14 Қаңтар, 2012

Мақсатымыз – бірлік пен береке

473 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мақсатымыз – бірлік пен береке

Сенбі, 14 қаңтар 2012 8:26

Бұл – Маңғыстаудағы этномәдени бірлестіктер мүшелерінің нық ұстанымдары

Маңғыстау аймағы – 60-жылдары мұнай-газ кен орындарының ашылуына байланыс­ты Кеңестер Одағының түкпір-түкпірінен келген ұлттар мен ұлыстардың құтты мекені. Содан да болар сол бір кездерде өндірісті өлке­міз халықтар достығының ордасы атанды.

Сенбі, 14 қаңтар 2012 8:26

Бұл – Маңғыстаудағы этномәдени бірлестіктер мүшелерінің нық ұстанымдары

Маңғыстау аймағы – 60-жылдары мұнай-газ кен орындарының ашылуына байланыс­ты Кеңестер Одағының түкпір-түкпірінен келген ұлттар мен ұлыстардың құтты мекені. Содан да болар сол бір кездерде өндірісті өлке­міз халықтар достығының ордасы атанды. Алып құрылыстар алаңына айналған аймақ­та жаңа қалалар пайда болды. Өлкеміз елі­міз­дің негізгі экономикалық аймақтарының бірі бола бастады. Өлкеміздің жұлдызы өрге жүзіп, кемелдене түсуіне ғасырлар бойы күткен ел тәуелсіздігінің шапағатының тигізген әсері ерекше. Соның бірі ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары республикамызда алғашқы болып Ақтауда ұлттар мен ұлыстардың басын бірік­тіріп, бір мақсат-мүддеге жұмылдыруды көз­де­ген «Халық келісімі» қоғамдық бірлестігінің өмірге келуі болды.

Осы қоғамдық бір­лестіктің алғаш­қы мүшелерінің ес­те­рінде қалып, мақтан тұтып жүрер оқиға еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назар­баевтың Маңғыстауға жұмыс сапары кезінде бірлестіктің мекен-жайында болып, қолға алған жұмыстарын құптап, ақ жол тілегені. Сонда Елбасы құрметті қонақтар кітабына былай  деп жазыпты: «Келісім халықтардың бір-біріне деген сенімі мемлекетіміз үшін баға жетпес байлық. Бірлік болса алға қойған мақсатымыз орындала береді. Бірлестікті құрған азаматтарға алғыс айтамын. Сіз­дерге сәттілік, бақыт тілей­мін. Президент Н.Назарбаев 13.06.1994». Міне, содан бері қоғамдық бірлестіктің құ­рамын­­­дағы этномәдени бірлестіктер саны 7-ден басталып бүгіндері 20-ға жетті. Және де бір қуа­нарлығы – ол ұлттық орталық­тардың саны ғана емес, елге, жас ұрпаққа үлгі-өнеге болар­лықтай жұмыстарының сапасы мен мән-мазмұны да жаңа са­тыға көтерілді. Әрбір этно­мә­дени бірлестік өз ұлт­тарының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, өне­рін, мәдениеті мен тілін дамытып қана қоймай, ортақ үйі­міз қазақ елінің негізгі халқы­ның салт-дәстүрін тереңірек біліп, өнерін дәріптеп, тілін үйренуде де жүйелі жұмыс­тарды жүзеге асырып келеді. Баршамыз көріп жүргендей, облыс орталығында өтетін саяси-мәдени мерекелік іс-шараларға этномәдени бірлестіктер белсене араласады. Ол шаралардың сәнін келтіріп, салтанатын асырады. Мысалы, Ақтауда соңғы жылдары өмірге келіп, тұрғын­дардың, қонақтардың ерекше сезіммен қарсы алып, атап өтіп жүрген «Амал келді, жыл кел­ді» атты наурыз мерекесі өл­кеде тұрып өмір сүретін халық­тардың ортақ мерекесі болып отыр.
Маңғыстаулықтарға баш­құрт халқының «Сабантойы», қырғыздың ұлттық тағамы «сяк-сяк»  пен дағыстан хал­қы­ның  ұлттық асхана көрмеле­рін­дегі тәтті тағамдары да жақ­сы таныс. Әзербайжанның ән­дері, грузиндердің билері – бәрі-бәрі де ортақ үйдің ортақ қазына, байлығы болып жүр. Сайып келгенде, осының бәрі бірлікке, достыққа, бауырма­л­дыққа бастайтын, халық­тарды жақындастыра түсетін жарқын көріністер емес пе?
Жалпы деректерге қарасақ, Ақтауда алғаш армян этно­мәдени бірлестігі құрылыпты. Одан кейін «Қазақстан корей­лері ассоциациясының» филиалы, «Булгар» атты татар этно­мәдени бірлестігі, сосын Т.Шевченко атындағы украин этномәдени бірлестігі, «Вайнах» чешен-ингуш, әзербай­жан­ның «Достлуг», баш­құрт­тың «Салават», т.б. этномәдени бірлестіктері өмірге келген. Көптеген этномәдени бірлес­тік­тердің жұмыстарындағы ізгі ізденістер де құптарлық. Олай дейтініміз, олар соңғы кездері өз халықтарының  өнерін, мә­дениетін ауылдық жерлерде де насихаттап, жергілікті халық­тың салт-дәстүрімен жете танысу үшін аудан, қалаларға да барып жүр.
Сондай-ақ кейбір  этномәдени бірлестіктер жексенбілік мектептер ашып, онда балаларға өз этносының тілін, мәдениетін, салт-дәстүрімен қатар қазақ тілін оқытуды да қолға алған. Тіл демекші, Ақтауда жыл сайын «Мемлекеттік тіл – өз тілім» атты байқау өткізу дәстүр­ге айналып, оған қатысушылар саны да өсіп келеді. Ал ол бай­қауда жоғарыда айтқан жек­сенбілік мектептер жұмыс іс­тейтін этномәдени бір­лес­тік­тер­дің өкілдері жүлделі орындарды иемденіп жүр. Осы жерде бұл күндері «Халық ке­лісімі» қо­ғамдық бірлестігінің төрағасы, білікті инженер Ю.Шахшаевтың  Дағыстанның  ғана емес, әлемнің әйгілі ақын­дары­ның бірі Расул Ғамзатовтың «Ертең ана тілім жойылатын болса, мен бүгін өлуге дайынмын» деген сөзін айтып жүретіні бар. Содан болар, ол басқарған этномәдени бірлестік мемлекеттік тілге мән беруде,  өзгелерге үлгі болуда. Маңғыс­тау­дағы этно­мә­дени бір­лес­тіктер жайлы айт­қанда, «Халық келісімі» қоғам­дық бірлестігінің алғашқы төр­аға­сы, елге сыйлы ардагер-аға Жаз­дырхан Сейда­лиевтің көп жылғы еңбегі еске түседі. Аға­мыз әлі де қатарда, жастардың ақылшысы, елдің құр­меттісі. Сондай-ақ әзербайжан хал­қының өкілі, аймақ адамдары­ның сый-құрметіне бөленіп жүр­ген сексеннің сеңгіріндегі Жамиль Габибов жайлы бірер сөз.
