Отырыста сондай-ақ Қазақстан Республикасы бақылаушыларының 2019 жылғы 24 ақпанда өтетін Молдова Республикасы Парламенті депутаттарының сайлауын бақылауға жіберілетіндердің тізімі бекітілді.
Бейнеконференция режімінде болған отырысқа облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссияларының өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров баяндады. «2018 жылы Қазақстан Республикасы ОСК 15 рет отырыс өткізді, онда 37 шешім қабылданды. Мемлекеттік органдармен және азаматтық сектормен өзара қарым-қатынасты кеңейту мақсатында саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері және т.б. азаматтардың қатысуымен кеңейтілген мәжіліс өткізілді. Өткен жылы 3 сайлау науқаны сәтті өтті: оның ішінде 2 рет шығып кеткендердің орнына Мәжіліс депутаттары және Сенат қатарына республикалық маңызы бар жаңа әкімшілік бірліктен екі депутат сайланды. Сондай-ақ 570 ауылдық округ әкімдері қайта сайланды», деді ол.
К.Петровтың айтуына қарағанда, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу кезінде ОСК 14 заң актісін әзірлеп, оның 13-і Үкіметтің қаулысымен, біреуі Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген.
Жыл қорытындысын талқылау барысында ОСК төрағасы Берік Имашев 2018 жылдың жемісті болғанын атап өтті. Қазақстанның қазіргі сайлау жүйесі мен Орталық сайлау комиссиясының 25 жылдығына орай табысты іс-шаралар өткізілді. Бұл халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердегі әріптестеріміздің оң пікірлері мен жақсы бағасының қалыптасуына септігін тигізді. Аймақтармен және азаматтық қоғам институттарымен жұмыс күшейтіліп, мүгедектердің сайлау құқығын қамтамасыз етуді жетілдірудің құқықтық нормалары анықталды. Қашықтықтан оқыту және тестілеу бағдарламасы әзірленді, сондай-ақ барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының мүшелерін оқытуға арналған оқу-әдістемелік кешендер мен халықаралық ынтымақтастық бағытында жұмыс кеңейтілді, деді ол.
Сонымен бірге талқылауда өткен жылы сайлау процесіне қатысушылардың заңды және сайлау мәдениетін жақсартуға, кадрлардың кәсіби біліктілігін арттыруға, сайлау комиссиясы мүшелерінің тұрақты кәсіби негізде қызметін жетілдіруге, сайлаушылар тізімдерімен жұмыс істеу, сондай-ақ мүгедектердің сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдармен өзара қарым-қатынас жасауда ілгерілік болғандығы айтылды.
ОСК есепті сайлау процесін ұйымдастыру бөлімінің бастығы Дәурен Ысқақов «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңына сәйкес 2019 жылдың бірінші тоқсанында бес жылдық өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты мәслихаттардың барлық деңгейінде осы жылдың 8-15 қаңтары аралығында өткізілген мәжілістерде жаңа сайлау комиссияларының қалыптасқаны туралы айтып өтті. «Аудандық комиссиялардың саны (5-тен 11 адамға дейін) сайлаушылардың санына байланысты анықталды. Бұл дифференциалды көзқарас аудандық сайлау учаскелерінің жалпы санын 1905-ке қысқартудың арқасында, сайлау процедураларын оңтайландыру үшін, комиссия мүшелерінің саны көп жерде сайлау учаскелерінің комиссияларының құрамын көбейтуге септігін тигізді», деді ол. Сонымен қатар баяндамашының сөзінен сайлау комиссиялары мүшелерінің 66,4%-ның жоғары білімі бары орташа жасы 43,8 жас екендігі белгілі болды.
Жақсыбай САМРАТ,
«Egemen Qazaqstan»