігін, кейбір өтінішті қағаз түрінде талап ететінін, өтініштер базасының және оған бақылаудың жоқтығын айтып, дабыл қағып-ақ жатыр.
Ал жаңа жоба қандай болмақ?
«109» Call-орталығына хабарласқан адамға 5-10 секунд ішінде жауап беріледі» деп сендіреді жобаны ұйымдастырушылар. Және «109» қызметі аптаның жеті күні 24 сағат бойы қызмет етеді. Яғни бір минут та демалыс болмайды.
Осы жоба арқылы тұрғындардың жергілікті органдарға жеке келуін қысқарту, өтінішке жауап беру уақытын қысқарту көзделіп отыр. Сондай-ақ әр өтініш жіктеліп, ашық орындалады. Жергілікті атқарушы органдардың тұрғындар мен бизнес құрылымдармен өзара әрекеті жақсарады. Жиі кездесетін типтік мәселерді шешу үшін арнайы «Білім базасы» құрылады. Апатты жоюмен айналысатын әрбір орындаушымен тікелей байланыс орнатылып, тапсырыстың орындалу мерзімі бақылауда болады.
Орал қаласында «Smart city – Ақылды қала» атты кешенді жоба қолға алынғанына екінші жылдың жүзі болды. Басты мақсат – тұрғындар өміріне қолайлы жағдай жасау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау. Бұйырса жақында іске қосылғалы отырған «109» Call-орталығы да осы бағыттағы бір асу болмақ.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Батыс Қазақстан облысы