08 Қыркүйек, 2012

Отанға оралу

450 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Отанға оралу

Сенбі, 8 қыркүйек 2012 7:30

Семей өңіріндегі ұлы Абай атындағы ауданның орталығы – Қарауыл ауылы, қазіргі өлшеммен алғанда, шағын ғана елді мекен. Оны небәрі бес мың шамалас адам мекен етеді. Сондықтан тұрғындардың барлығы дерлік бір-бірін жақсы таниды. Ал сол таныстар ортасында азын-аулақ неміс ұлтының өкілі – Шенимандар әулетінің орны қашаннан ерекше.

 

Сенбі, 8 қыркүйек 2012 7:30

Семей өңіріндегі ұлы Абай атындағы ауданның орталығы – Қарауыл ауылы, қазіргі өлшеммен алғанда, шағын ғана елді мекен. Оны небәрі бес мың шамалас адам мекен етеді. Сондықтан тұрғындардың барлығы дерлік бір-бірін жақсы таниды. Ал сол таныстар ортасында азын-аулақ неміс ұлтының өкілі – Шенимандар әулетінің орны қашаннан ерекше.

Қарауыл жұртының барынша қара­па­йым, еңбексүйгіш, іскер, қайырымды жан­­дардан құралған бұл отбасыға ай­рықша ықылас таныта қарауы бұ­рыннан қалып­тасқан үрдіс болғанымен, сол жылы тар­тушылық пейіл соңғы жеті жылдан бері бұрынғы қанасынан да едәуір артып кеткен сияқты. Бұған себеп, дәл сол кезде, яғни 2005 жылдың жазында өсіп-өнген әулеттің түп қазығы іспеттес Иоганн және Элеонора Шенимандар содан бес жыл бұрын амалдың жоқтығынан өздері барып қалған Германия жерінен өскен топы­рақ­тарына қайтып оралды. Олардың отандарына оралулары күллі абайлықтар үшін кішігірім той сияқты мәнді маңызы бар орайлы оқиғаға айналды.
Таяуда іссапармен Қарауыл ауылында болғанымызда, біз тағдыры өзгеше осы қара шаңырақтың иелерімен жүздесіп, әң­гімелесіп қалу мүмкіндігін құр жіберме­дік. Міне, енді бүгінде кейуана жасына жет­кен отанасы Лори апайдан суыртпақ­тап сыр тартып отырмыз. Ол 1939 жылы Грузияның астанасы – Тбилиси қала­сын­да неміс жұрағаты – Вильгельм және Эмма­ Эпштейннің отбасында алты бала­ның кен­жесі болып дүниеге келіпті. Ал 1941 жылы батыстан фашистік Германия Кеңес Одағына тұтқиылдан соғыс ашқан­нан ке­йін, бұл отбасы да өздері тектес миллион­даған қандастары секілді бір түнде елдің ішкері жағына қарай жер аударылады. Тағдырдың ендігі тіке де бұралаң жолы бұларды сол кездегі Семей облысындағы Абай ауданының «Қызыл­ту» колхозынан бір-ақ шығарды. Осында келіп орнық­қан­дары бойына аудандық әс­кери комисса­риаттағы пысықай біреулер­дің «көмегі­мен» тегі мен ұлты орыс болып жазылған отағасы Вильгельм әлде­кім­дердің орнына соғысқа алынады. Сол кеткеннен мол кетеді. Әлі күнге дейін бұлар қайран әкелерінің жамбасы қай маңда жерге тигенін біле алмай келеді.
Осыдан кейін алты баланы асырап-бағудың барлық ауыртпалығы мойнына түскен аналары Эмма колхозға сауыншы болып кіреді. Табиғатынан тындырымды да ұқыпты келіншек көп ұзамай өз әріп­тестерінің алды бола бастайды. Ұдайы социалистік жарыс көшінің алдыңғы сапынан табылып жүрген оның ауданда атағы тіпті аспандап кетеді. Соның әсері­нен неміс ұлтының өкілі бола тұра, ол 1945 жылы коммунистік партия қатарына қабылданады. Біле білгенге осының өзі сол тұста орасан зор жеңіс, адам айтса сенгісіз жетістік болатын. Әлбетте, сауыншы аналарына естияр балаларының бар­лығы жан-жақтан жәрдемдеседі. Лоридің өзі де жасы онға толар-толмастан шеше­сінің жанында сиырдың бас жібін ұстап, бұзауын тартып байлап жүріп, ерте бастан еңбекке етене араласып кетеді. Оның жұ­мысқа қайыл, бейнетке бейіл екенін бай­қа­ған колхоз басшылары жасы 12-ге тол­ға­нында алдына 25 сауын сиырын салып беріп, сауыншылар қатарына қосады да жібереді. Содан жасы 60-тан асып кет­ке­нінше қара жұмыстан белін босатпаған.
