Аймақтар • 08 Ақпан, 2019

Кесене: Беспақыр атауы қайдан шықты?

416 реткөрсетілді

Ұшқан құстың қанатын талдыратын сайын даланың әр пұшпағы аңызға толы. Есте жоқ ескі кезеңнен бері ел есінде жатталған тірі сөз, қанық бояудың әрі таймаған. Құлақ түрген адамға құла түздегі жалғыз жусан да сыр шертеді.

Қорғалжын ауданындағы Абай ауылының іргесіндегі Беспақыр кесенесі өңіріне кү­міс көлден самсатып мон­шақ таққан құйқалы осы өлкенің қойнауында талай сыр­ды қымтап жатыр. Нұ­ра өзенінің оң жағалауын ара­лаған адам сонадайдан көз­ге түсетін мазарға жолығар еді. Бажайлап қараса, мазарды кө­терген кірпіштің өзгешелігін байқайды. Білетіндердің айтуына қарағанда, шикі кірпіш әу баста қой сүтіне аттың қы­лы мен саз балшықты аралас­тырып соғылған. Жылқы қы­лы жылдар өтсе де тозып үзілмейтін берік, мықты. Иен даладағы желдің өтінен, қар мен жаңбырдан іріп, қай­тадан балшыққа айналып кетпей тұруының өзі кірпіш дайындаған шеберлердің өз ісінің майталман мамандар екендігін аңғартады. 

Кейінгіге жеткен аңызға қарағанда, Алаштың соң­ғы ханы – Кенесары Қасым­ұлының туының астында 1837-1847 жылдары ұлт-азаттық қиян-кескі майдан кезінде қаза тапқан бес жауынгерге топырақ осы жерден бұйырған екен. Беспақыр атануы да содан. Бесеудің ғана емес, Сарыарқаны жайлаған қалың қазақтың, тұтас Алаштың қайғысы. 

Мазардың ауқымы әжеп­тәуір. Кірер есігінің үстіңгі бөлігі сәл опырылып түскен екен. Қабырғалардың да тозып, бұзылған жерлері бар. Екі бөлмелі болып салынған мазардың құрылысы өзгеше. Шығыс жағында орналасқан есік арқылы көлемі үш метрге жуық сопақшалау бөлменің ішіне ене аласыз. Есік еңселі, биік. Ал қабырғалардың биіктігі көз мөлшерімен ал­ған­да үш метрге жуық. Ары­дағы негізгі дөңгелете салын­ған үлкен бөлмеге апаратын ойық бар. 

Жапанда жалғыз өзі қара­йып тұрған мазарға жерленген, ел үшін құрбан болған боз­дақтар тарихын зерделей зерттеген адам өз Отаны үшін опат болғандардың есімі ешқашан жоғалмайтындығын аңғарар еді. Өкпек жолаушы қобыз сарынындай күңіреніп, тұншыға шыққан үнді тыңдаса, тұла бойы еріксіз шымырлап кетер-ақ. Бұл күнде уақыт табынан мүжілгенімен, еңсесін биік сақтап қалған қаралы қайран мазар кейінгі ұрпаққа ел мен жерді қорғаудағы ерен ерлікке үндеп тұрған тәрізді.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan»

Ақмола облысы

Қорғалжын ауданы

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар