Еске сала кетейік, 2018 жылдың 12 тамызында Ақтау қаласында өткен V Каспий саммитінің барысында Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Ресей және Түрікменстан президенттері аталған Конвенцияға қол қойған болатын. Тараптардың 20 жыл бойы табандылықпен жүргізген келіссөздерінің нәтижесінде бекітілген, Елбасы «Каспий конституциясы» деп бейресми атау берген бұл құжаттың маңызы жоғары екені сөзсіз. Өйткені Каспий маңы елдерінің аймақтағы ортақ мүддесін нақтылаған, өзара ынтымақтастықтың жасампаз үлгісі саналған бұл Конвенция халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті нығайтуға, экономикалық әріптестікті одан әрі жандандыра түсуге, өңірдегі экологиялық түйткілдерді оңтайлы шешуге және басқа да көкейтесті мәселелерді еңсеруге негіз болатын әрі серпін беретін құжат. Сондықтан оның қабылдануын барлық қатысушы тараптар, халықаралық қоғамдастық тарихи оқиға ретінде қарастырады. Осы орайда Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Каспий конвенциясының қабылдануында басты рөл атқарғаны халықаралық қоғамдастық тарапынан мойындалғанын атап өткеніміз орынды.
Қатысушы мемлекеттер конвенцияны толық ратификациялағаннан кейін теңіз маңы елдерінің өзара ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтеріліп, нәтижесінде Еуразияның саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік өмірінде тың серпіліс болады деп күтілуде. Сонымен қатар бейресми түрде «Каспий конституциясы» деп аталатын осы құжат Қазақстан үшін өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етуге және сауда-экономика саласындағы мүмкіндіктерге кеңінен жол ашатындығымен құнды.
Бұдан бөлек, ол еліміздің Орталық Азия елдерімен әріптестігін, транзиттік мүмкіндіктерін арттыруға ерекше ықпал етеді. Конвенция қазақстандық теңізбен байланысты өндірістік-шаруашылық салаларына да тиімділігін көрсетіп, сауда мен туризм әлеуетін дамытуға алғышарт болып отыр. Осы орайда мұнай-газ ресурстарына қатысты жобалардан басқа, өзге де табысты жобаларды жүзеге асырудың мүмкіндіктері молая түспек.
Сонымен бірге Конвенция теңіз жағалауы елдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, түрлі төтенше жағдайлардың алдын алуда, ондағы табиғат байлығын сақтап әрі тиімді пайдалануда, өңірдің экономикалық әлеуетін күшейтуде, аймақтағы халықтың тұрмыстық-әлеуметтік мәселелерін шешуде жəне басқа да салалар бойынша маңызды рөл атқаратыны белгілі.
Тағы бір ерекше тоқтала кетер жайт, құжатты дайындау кезіндегі келіссөздерде және оны бекіту барысында бес мемлекеттің барлық талап-тілегі, мүддесі барынша есепке алынды. Бұл өз кезегінде ортақ келісімнің, тиімді уағдаластықтың жүзеге асырылғанын көрсетеді. Десек те, Каспийге қатысты негізгі құжатқа президенттер тарапынан қол қойылғанымен, алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу міндеті тұр. Бұл шаруалар Конвенция талаптарын жоғары деңгейде тиімді іске асыру жəне өңірдегі қалыптасқан серіктестіктің түрлі салаларына қатаң бақылау жасау, қауіпсіздік мәселелеріне қатысты шараларды өзара түсіністік негізінде жүргізу сынды негізгі бағыттармен тікелей байланысты.
Каспий маңы елдерінің міндеттемелері мен құқықтарына, өңірдің тыныштығына, экономикалық өркендеуіне және тұрақтылық пен орнықты дамуына мүмкіндік беретін барлық кешенді бағыттар қамтылған Каспий конвенциясының теңізде үлесі бар мемлекеттердің өзара сенімді әріптестер болуы үшін жан-жақты әрі пайдалы заңнамалық база түзетінін, сондай-ақ тараптардың көздеген ұстанымдарын анықтайтын күшке ие екенін басты назарда ұстағанымыз жөн. Сондықтан аталған құжатты Каспий теңізі өңірін бейбітшілік пен тыныштықтың, тұрақтылықтың аймағына айналдыру, қатысушы елдердің егемендігі мен территориялық тұтастығын құрметтеу, өзге мемлекеттердің әскерлерін аймаққа кіргізбеу мәселелерінде негізгі халықаралық құқықтық құрал ретінде қарастыруға әбден болады.
Жекелеген салалар бойынша айтар болсақ, Конвенция бес мемлекеттің балық аулау ісіне ерекше құқық береді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы мәселе жөнінде: «Теңіздің балық аулау аймағынан тыс бөлігі ортақ су кеңістігі болып қала береді. Мемлекеттік теңіз шекарасынан тыс аумақта Каспий жағасындағы елдердің туы бар кемелері еркін жүзе беретін болады. Басқа теңізге жəне əлемдік мұхитқа шығу еркіндігі жөніндегі уағдаластықтың маңызы зор. Əрбір мемлекет өз бөлігінің шегіндегі теңіз түбінің байлықтарына қатысты егемендік құқығын жүзеге асырады. Сондықтан теңіз түбі арқылы магистральды құбырлар мен кабельдерді жүргізу экологиялық талаптарды сақтағанда ғана мүмкін болатыны қарастырылған», деген болатын.
Негізінде Каспий айрықша экожүйесі бар су бассейні болып есептеледі. Ол теңіз деген атауға ие болғанымен, өзге теңіз-мұхиттармен ұштаспайтын тұйық су. Оның биоресурстары сыртқы экологиялық жағымсыз әсерлерге аса сезімтал болып келетін көрінеді. Сол себепті теңіздің биоалуандығын сақтауға бес ел тең дәрежеде жауапты болуы тиіс. Осы орайда Конвенция қағидаттарының орындалуы теңіздің экологиялық жүйесі мен биологиялық ресурстарының өз деңгейінде қорғалуына бар мүмкіндігінше оң әсерін тигізбек.
Құжатқа сай, тараптар ені 15 мильден аспайтын көлемде аумақтық суды белгіледі, олардың сыртқы шекарасы мемлекеттік шекара мәртебесінде болады. Аумақтық суларға он мильдік балық аулау аумағы кіреді, онда әр мемлекеттің кәсіппен айналысуға құқығы бар.
Айта кетейік, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны бұған дейін Түрікменстан парламенті ратификациялаған-ды. Енді өзге әріптес мемлекеттер де бұл бағыттағы жұмыстарды әрі қарай жалғастыруы тиіс деп ойлаймыз.
Жолдыбай БАЗАР,
«Egemen Qazaqstan»