Ол Ақтауға қоныс тепкелі 50 жыл. «Ерен еңбегі үшін» медалі­мен, «Достық» орденімен мара­пат­талған. Ақтау қаласының құр­мет­ті азаматы. Бұл күндері бір­лестіктегі ақсақалдар кеңесінің төрағасы. «Байтақ еліміздегі адам­дардың пейілі кең, жүректері толы ізгілік пен мейірім. Түрлі ұлт өкілдерінен тұратын халқы тату, ынтымақты өмір сүруде. Бұл – үлкен бақыт. Баршамыздың бақы­тымыз. Осының бәрін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланыстырамын. Ал­лаға шүкір деп балаларым мен немерелеріме осы сөзді қайталап айтып отырамын», – дейді абыз ақсақал. Ұлттық этномәдени бір­лестіктер, олардың ұлттар дос­тығы, бірлік пен татулық жолында жасап отырған жұмыстары жайлы сөз болғанда 20 жылдан бері башқұрттың «Салават» атты этномәдени бірлестігін үздіксіз басқарып келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі М.Байбулатова, корей этномә­дени  бірлестігінің төрайымы Р.Ма­денова, Т.Шевченко атын­дағы украин этномәдени бір­лес­­ті­гінің төрайымы Т.Лесниченко, қырғыздың «Ала-Тоо» этном­ә­де­ни бірлестігінің төр­аға­сы Құрбанали Ғази­беков, лезгин­нің «Самур» этно­мә­дени бір­лестігінің төр­ағасы Гаджи Селимов, чешен-ин­гуш­тың «Вайнах» этно­мәдени бірлестігінің төрағасы М.Лорсанов және басқалардың есім­де­рін құр­метпен атау ләзім.
Мұның себебі бар. Мысалы, Қ.Ғазибеков этномәдени бірлестіктің жұмысын ғана дөңгелентіп отырған жоқ. Ол – білікті агроном ретінде мұ­найлы Маңғыстау жерінде бау-бақша өнімдерін өсіруді қолға алған азамат. Ол осыдан 6-7 жыл бұрын бақ егіп, алма, өрік ағаштарын отырғызып, өнім алды. Елді егіншілікке жұ­мылдырды. Ал соңғы жылдары «Көктем» кәсіпорнына агроном болып орналасып, тә­лім­бақ өсіруді қолға алды. Бұл күндері Ақтау қаласының көшелері үшін жас шыбықтар, түрлі-түрлі ағаш көшеттері басқа жақтан емес, Құрбана­лидің бағынан әкелінуде. Қала мен әуежай аралығындағы жол жиегіндегі ағаштарда да оның қолтаңбасы бар. Аталған бақта гүлдердің де сан түрі мен жеміс ағаштары өсіп келеді. Иә, байқап қараған адам об­лыстағы этномәдени бірлес­тіктердің де жұмыстары кең қанат жайып, өз жемісін беруде екендігін анық көреді. Өйткені, көп ұлтты халқы­мыздың мақсаты, тілегі бір. Арман, мүддесі айқын. Ол – халықтар арасындағы бірлік пен береке.
Облыстағы 20 этномәдени бірлестіктегі жұмыс ел тәуел­сіздігінің 20 жылдығын атап өткен жылы ерекше есте қа­лар­лықтай болды. Тәуелсізді­гіміздің мән-маңызын, қадір-қасиетін халыққа тереңдете түсіндіру ниетімен өткен іс-шаралар көпшілік көңілінен шықты. Ең негізгісі Елбасы­ның: «Көп ұлтты ел болуымыз – біздің баға жетпес байлы­ғымыз, мақтанышымыз», деген аталы сөзі бағдар болды. Игі­лікті іс-шаралардың ар­қауы­на айналды. «Ортақ үйіміз – Қазақ­станда тұратын барлық ұлттар мен ұлыстар бірлігін, досты­ғын, татулығын тереңдету жолын­дағы жұмыс әлі де жалғаса береді. Өйткені, біздің басты мақсатымыз – бірлік пен береке, – дейді облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хат­шы­­лы­ғының мең­герушісі М.Камалов.
Иә, бақыт та ырысты, ын­ты­мағы ұйыған жерде болады. Оны Ақтаудағы этномәде­ни бірлестіктер мүшелері жү­рек­терімен ұғып, игілікті істері­мен дәлелдеп келеді.
Жоламан БОШАЛАҚ.
Ақтау.