Интеграциялық ұйымның ертеңі зор
Оны Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Асқар Бейсенбаев ашып, жүргізіп отырды. Жиында алғашқы сөз Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа берілді. Еуразиялық экономикалық одақтың сауда саясаты біздің мемлекетіміз үшін аса маңызды мәселе. Биыл Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылғанына 5 жыл және Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған Еуразиялық интеграция идеясына 25 жыл толып отыр деп бастады ол өз сөзін. Одан әрі Төраға бүгінгі таңда ЕАЭО толыққанды интеграциялық бірлестік ретінде қалыптасқанын атап өтті. ЕАЭО-ның жаһандық экономикалық байланыстардағы салмағы артып, халықаралық қоғамдастықта маңызды факторға айналып отыр. ІЖӨ-нің көлемі 2 триллионға жуық АҚШ долларын құрайтын, халқының саны 180 миллионнан асатын Еуразиялық экономикалық одақпен ынтымақтастық жасауға әлемнің кейбір мемлекеттері қызығушылық танытуда. Бүгінде Вьетнаммен арада еркін сауда аймағы құрылды. Еуразиялық экономикалық одақтың көлік-транзиттік әлеуетінен үлкен үміт күтуге болады. Аталған жобаны Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасымен ұштастырудың болашағы зор. Бұл Еуразия кеңістігіндегі сауда-экономикалық байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді, деді ол.
Одан әрі спикер ЕАЭО елдері ұйымның құқықтық базасын жетілдіру жұмыстарымен де айналысып, оның шеңберінде 20-дан астам халықаралық құжат ратификацияланғанын жеткізді. Сонымен қатар жаңа Кеден кодексінің ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға ықпал еткені айтылды. Қ.Тоқаев сыртқы ахуалда қалыптасқан қолайсыз жағдайлар мен тәуекелдерге қарамастан, ЕАЭО шеңберіндегі ішкі және сыртқы сауданың дамуында оң өзгерістер болғанын, 2018 жылғы қаңтар айынан қазан айына дейінгі аралықта Қазақстан мен ЕАЭО елдері арасындағы тауар айналымы өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 7,2 пайызға артып, 15,5 млрд АҚШ долларына жеткенін тілге тиек етті.
Одан әрі Қ.Тоқаев интеграциялық іс-әрекеттерді тереңдете түсу бағытындағы өзінің кейбір ойларын ортаға салды. Үкімет бизнес өкілдерінің назарын Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ нарығын қалыптастыру барысында ашылатын мүмкіндіктерге аударуы қажет. Алдағы уақытта құрылатын Еуразиялық экономикалық одақтың электр энергетикалық нарығының аясында Қазақстан осы саланың экспорттық әлеуетін жүзеге асыру мүмкіндігіне ие. 2025 жылға қарай Одақ шеңберінде газдың, мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығы қалыптасады. Осы бағытқа ерекше мән беріп қарағанымыз жөн. Біз ішкі нарықта жанар-жағармайдың бөлшек саудадағы бағасының өсуіне жол бермеуге тиіспіз. Одақ шеңберінде қазақстандық тауарлардың транзиті мен тасымалдануын жеңілдету үшін, сондай-ақ Одақ елдеріндегі серіктестермен байланыстарды дамыту үшін Еуразиялық экономикалық одақтың 2025 жылға дейінгі Цифрлы күн тәртібінің аясында цифрландыру саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру өте маңызды, деді ол өз сөзінде.
ЕАЭО қарышты қадамдары
Осыдан кейін Үкімет сағатында бірнеше баяндама тыңдалды. Алғашқы баяндаманы жасаған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуына қарағанда, 2018 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Қазақстанның ЕАЭО елдерімен тауар айналымы 6,2 пайызға ұлғайған, оның ішінде экспорт 10 пайызға, импорт 4,6 пайызға артқан. Осы кезеңде инвестициялар ағыны да өскен. Өткен жылдың ІІІ тоқсанының қорытындысы бойынша ЕАЭО елдерінен Қазақстан экономикасына құйылған инвестиция көлемі 31 пайызға, яғни 1,2 млрд АҚШ долларына дейін артқан.
Ынтымақтастықтар, әсіресе, өнеркәсіп, көлік, кедендік әкімшілендіру, цифрландыру және т.б. салаларда артқан. Былтырғы жылы қабылданған жаңа Кеден кодексіне сәйкес тауарларға электронды декларация жасау интеграциялық процестерді жандандыра түскен. Техникалық кедергілерді еңсеру жұмыстары да бірізділікпен жүргізілуде. Бүгінгі таңда 47 техникалық регламент біріздендірілген.
Екінші баяндаманы ЕАЭО ЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі алқа мүшесі (министр) Тимур Жақсылықов жасады. Интеграцияның маңызды міндеттерінің бірі қызметтердің еркін айналысын қамтамасыз ету. Оған қызметтерді либерализациялау арқылы еркін нарық жасағанда қол жеткізуге болатыны мәлім. Ол ЕАЭО елдерінде берілген барлық лицензиялар мен рұқсатнамалық қағаздарды әріптестері автоматты түрде танылғанда ғана мүмкін болады. Осы нарық ЕАЭО шеңберінде 2015 жылдан бері 43 секторда қолданылады. Ал 2018 жылы Мемлекет басшылары осыған тағы 9 секторды қосты. Оның үшеуі 2020 жылдан кейін ғана күшіне енеді. Қорыта айтқанда, қазір барлық қызметтердің 55 пайызы біртекті нарық режімінде еңбек етуде. Ал 2024 жылы тағы да 9 сектор қосу жоспарланып отыр. Бұл қосымша жұмыс орындарын ашуға, тұтынушыға ұсынылатын бағаның төмендеуіне және экономикалық өсімнің арта түсуіне мүмкіндік береді деді ол.
Тағы бір баяндаманы ЭК-нің Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі алқа мүшесі (министр) Марат Құсайынов жасады. Әлемдік нарықтардағы турболенттік жағдайларға қарамастан Еуразиялық экономикалық жоба қалыптасқандығын көрсетті. Қазір ЕАЭО шеңберінде мүше елдердің тауар қозғалысындағы кедергілер біртіндеп жойылып жатыр. Бұл кәсіпкерлердің көптеген нарықтарға еркін кіру мүмкіндігін ашуда. ЕАЭО бәсекелестік шарттары мен жалпы ережелері бекітілген. 2015 жылдан бастап Монополияға қарсы орган толыққанды жұмыс істеуде. Экономикалық комиссияның алдында ЕАЭО-тың трансшекаралық нарықтарындағы бәсекелестіктің жалпы қағидалары мен ережелерін сақтау, жосықсыз бәсекелестікке жол бермеу сияқты міндеттер тұр деді ол.
Одан әрі Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаеваның, «Аллюр» компаниялар бірлестігі» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьевтің және т.б. баяндамалары тыңдалды. Сенаторлар баяндамашыларға бірнеше сұрақ қойып, өздерін толғандыратын мәселелерге жауап алды. Үкімет сағатының қорытындысы бойынша Үкіметке ұсыныстар дайындалады және Сенаттың заң шығару жұмыстарында олар ескерілетін болады.
Жақсыбай САМРАТ,
«Egemen Qazaqstan»