Қызылорданың жолдары ұзақ. Ақтөбеге бір сауырын ұстатып жатқан Аралдан халқы үш миллионға жуық Шымкент жақын. Тас жолдың танабын қуырып, зар еңіреп келе жатқан машинаның дыбысын жүргізуші қосқан магнитафонның үні екі шайнап, бір жұтып қойған.
Құдай-ау, қазақта ән де, әнші де көп екен ғой. Жас жүргізушіге Шәмшінің есті әндері емес, кейінгі сөзін де, әнін де өзі жазатын, аспандағы айға созса қолы жетіп тұрғандардың «шедевр» туындылары жақын сияқты. Іш пысқан соң, сөзіне құлақ түріп көрдік.
Біреулер адам жүрегін қол басындай ет дейді. Әй, қайдам-ау.
«Жүрегіңнен бір орын бер» деп қылғынып, жалынып жүрген Қайрат Нұртастың әні айналайын екен...
Бүгінде Қадыр мен Тұманбайды мойындамайтын, «махаббатты жазғыш» мәшһүр ақындар адам жанының моторын есік-терезесі, тіпті табалдырығы бар үй етіп алыпты. Мәтінін жадыда толық сақтап қалмасақ та, мынадай сөздерді түйіп алдық.
«Жүрегіңе келдім
Есігіңді аш, аш...», деп тепсінеді бір әнші. Қызға бір қылығы ұнамай қалған-ау.
Тағы жазған телефонынан хабарлама жазып жатыр. Жүрегі бар қызға-ау.
Телефонымда бірлік бар,
Бірлік бар жерде тірлік бар.
Сен екеуімізге
Қорқыныш емес, мұхиттар мен құрлықтар.
Өстіп кете береді. Қорықпайтындығы телефонында бірлігі бар екен. Осы шіркіннің телефонының аузы-мұрнынан шығара бірлікке толтырып, Сахараға апарып тастаса дейсің.
Осындай ессіз әндерді тыңдап жүрген жастарымыз «ақын» деген қандай болады деп ойлайтын шығар.
Қазір әлеуметтік желіде қып-қызыл дау тудырған академик Асқар Жұмаділдаевтың «Қазаққа ақын емес, технократ керек» дегеніне осыдан кейін ден қоймай көр.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Egemen Qazaqstan»
Қызылорда облысы