11 Ақпан, 2019

Жүрек – есік-терезесі бар үй ме?

463 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жүрек – есік-терезесі бар үй ме?

Қызылорданың жолдары ұзақ. Ақтөбеге бір сауырын ұс­та­тып жатқан Аралдан халқы үш миллионға жуық Шымкент жақын. Тас жолдың танабын қуырып, зар еңіреп келе жатқан машинаның дыбысын жүргізуші қосқан магни­тафон­ның үні екі шайнап, бір жұтып қойған.

Құдай-ау, қазақта ән де, әнші де көп екен ғой. Жас жүргізуші­ге Шәмшінің есті әндері емес, кейінгі сөзін де, әнін де өзі жазатын, аспандағы айға созса қолы жетіп тұрғандардың «шедевр» туындылары жақын сияқты. Іш пысқан соң, сөзіне құлақ түріп көрдік.

Біреулер адам жүрегін қол басындай ет дейді. Әй, қай­дам-ау.

«Жүрегіңнен бір орын бер» деп қылғынып, жалынып жүрген Қайрат Нұртастың әні айналайын екен...

Бүгінде Қадыр мен Тұман­байды мойындамайтын, «махаббатты жазғыш» мәшһүр ақындар адам жанының моторын есік-терезесі, тіпті табалдырығы бар үй етіп алыпты. Мәтінін жадыда толық сақтап қалмасақ та, мынадай сөздерді түйіп алдық.

«Жүрегіңе келдім
Есігіңді аш, аш...», деп тепсіне­ді бір әнші. Қызға бір қы­лығы ұнамай қалған-ау. 
Тағы жазған телефонынан хабарлама жазып жатыр. Жүрегі бар қызға-ау.
Телефонымда бірлік бар,
Бірлік бар жерде тірлік бар.
Сен екеуімізге

Қорқыныш емес, мұхиттар мен құрлықтар.

Өстіп кете береді. Қорық­пайтындығы телефонында бір­лігі бар екен. Осы шіркіннің теле­­фонының аузы-мұрнынан шы­ғара бірлікке толтырып, Саха­раға апарып тастаса дейсің. 

Осындай ессіз әндерді тыңдап жүрген жастарымыз «ақын» деген қандай болады деп ойлайтын шығар.

Қазір әлеуметтік желіде қып-қызыл дау тудырған акаде­мик Ас­қар Жұмаділдаевтың «Қазаққа ақын емес, технократ керек» деге­ні­не осыдан кейін ден қоймай көр. 

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Egemen Qazaqstan»

Қызылорда облысы