Көлеңкелі айналымға жол бермеу, халықты қауіпсіз әрі сапалы өніммен қамтамасыз ету үшін жүйелі шаралар қолдану, өнеркәсіпті дамыту және шетелдермен сауда қатынастарын нығайту – экономиканы дамытудың басым бағыттарының бірі. Бұл мақсатқа жету үшін жаңа технологияларды қолдануды көздейтін контрафактілік және жалған өнім айналымына қарсы тұру керек. АҚШ, ЕО елдері, Бразилия, Қытай сияқты әлемнің бірқатар дамыған елдерінде сәтті қолданылып отырған тауарларды цифрлы таңбалау осындай құралдардың бірі. Әлемдік нарықта дәрілік заттар, темекі өнімдері, минералды су, алкогольсыз сусындар, азық-түлік түрлері және зияткерлік меншік нысандары осы таңбалауға кіреді.
«Ақша-кредиттік жағдайдың қатаңдауы аясында инвестициялық саясат үшін кеңістіктің тұрақты түрде қысқаруы байқалады. Осыған байланысты бізге бірлесе отырып, жаңа өсім көздерін іздеуде және қолданыстағылардың тиімділігін арттыруда ынтымақтастықты күшейту қажет. 2017 жылы Қазақстанда іске қосылған тері бұйымдарын таңбалаудың қанатқақты жобасы қазірдің өзінде айтарлықтай нәтиже көрсетіп, салық түсімін 40 пайызға арттырған. Әсіресе, Қазақстан экономикасындағы контрафактілер көлемінің 1 пайызға қысқаруы заңды бизнеске жол ашады. Тек бөлшек сауданың өзінде 100 млн доллардың тауары заңдастырылады. Осы тұрғыда ЕАЭО кеңістігінде тауарларды таңбалау мен қадағалау жүйесін енгізу өзекті бола түсуде. Біздің мақсатымыз біреу – тауар айналымын арттыру және заңды нарық құру, көлеңкелі экономика көлемін қысқарту, бәсекелестік шарттарын теңестіру, ЕАЭО аясында бизнес жүргізу. Бүгінгі кездесуде біз Еуразиялық экономикалық одақ бойынша әріптестеріміздің тәжірибесін талқылап, тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесін дамыту бойынша бұдан кейінгі қадамдарымызды пысықтап, бизнестің ұсыныстарын тыңдап, интеграция артықшылықтары туралы айтып беруге ниетті болып отырмыз. Осы бағыттағы бірлескен қадамдарымыздың көлеңкелі экономиканы қысқартып, ЕАЭО аясында бизнес жүргізуде бәсекелі жағдайлар туғызуға ықпал ететініне сенімдімін», деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.
«Қазақтелеком» АҚ АКТ қызметтері жөніндегі басқарушы директоры Бикеш Құрманғалиева тауарды цифрлық таңбалау мен қадағалау жұмыстарына өндіруші ғана жауапты болмауы тиіс екенін айтады. «Бұл өте ауқымды жүйе. Оған нарықты қалыптастырушылардың барлығы атсалысуы керек. Жақын арада тауарды таңбалауға қатысты заң шығады. Заң байқау негізінде бірыңғай операторды анықтауға мүмкіндік бермек. Оған «Қазақтелеком» да қатысады. Таңбалау тауарды сөреге түскенге дейін қадағалаумен шектелмейді. Өйткені ол ең алдымен халық үшін, экономика үшін қажет», деді ол.
Жиынға қатысқан ЕАЭО мүше мемлекеттер үкіметтерінің өкілдері, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының мүшелері, тауар өндірушілер мен ЕАЭО елдері бизнес-қоғамдастықтарының өкілдері интеграция болашағын, осы саладағы тәжірибелері мен нақты қадамдарын талқылады. Тақырыптық сессиялар кезінде қатысушылар мемлекеттік бақылау мен мемлекеттік қолдау шараларын жеңілдету, цифрлы таңбалауға көшудің қырлары туралы ақпаратты жеткізу, тәжірибемен тиімді алмасу үшін тауарларды цифрлы таңбалау мәселелері бойынша бірыңғай ақпараттық өріс құру қажеттігі жөнінде ортақ пікірге келді. Сондай-ақ қатысушылар таңбалау және қадағалауға жататын тауарлар тізбесі Үкімет деңгейінде бекітілетінін атап өтті.
Майгүл СҰЛТАН,
«Egemen Qazaqstan»