Қолы жеңіл хирург
Жұма, 13 қаңтар 2012 7:31
«Егемен Қазақстанның» Алматыдағы бөлімшесіне Сызғанов атындағы хирургиялық ғылыми орталықтың жалпы хирургия бөлімінде жатқан 64 жастағы Қаншайым Шаншарбекова мен 34 жастағы Назира Қастеева телефон шалып, екеуінің де бауырларына күрделі операция жасалып, қазір жағдайлары жақсы екенін, мүмкіндік болса өздеріне ота жасаған хирургке алғыстарын сүйіп оқитын басылымдары арқылы жеткізгілері келетінін айтқан еді. Оқырмандарымыздың өтінішін ескеріп, ғылыми орталыққа барып, бар мән-жайды өз ауыздарынан естуді жөн көрдік…
Жұма, 13 қаңтар 2012 7:31
«Егемен Қазақстанның» Алматыдағы бөлімшесіне Сызғанов атындағы хирургиялық ғылыми орталықтың жалпы хирургия бөлімінде жатқан 64 жастағы Қаншайым Шаншарбекова мен 34 жастағы Назира Қастеева телефон шалып, екеуінің де бауырларына күрделі операция жасалып, қазір жағдайлары жақсы екенін, мүмкіндік болса өздеріне ота жасаған хирургке алғыстарын сүйіп оқитын басылымдары арқылы жеткізгілері келетінін айтқан еді. Оқырмандарымыздың өтінішін ескеріп, ғылыми орталыққа барып, бар мән-жайды өз ауыздарынан естуді жөн көрдік…
– Бұғанға дейін бауырым ауырып, соншалықты мазаламаған еді. Тек қан қысымым көтеріліп, түспей қойған соң, дәрігерлер толық тексерілуімді талап етті. Лабораториялық зерттеулерде өзгеріс болмағанмен, УДЗ-ден өткенде бауырыңызда екі үлкен құрт, өтіңізде едәуір көлемде тас бар. Алдырмасаңыз, жарылып кетуі мүмкін деді. Құрт деген соң шошып кеттім, – деп Қаншайым апай болған жағдайды баяндаған. – Мына аурудың жымысқысын көрдіңіз бе, бір рет те жаныма батып ауырмады. Содан осы Сызғанов атындағы ғылыми орталыққа келдік. Сөйтіп, отаны Нұрлан Бұтабаев деген хирург жасайтын болды.
Операция үш жарым сағатқа созылыпты. Алғашқы екі күн жан сақтау бөлімінде жатып, кейін палатаға ауыстырды. «Апай, бір-екі күн кешіккенімізде, жарылып кетпек екен. Құртыңыздың бәрін алып, отқа жақтым» деді. Жаным олжа, жарық дүниені көрген соң ең алдымен Аллатағалаға, сосын дәрігерге рахметімді айтсам деген ниетпен сіздерге хабарласқан едім, – деді ол.
Қаншайым апай ұзақ жылдар Алматы облысы, Талғар ауданы, Туғанбай ауылында бас есепші, бас экономист болып қызмет жасапты. Кейде той да басқарып қоятыны бар екен. Зейнеткерлікке шыққалы немерелерін бағып-қағуда.
Апаймен бір палатада жатқан Назира Қастееваны көруге сәл кешігіппіз. Біз келгенше ол үйіне кетіпті. Жаркент қаласынан келген Назираның аяғы ауыр болса да, бауыр эхинококкына ота жасалыпты. Бүгінде денсаулығы жақсы болған соң үйіне шығарған екен. Назира да кетерінде Қаншайым апайға өзінің ризашылығын білдіруді аманат етіп кетіпті.
Нұрлан жайлы әңгімеге қанық болған соң, өзіне жолығуды жөн көріп, дәрігерлер бөліміне бардық. Салмақты, ашаң жүзді жас жігіт көзімізге бірден жылыұшырады. Көңіліміз алдамаған екен, әңгімеміз бірден жарасып кетті. Нұрланмен алдымен бауыр эхинококкы ауруының қалай, қайдан пайда болатынын сұрадық.
– Соңғы жылдары эхинококк ауруы адамдар мен жануарлар арасында өсіп отыр, – деді медицина ғылымдарының кандидаты Нұрлан Бұтабаев. – Эхинококкоз ауруын эхинококк құрты тудырады, аурудың негізгі көзі болып ит, мысық тектес жануарлар табылады. Себебі, олардың ішегінде бауыр (эхинококк) құрты өсіп жетіледі және нәжісімен қоршаған ортаға түсіп, ластайды. Құртпен ластанған шөпті жеп, суды ішкен үй жануары ауырады. Малды сойған кезде жарамсыз бауыр, өкпесін итке тастаймыз, осылай құрт жолы шеңбермен айналып жүреді.
Сондай-ақ дәрігердің айтуынша, бұл ауру бау-бақшада жұмыс істеп, малға қарағаннан соң, жеке бас тазалығын сақтамаған жағдайда адамға да жұғуы мүмкін. Адамның ішіне түскен құрт қан арқылы өкпе, бауыр тағы басқа органдарды зақымдайды. Құрт түскен жеріндегі органды жегідей жеп өсе береді де, аурудың белгілерін білдіреді. Егер құрт бауырда өссе, оң жақ бүйірі ауырып, өкпеге түссе адам жөтеліп, қан құсып, ауа жетіспей ауруы мүмкін. Құрт уақыт өткен сайын органды зақымдап, адам өміріне қауіп төндіреді. Эхинококкоз ауруын тек хирургиялық жолмен емдейді, ал дәлелді диагноз кешенді тексерулерден соң қойылады.
Эхинококктың қауіптілігі – құрт жатқан қабық жарылып кетсе, оның уы ішкі ағзаларға тарап, асқынулар болмақ. Әсіресе, ішекке, жамбас қуысына, қуыққа тарап кетуі мүмкін. Ал егер эхинококк жарылып кетсе, онда үлкен операция болады.
– Қаншайым апай дәл уақытында келген. Бауырынан он екі киста, яғни он екі құрт алдық. Әсіресе, бауырдың оң жақ бөлігінде көбірек екен. Оған қоса өтте тас болғандықтан, екі операцияны қатар жасадық. Біраз уақыт өткеннен кейін бауыр өз қалпына келеді. Бірақ, бақылауда болып, әр алты ай сайын УДЗ-ден өтіп тұрады.
«Мұндай аурулар жиі кездесе ме?» деген сауалымызға: «Өте жиі, әсіресе Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында көбірек кездеседі. Мәселен, бізде күніне бір-екі операция жасалады», – деді дәрігер.
Нұрлан 1997 жылы Семейдің мемлекеттік медицина академиясының емдеу факультетін бітірген. Аталмыш ғылыми орталықта қызмет істегеніне сегіз жыл болса, бұған дейінгі алты жыл еңбек өтілі Семейдегі жедел жәрдем ауруханасындағы хирургия бөлімінде өтіпті. Медицина ғылымдарының докторы, профессор Болатбек Баймахановтың шәкіртіне біздің де алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.