1949 жылы ауданда тұратын немістер­дің бәрін Жданов атындағы колхозға топтастыру жүргізілді. Сол дүмпумен Эпштейндер де осы елді мекенге көшіп кел­ді. Эмма мен Лори сауыншылық жолдарын бұл жерде де жалғастырды. Анасы осы колхозда еңбек етіп жүргенінде, ауыл­­дық және аудандық кеңестердің бір­неше дүр­кін депутаты болып та сайланды. Тіпті, 1956 жылы Қазақстан Компартия­сының VIII сьезіне делегат та болып қатысты. Сол форум тұсында Эмма Эпштейн рес­публиканың сол кездегі басшылары Леонид Брежневпен және Дінмұ­ха­мед Қона­ев­пен бірге ескерткіш суретке де түскен екен. Бүгінде сол рәсім көненің кө­зіндей, тарихи деректің өзіндей болып Элео­нора Шениманның үйінде сақтаулы тұр.
Өкінішке қарай, кеңес кезеңінің сола­қай саясаты салдарынан Эмма әжей зей­неткерлікке де шыға алмайды. Себебі, ол еңбектегі бар өмір жолын шаруашылық­тың колхоз болған кезінде өткізіпті де, кейін ол совхозға айналған уақытта жа­сы­ның ұлғаюына байланысты белсенді бейнеттен шет қалыпты. Ал мемлекеттік құ­рылымға жатпайтын колхоздың мүшелері болған адамдар бастапқы жылдары зей­нетақы ала алмаушы еді. Сондықтан Лори қартайған анасын өзінің қолына алып, жасы 90-ға жетіп, бақи­лыққа аттанғанынша аралықтағы 15 жыл бойына өзі балаша мәпелеп бағады.
Бұл кезде Элеонораның өзі де өсіп-өнген отбасының отанасы болып отырған еді. Ол өзі секілді жер аударылып келген­дер­дің ұрпағы – Еділ бойынан жеткен не­містің баласы Иоганға тұрмысқа шыққан. Бұлар бас қосқан бойда күйеуі колхоздың бір қора қылқұйрығын қарауы­на алып, жылқышы құрығын қолға ұс­таған. Содан бастап қырық жылдай уа­қыт отбасы елден жырақта тіршілік етті. Бұл жылдарда Иоганн да өзінің еңбек­кеш­тігімен көзге түсіп, үнемі жарыстың алдың­ғы легінен көрініп жүрді. Совхозға әкелген табыстары ұлан-ғайыр болды. Со­ның әсерінен зейнетке шыққанында, сол кездегі өлшеммен өте көп мөлшерде, 125 соммен зейнетке ілікті. Өкініштісі, бү­гінде соның эквиваленті сақталмай отыр.
Бұлар – Иоганн мен Элеонора неміс халқына тән көпбалалық дәстүрді берік сақтады. Сөйтіп, екеуі 10 бала туып-өсір­ді. Кейін тағдырдың жазуымен олардың әрбірі әр жақты қоныс етті. Айталық, ба­ла­лардың төлбасы Рудольф қазіргі күнде­рі өз отбасымен Германияда тұрып жатыр. Одан кейінгі Роза – бүгінде Өзбекстанның азаматшасы. Үшінші перзент – Клара осы Қа­рауыл ауылында тұрады. Қазаққа тұрмыс­қа шыққан. Одан басқа тағы екі қызы – алтыншы және жетінші ұрпақтары Берта мен Эмма да осы ауданның орталығында. Олар да қазақтың түтінін түтетіп отыр. Сол сияқты ата-ананың сүт кенжесі, он­ын­шы бала – Жанна да қазақтың санын кө­бейтуде. Ол осыдан бірқатар жылдар бұ­рын ауданда ұлы Абайдың 150 жылдығы тойланып жатқан күндерде Маңғыстаудан келген Самат деген жігітпен танысып, сонымен тағдырын қосқан екен. Қазір олар­дың өзінің 2 ұл, 2 қыздары бар. Демек, Ше­нимандар әулеті қазақ жұртымен төрт дүр­кін құда. Бұлардан бөлек, төртінші және бесінші балалары Лидия мен Лео, сегізінші және тоғызыншы перзенттері Лаура мен Владимир алман жерінде тұрақтап қалды.
Кезінде, 2000 жылы Иоганн мен Элеонора Германияға да осы балаларының қа­мымен амалсыздан көшкен екен. Дәлірегі, бала жасынан жарымжан болып өскен Лиданы сонда апарып емдеуге тура ке­ліпті. Неміс еліне бұрынырақ барған аға­ла­ры мен апалары емдету үшін шақырт­қан­да­рымен, оны ата-анасының қаты­су­ын­сыз шек­арадан ары өткізуге рұқсат берілмеп­ті. Балалары үшін өзектерін суырып беруге бар әке-шеше сосын жылы орындарын суытып, сол жаққа үдере көшуге мәжбүр болыпты. Шүкір, онда барғасын қызда­ры­на ем қонып, жағдайы жақсарған. Осыған әбден көздері жеткеннен кейін Иоганн мен Элеонора өздері өскен ортаға жеткенше асығыпты.
– Біз үшін Қазақстаннан артық жер жән­наты жоқ екенін бұрыннан білуші едік, онда барғасын тіпті айқын бола түс­ті, – дейді Лори апай бізбен әңгіме барысында. – Елге қайтқанша жанымыз тағат таппай жүрді. Қазақтың «Әркімнің туған жері – өзіне Мысыр шаһары» дейтіні рас екен. Жасыл желекке бөленген немістің жері қанша жерден көз тартатындай көркем болып тұрғанымен, салқар сахаралы қазақ даласы, соның ішінде, өзіміз өскен Абай ауданының аумағы бізді өзіне тартты да тұрды. Ақыры бірінші мүмкіндік болған кезде, елге алып-ұшып жеттік. Мұндағы ағайынға рахмет, келген бойымызда қайта бауырларына тартып, жай босатып берді.
– Германияда қалған балаларыңыздың немісшесі қандай еді? – деп сұраймыз біз.
– Қандай болушы еді, онда барғанша біреуі де немісше жарытып білген жоқ қой. Балалардың бәрінің тілі қазақша шықты. Олар онда жүргенде де бір-бірімен қазақша сөйлеседі. Ал немісшені енді ғана жетік меңгере бастаған сияқты. Несін айтасың, біздің тіліміз де, діліміз де, тіпті, дініміз де қазақпен бірдей болып кеткен ғой. Біздің енді неміс болуымыз қиын. Соны түсінгесін, өз ортамызға – қазағымызға жеткенше асықтық.
Қазіргі күндері қос қария – Иоганн ағай мен Элеонора апай қолдарына жиен немерелері, Берта мен Манарбектің ұлы Рүстемді алып тұрып жатыр. Өкініштісі, күйеу балалары бұдан бірнеше жыл бұ­рын қайтыс болып кетіпті. Ал Эпштейндер әулетінен жасы бүгінде тоқсанға келген ең үлкен апасы Алиса мен Лори апай екеуі ғана бар екен. Арасындағы Арнольд, Берта, Вилли, Нелли есімді бауырлары бұл күнде орталарында жоқ. Бұлар­дың ішіндегі Нелли ғана күйеуі Эрвенмен бірге Германияға кетіп, сол жақта мәңгіге тыныстап қалыпты. Қалғандары түгел Семей өңірінде өркен жайыпты.
Міне, бір әулеттің қысқаша ғана тарихы осындай. Сонау жер түбі – қияннан осы­дан жеті жыл бұрын атамекендерін аңсап жеткен Шенимандардың қазір өз отбасыларына тән проблемалары да жоқ емес. Соның бастысы, Лори апай әлі күн­ге дейін Қазақ­стан азаматтығын білдіре­тін куәлікті ала алмай отыр. Ал Иоганн ағай­ға сол құнды құжат жақында ғана келгенге ұқсайды. Олар осы куәлік қолға тиіп, азаматтық­тары қалпына келтірілген­нен кейін бұ­рын­ғы зейнетақылары да қал­пына келетін шығар деп үміттенеді. Отан­ға оралған­да­рынан кейін екі жарым жыл­ға дейін бұлар ешбір жәрдемақысыз, зей­нет­­ақысыз өмір сүрген екен. Бұлар бір кү­ні Шығыс Қазақ­стан облысының сол кез­дегі әкімі Жәні­бек Кәрібжанов ауданға ісса­пар­­мен келге­нінде жолығып, өз бас­тарын­дағы жағдай­ды айтқан көрінеді. Содан ке­йін қозғалыс болып, бұларға аз мөл­шерде болса да зейнетақы тағайын­да­ла­ды. Бұлар қоныс еткен үйдің жөндеу күтіп тұр­ғанына да біршама уақыт болып қалыпты.
– Осы шаруалар оң шешілсе, біздің бұдан артық тілейтініміз жоқ, – дейді Лори апай. Ал Иоганн ағай соңғы кезде жиі ауыра бастайтын болыпты. Демек, оған да күтім керек. Ал зейнетақы жайы оңды шешілсе, мұның бәрі ретке келетініне қанағатшыл әулет иелері бек сенімді.
Олар өздерінің Отанға оралғандарын өмірдегі басты бақыты санайды.
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы,
Абай ауданы.