Жұмыстың негізгі бағыттары бойынша үйреншікті есептердің орнына панелдік пікірталастар ұйымдастырылды, оның спикерлері Агенттік төрағасының орынбасарлары Олжас Бектенов пен Айгүл Шайымова, сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының басшысы Қайрат Сұнтаев болды.
Агенттік төрағасы Алик Шпекбаев өз баяндамасында өткен жылы басталған серпінді жобаларға ерекше көңіл бөлді. Атап айтқанда, азаматтарға бюджет қаражатын пайдаланудағы бұзушылықтарды дербес анықтауға және хабарлауға мүмкіндік беретін «Қоғамдық бақылау картасы» жобасының Астанадағы интерактивті нысандағы трансформациясы туралы айтты. Бұл тәжірибе барысы өзге өңірлерге де таратылатын болады. «Цифрлы агент» мобильдік қосымшасы қазақстандықтарға нақты уақыт режімінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын бағалауға және уәкілетті органға осы саладағы бұзушылықтар туралы мониторинг жүргізу кезінде мәселені жедел шешуге мүмкіндік береді.
Арнайы мониторингілік топтардың жұмысы жаңа деңгейге көтерілген. Егер бұрын олар сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру жайын қадағалаған болса, қазір олар көптеген өзекті мәселені шешуде мемлекеттік органдармен тиімді қарым-қатынас жасайтын нақты азаматтық қоғам институты ретінде орнықты. Ал 2016 жылға қарағанда 2018 жылы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар 23%-ға төмендеген. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 1290 тұлға сыбайлас жемқорлық жасауда әшкереленді, оның ішінде республикалық деңгейде – 25, облыстық деңгейде – 91, қалалық және аудандық деңгейлердегі 142 басшы ұсталды. Сонымен қатар 4 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді, жүйелік сыбайлас жемқорлықтың 87 фактісі анықталып, олар бойынша 288 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Мемлекетке келтірілген 21 млрд теңге залалдың 89%-ы өндірілді.
Бұл сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша атқарылған кешенді жұмыс нәтижесінде мүмкін болды. Енгізілетін ұсынымдардың форматы өзгертілді. Енді олар тікелей еңбек ұжымдарында қаралады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті дамытудың жаңа Жол картасы құқық қорғау органында меритократия қағидатын енгізуге, ішкі процестерді цифрландыру және жұмысты ұйымдастыру тәсілдерін өзгерту есебінен оның ашықтығы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Ал енді биыл елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге бағытталған бірқатар шараны әзірлеу жоспарланып отыр. Оның ішінде, заңсыз баюға жауапкершілікті енгізу, адалдықты тексеру институтын енгізу, сыбайлас жемқорлық субъектілерінің тізбесін кеңейту және т.б. мәселелер бар.
Александр ТАСБОЛАТ,
«Egemen Qazaqstan»